Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер қаңырап тұр, ал халық аңырап жүр

Елімізде бюджеттің миллиардтары жұмсалған мемлекеттің үйлерінен мыңдаған халық тиесілі шаршы метрлерін ала алмай жүр, - деп хабарлайды КТК арнасы.

02B0E162-A484-4CDA-86EF-A39275E5DC04_cx0_cy4_cw0_mw1024_s_n_r1Фото: azattyq.org

Өйткені мердігер компаниялар Ұлттық қордан бөлінген ақшаны дұрыс игере алмаса, екіншісі пәтерлерді жартылай салып қашып кеткен. Ал, бұған жауапты «Бәйтерек» холдингі бірнеше облыста аяқсыз қалған құрылысқа еш қатысымыз жоқ деп ақталуда.

Елордада мемлекеттік бағдарламамен құрылысы 6 жыл бұрын басталған нысан қазір тұралаған. Пәтерді салып жатқан мердігермен арадағы келісім де күшін жойыпты. Енді миллиондаған қаржы жұмсалған баспана қаңырап бос тұр.

«Сыртын қаптады. Содан кейін тастады. Күнде қарап қоямын ашық-шашық солай жатады. Ешкім келген жоқ 4 жыл болды», — дейді Астана қаласының тұрғыны Тұрсынғазы Ақжолтаев.

Құрылысы тоқтаған үй 4 жыл емес, қырық жыл бойы тұралағандай. Қазір ол жерде тірі жан жоқ. Құрылыс материалдары жан-жақта шашылып жатыр. Негізінен үй бір жыл бұрын пайдалануға беріліп, тұрғындар қоныс тойын тойлауы керек болған. Бірақ құрылыстың созылғанына қарағанда пәтерін асыға күткендердің арманы жақында орындалмайтын сынды.

Армандары орындалмайтын тек астаналықтар емес. Семей, Өскемен, Орал қалаларында да мердігердің жауапсыздығынан баспана уақытылы тапсырылмаған. Сондықтан мұнда да құрылыс компанияларымен арадағы келісім жойылып, жұмыс тоқтап тұр.

Бағдарламаның былығын естіп жағасын ұстаған депутаттар құрылысқа жауаптыларды бір сыбап алды. Десе де, «Қолжетімді баспана» бағдарламасынан қаңырап қалған пәтерлерді қатырып салуы тиіс «Бәйтерек» холдингі, тұралаған баспаналарға еш қатысымыз жоқ деп өздеріне шаң жуытар емес.

«Олар «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан үйлер емес. «Қол жетімді баспана» бағдарламасының жобалары. Бірақ біз оларды жалғастырып жатырмыз. Биыл бітіреміз», — дейді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшысы Қуандық Бишімбаев.

Бірақ алты жылда тұрғызылмаған үйлердің биыл салынып бітетініне жұрт сенбейді. Ал, оларға баспанасын уақтылы салып бермеген мердігер компанияларға үлкен мөлшерде айыппұл салынбақ.

Источник: КТК