Кәсіпкерлікті қорлау емес, қолдау керек
2015 ж. 16 маусым
2432
14
«НУРИБАЛ» НЕСІМЕН ҰНАМАЙ ҚАЛДЫ?
Рахманбердиев мемлекеттік органдардың «Нурибал» және «Муслим К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмыстарына кедергі келтіріп отырғандығы жайлы айта келе, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына жазылған ашық хатын оқып берді. «Нурибал» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Есалы Ақшаловтың айтуынша бұл серіктестік сонау 1993 жылдың 8-қаңтарынан бері жұмыс істеп келе жатыр екен. Жай ғана жұмыс істемеген, ең маңызды салада – елдің ырысын еселейтін өндіріс саласында істеген. Анау-мынау емес, ҚР 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі Индустриалды- инновациялық Даму стратегиялық бағдарламасына қатысқан. Естеріңізде болса, 2010 жылы Елбасымыз «Инновация – біздің ұлттық идеямыз болуға тиіс!» деген өте орынды ұран тастаған болатын. Президентті қолдап, қоштай жөнелген министрлер мен әкімдер болмаған соң, жап-жақсы бастама жарқ етіп жанды да, жалп етіп өшуге мәжбүр болды. Президентті қолдап нақты іске кіріскен азшылықтың бірі осы «Нурибал» еді. Сөзімізге дәлел – «Нурибалдың» Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылында стратегиялық маңызға ие нысандарды салуға кіріскені. «Стратегиялық» дегенге қорғаныс нысандары деп ойлап қалмаңыздар. Бұл ауылдың, бұл аймақтың өзі тұнып тұрған стратегия. Біріншіден, мұнда тұрғындар өте тығыз орналасқан. Ауданда 300 мыңға жуық халық тұрады. Екіншіден, шекаралы аймақ. Үшіншіден, бұл ауылдың өзінде, айналасында тәжіктер көп қоныстанған. Жақында ғана осында ұлтаралық қақтығыс туып кете жаздағаны елдің есінде. Төртіншіден, жұмыссыздық бұл өңірде өршіп тұр. Ендеше, сондай ауылда бір емес, бес бірдей өндіріс ошағын ашу стратегиялық маңызға ие болмағанда қайтеді? Олар қандай ошақтар? 1.Тоқыма фабрикасы. Оның мақтадан жіп иіріп шғаратын цехтары да бар. Қасында тігін цехын салу да көзделген. Барлығы 360 адам бір мезгілде жұмыс істей алады. 2.«САРЫАҒАШАУЫЛМАШ» механикалық зауыты. Бұндағы гальваника, оттегі, балқыма құю, резина-техникалық бұйымдар, бейқалыпты құрал-жабдық құрастыру және т.б. цехтарда 680 жұмыс орны ашылады. 3.Керамика зауытында 195 адам жұмыс істейтін болады. 4.Ламинат шығаратын, мебель жасайтын, ағаш желімін өндіретін зауытқа 130 үміткер жұмысқа орналасады. Желім технологиясын меңгеретін маманды серіктестік Қытайда оқытқан екен.- Аумағы 6 гектар жылыжайда көкөніс өндіру ісі «Ынтымақ» аулының және 72 адамына жұмыс орны болар еді.
КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП ОТЫРҒАН КІМДЕР?
«Бірақ, қазыналық органдар бізге жұмыс істетер емес» дейді кәсіпкерлер. «Салық және құқық қорғау органдары бірлесе қимылдауда, дәлірек айтар болсақ сот орындарымен келісімге келіп алған олар «Нурибалдың» жұмысын шамаларының келгенінше тоқтатуға тырысып бағуда. Сол себепті біз «Әлілетті қорғау» қоғамдық ұйымынан көмек сұрауға, Астанаға арнайы келіп, журналистерге өтініш жасауға мәжбүр болдық». «Нурибалдың» жеткізушілерінің бірі «Респект Торг» ЖШС-і Қазақстанның түрлі түкпірінен құрылыс заттары мен шикізат әкеліп тұрған. «Нурибал» бұл серіктестікпен 2010 жылдың 4-тоқсанынан бері жұмыс істейді. Барлық келісімшарттар жасалған. Алған тауарлары үшін «Нурибал» әріптесімен уақтылы есеп айырысып отырған. Оның солай екенін Сарыағаш аудандық салық басқармасының 2012 жылы жасаған Актісі де, ОҚО Салық департаментінің «Нурибал» ЖШС-нің 01.01.2007 жылдан 31.12.2011 жыл арасындағы өндірістік-қаржылық есебін тексерген 28.09.2012 жылғы №183 Актісі де қуаттап тұр. Тексеру нәтижесінде ешқандай құқық немесе тәртіп бұзушылық табылмаса да, сот орындары әділетсіз шешім шығарып отырған. Бір ғана Серік Кәрім есімді судья дұрыс шешім шығарғанымен, прокуратура наразылық білдіріп, оның да күшін жойыпты. 2014 жылдың 22 қазанында ОҚО экономикалық соты Салық басқармасының «2014 ж.15 тамызындағы №5812А080001 Хабарламасының күшін жою» туралы «Нурибалдың» өтінішін қанағаттандырады. Бірақ, апелляциялық алқа ҚР Жоғарғы Сотының 2009 ж. 12 қаңтардағы Нормативтік Қаулысының «субъектіні «ЖАЛҒАН КӘСІПОРЫН» деп тануға сот қаулысымен қатар қылмыстық қудалау органының қылмыстық істі ақтауға жатпайтын негіздер бойынша тоқтату қаулысы негіз болады» деген ережесіне сүйеніп, экономикалық сот шешімінің күшін жояды. Ең қызығы, «Респект Торг» ЖШС басшыларына қатысты ешқандай сот үкімі де, қылмыстық қудалау органының қаулысы да болмапты! Салықшылар, судьялар қаржы полициясының 2013 жылы 19-ақпанда қабылданған, бірақ, кейін күші жойылған «Жалған кәсіпкерлік» туралы қаулысына сүйенеді екен. Кәсіпкерлер «Бұл қаулының 2014 ж. 3-наурызда күші жойылғанын ОҚО прокурорының міндетін уақытша атқарушы Б.Жәнібеков те, Шымкент қ., Әл-Фараби ауданының прокуроры Б.Қожабеков те, Қаржы полициясының тергеушісі К.Жамашев та, ОҚО облыстық сотының апелляциялық алқа судьясы А.Ташева да, ОҚО облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасының төрағасы З.Пірнияз да, ең ақыры ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріповтың өзі де мойындайды!»деп отыр. Осының бәрін көре отырып, «Респект Торг» ЖШС сот шешімімен «жалған кәсіпкер» деп танылмаса да, 300.00 форманың №7 және №8 қосымшаларында «Респект Торг» ЖШС-нің тауар айналымында 21 миллиард 756 миллион 857 мың 807 тенге болды деп жазылғанына қарамастан Шымкент қ., Абай ауданы Салық басқармасы өз Актінде «Респект Торг» ЖШС-нің айналымдағы қаржысы бар болғаны ... 1 миллиард 313 миллион 704 мың 242 теңге деп көрсеткеніне сүйенген экономикалық соттың 2014 жылғы 25- маусымдағы шешімімен аталмыш кәсіпорын Әділет мекемесіндегі тіркеуден алынып тасталады. Осының салдарынан өзінің әріптесімен бірлесе атқарар талай ісіне залал келіп, зиян шеккен, көптеген жоба-жоспарын іске асыра алмай қалған «Нурибал» үшінші жақ ретінде ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына бұл шешімді заңсыз деп тануды өтінгенімен, аталмыш сот 2014 жылы 27 шілдеде оны өз күшінде қалдырады. Және өз Ұйғарымында «экономикалық сот суьясы Л.Тұрғараева «Респект Торг» ЖШС-ін «банкрот деп жариялаған» дейді. Кәсіпкерлер болса «ондай сөз сот шешімінде жазылған емес!» деп күйінеді. Облыстық сот төрағасы Н.Шәріпов кассациялық алқа қаулысында «Респект Торг» жалған кәсіпкерлікпен айналысты» дейді, ешқандай құжаттарға сілтеме жасамаған ол бұны қандай негіздерге сүйеніп айтып отыр?» деген кәсіпкерлер сұрағына жауап жоқ... Бір кездері мемлекет атын жамылып нағыз рейдерлік іспен айналысқан адамдардың аты-жөні бүгінде дүйім елге белгілі. Ал, банкрот емес кәсіпорынға «жалған кәсіпкер» деген жала жабу, оны қолдан банкрот ету – сол рейдерліктің бүгінгі таңдағы жаңадан ойлап табылған, өте бір «өркениеттік», «сыпайы» түрі емес пе екен? Сонда «Кәсіпкерлікті қолдау керек!» деген ұранымыз қайда қалады?..Әлмамбет ӘЗИЗҰЛЫ
qazaquni.kz