Жамалиевтің ісі 15 маусымда жабық түрде өтеді
2015 ж. 12 маусым
1851
0
Астаналық Әліби Жұмағұловты аяусыз соққыға жыққан кәсіпкер Қайрат Жамалиевқа қатысты келесі сот отырысы жабық түрде 15 маусымда өтеді деп хабарлайды Астана арнасы.
Соққыға жығу ісі бойынша айыпталып отырған белгілі кәсіпкер Қайрат Жамалиев 11 маусымда сот алдына келген. Алғашқы сот отырысы барысында Жамалиев пен оның жүргізушісінің қорғаушылары осы істі өзге облыстың сотына тапсыруды өтінді.
Мұндай өтініштерін қорғаушылар атышулы істі отандық Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі жіті бақылауға алғанымен байланыстырып отыр. Адвокаттардың айтуынша, іс жоғарғы мекемелердің назарында болғандықтан, қалалық прокуратура іске әділ қарамауда. Десе де, Астана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотының судьясы Ербол Рахымбеков бұл өтінішті негізсіз деп, кері қайтарды.
Еске салсақ, Қайрат Жамалиевке Қылмыстық кодекстің «қылмыстық топ арқылы аса ірі көлемде бопсалау», «адамды ұрлаумен байланысты емес заңсыз бас еркінен айыру» және «күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауы» туралы баптар бойынша айып тағылған болатын. Десе де, айыпталушы алғашқы сот тыңдауында Әліби Жұмағұловты тек ұрып-соққанын мойындады.
Айтып өткеніміздей, Қайрат Жамалиевке «күш қолданып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу» туралы Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша да айып тағылған болатын. Осыған байланысты, сот істегі бір эпизодтың сексуалдық тұрпаттығын ескеріп, келесі сот отырысын жабық түрде 15 маусымда өткізу туралы шешім қабылдады.
Еске салсақ, бизнесмен әрі бірнеше компанияның иесі Қайрат Жамалиев сәуір айында ұсталып, кейін қамалған болатын. Астаналық Нұрлан Жұмағұлов 24 жастағы баласы Әлібидің аяусыз соққыға жығылғанын айтып, әлеуметтік желіге ұлының видеосы мен суреттерін жариялап, көмек сұраған жазбасы қоғамда наразы пікірлерге ұласқан-ды.
Источник: Астана телеарнасы