Тарих түйіндеген шындықтың шырқы неге бұзылады?
2015 ж. 09 маусым
2911
0
Тәуелсіздігімізге қол жеткізілгелі тарихымызды қайта таразылауға мүмкіндік алып, кемшін жерлерін толықтырып жатқан жағдайымыз бар бұл күнде. Сонымен қатар, түгендеудің, түзетудің жөні осы екен деп әркім өз ыңғайынша бұрмалауға да жол беріліп жатқаны жасырын емес. Елімізге, жерімізге қатысты тарихи деректердің өзгермей, барынша қаз қалпында сақталғаны ләзім. Өйткені төл тарихымыз бәрімізге де қайталанбас қымбат дүние.
Осыған орай, өткен жылы 30-шілдеде аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде филология ғылымының кандидаты Б. Қорғанбековтың «Тарихқа қиянат жүрмейді», республикалық «Айқын» газетінде 28-тамызда Б.Бейсенұлы мен Б.Қорғанбековтың «Қазақы танымға қайшы әрекет қашан тиылады?» атты мақалалары жарық көрген еді. Авторлардың дабыл көтеру себебі – белгілі тарихшы-археолог М.Елеуов бастаған зерттеуші ғалымдар есепке алған 2007 жылы республикалық жинақ кітабына №56 реттік санымен тіркелген, мемлекеттік комиссия арқылы бекітіліп, тарихи-мәдени мұра ретіндегі маңызы бар ескерткіштер санатына жатқызылған, Қыраш ауылдық округіндегі «Тоқтамыс қорғаны тобы» сарбаздары жерленген аядай тау басына маңғыстаулық шебер С.Назарбекұлының жерлесі Тоқтамыс Жарыұлына арнап ескерткіш орната бастауы болатын. Кейін тұрғызылған құрылысты барып көргенімізде төмендегіше жайттардың куәсі болдық. Төбенің орталық биік жеріне конус пішіндес бетоннан тұрғызылған осы ескерткіштің биіктігі 15 метрге жуық. Конустық ескерткіш құрылыстың ішкі бетіне: «Адай, Келімберді, Мұңал, Жаулы, Тоқтамыс батыр (1680-1743)» жазбалары айқышталып жазылыпты. Қандай қажеттіліктен туындағаны да белгісіз, ескерткіш құрылыстың сыртынан айнала Тоқтамыс ұлдары Бабеке мен Тілекенің, олардан тараған жеті немере ұлдарының аты-жөндері, туылған және қайтқан жылдары жазылған, биіктігі 1,5 метр болар тоғыз бетон постаменттері де орналастырылыпты. Сонда, жергілікті мемлекеттік ресми құзырлы органдардан рұқсат алмастан және мақалаларда айтылғандарды елеместен осыдан 610 жыл бұрын «Тоқтамыс қорғаны тобы» сарбаздарының мәйіттері жерленген тарихи киелі орынды бүлдіріп аяқасты етіп, С.Назарбекұлының аталғандай құрылыстар салу іс-әрекеттерін қалай түсіндіруімізге болады?
Ескерткіш тұрғызушы шебер «адай Тоқтамыс батыр сол жерде жерленіпті» деген ғылым мен ел мойындаған дәйектеменің осы кезге дейін жазбаша не ауызша деректерде ұшыраспайтынын неге ескермеген. Оның «Тоқтамыс қорғаны тобы» мазарына қатысты бұрын тарих түйіндеген шындықты алдын-ала ғылыми негізде теріске шығаруы немесе оны дәлелдеуі жөн емес пе еді.
Тарихи дерекке келсек, «Тоқтамыс қорғаны тобы» аталған орында Тоқтамыс ханның Әмір Темірге елшілікке жұмсаған қырықтан аса сарбаздары бейқам жатқанда Едігеұлы Нұрадин қолынан опат болғанын 1602 жылы ғалым Қадырғали Жалайырұлы өзінің «Жылнамалар жинағы» аталған шығармасында жазып қалдырған. Ғұлама тарихшы академик Ә.Марғұлан оған төмендегіше: «Тоқтамыс Сарайдан қашып, Шамал тарапына (Есіл өзеніне) келді. Көп уақыт ашаршылықта ғұмыр кешті. Соңынан Темірге кісі салды. Әуелі Жетім батырды, содан кейін Төбел батырды, кейін арғын Қара қожа салды (1405 ж.), өздері бірнеше нөкерлерімен Есіл бойында жатып жүрді» - деп түсіндірме берген («Тарих-и Оразмұхамед». А., 2007. – 238-б). Осы жайлы зерттеп тарихқа қалам тартқан жазушы Ж.Боранбай «Тоқтамыс Кремльге атпен кірген қаһарман хан еді» мақаласында төмендегіше жазады:
«1405-жылы Темірге Тоқтамыс ханнан елші келіп, кешірім сұраған сәлемін жеткізеді. Көреген Темір елшіні құрметпен қарсы алып, «жорықтан кейін (Дешті Қыпшақты, яғни Алтын Орданы) тағы да бағындырамын да, билігін беремін» деп уәде береді. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болып, Темір 1405 жылы ақпанның 18-де Отырарда қайтыс болады. Сол жылы көкек айының 21-де Түмен шегінде Тоқтамыс та қайтыс болады. Орыс жылнамалары бойынша Шәдібек ханның қолынан, Арабшах дерегінде Едігенің қолынан қаза болады. 1869 жылғы «Тобольские губернские ведомости» (№23) хабарлауынша жергілікті мұсылман қауым бір қорымды Тоқтамыс ханның моласы деп қадірлейді екен. Мұны Әбубәкір Диваев та айтады. Бір аңыз бойынша Тоқтамыс мүрдесі Ұлытаудың бір шоқысына жеткізіліп жерленеді екен («Мәдениет» журналы. №2. – 2015. – 33-б).
Есесіне қазақ-жоңғар соғысы жайлы В.А.Мойсеевтің («Джунгарские ханство и казахи» ХVII-XVIII в.в. А., 1991) және М.Мағауиннің («Қазақ тарихының әліппесі». А,. 1995) кітаптары деректеріне сүйеніп сөз етсек, 1743 жылдары аудан жерінде соғыс қимылдары болмаған. Үш жүздің басы қосылған 1728 жылғы Бұлантыдағы, 1730 жылғы Аңырақайдағы соғыстарда қалмақтар күйрей жеңіліп, жерімізден қуылған еді. Алайда, қазақтың бас хандығына таласқан Әбілхайыр хан сарбаздарын алып, өзінің иелік жеріне бөлініп кетеді. 1740 жылғы ақпан айында Септен қолбасы мен Лама-Доржы бастаған отыз мыңдық ойрат шерігі жерімізге басып кіреді. Бүкіл жаз бойы аумалы-төкпелі күрес үстінде екі жақ та көп шығынға ұшырайды. Осы кезеңдегі жазда 200 ғана сарбазбен шолғынға шыққан Абылай сұлтанды жоңғарлар тұтқынға түсіреді. Түркістанда хандық құрған Әбілмәмбет хан одан әрі соғыс қимылдарын тоқтатып келіссөздер жүргізеді. Ол, 1743 жылы 90 кісіден құралған елшілік жұмсап, өз баласы Әбілпейізді және Барақтың ұлы Шығайды кепілдікке беріп, Абылайды тұтқыннан босаттырып алғаны да белгілі. Елшіліктер алмасып, сый-сияпат жасап тұрған осы кезеңдерде соғыс қимылдарын жүргізу тұтқындағылар өмірі үшін қауіпті екені түсінікті.
«Тоқтамыс қорғаны тобы» аталған орынды меншіктейтін аңыз жерлесіміз Ш.Әшімұлының «Тоқтамыс батыр» әңгімесінде де баяндалады («Сыр ғұламалары», Ш. 2002., 179-183 б). Автордың Құлақметұлы Абдуап, Бегентайұлы Әлиакбар қариялар, Байдалының Ысқағы мен Ахметұлы Сақымбектің айтулары бойынша жазып алған әпсанасында қысқаша айтқанда төмендегіше әңгімеленеді.
Сығанақ қаласында ғұмыр кешкен Тоқтамыс атты палуан жігіт (әке-шеше, туыстарының аты-жөні белгісіз) ханмен бірге бір айдай уақыт серуенге шығып, қайтып келсе үйі-іші туысқандарымен бірге белгісіз жаққа көшіп кетіпті. Тоқтамыс оларды іздеп Бұқара қаласына дейін барады. Бірнеше жерде палуандық күреске түсіп жеңіске жетеді. Ең соңында Түркістан қаласындағы бай-саудагер өзбектің үйінде жүріп, оның қызына үйленеді. Өзбек атасы Тоқтамысты отбасы және мал-мүлкімен Қыраштың шығысындағы бұлақ басына көшіріп әкеліп қоныстандырады. Ертегі іспеттес осы баяндаулар бойынша сол маңда Тоқтамыс тұрғызған мешіт үйі де болыпты.
Жазушы М.Мағауин 200 жылдық қазақ-қалмақ соғыстары кезінде елін, жерін жаудан қорғаған айрықша 42 батырдың аты-жөнін атап өтіпті. Арасында Тоқтамыс аты аталмайды. Осы орайда төмендегіше жазады: «Біздің өткен тарихты тану жолындағы ең үлкен дертіміз – ақтаңдақтар емес, қолдан жасалған бояма боз таңдақтар. Біз шын болған, тарихта бар батырларымыздың көбінің есімін ғана білеміз немесе мүлде білмейміз; керісінше, өмірде болған-болмағаны күмәнді, болса ол кезде жасамаған, жасалса жау шапқан ерлігі де, жұрт ұстаған билігі де шамалы кездейсоқ бейнелерді ұлт батыры деңгейіне шығарамыз деп арам тер болып жатқан жағдайымыз да бар. Бұрынғы жалтақ тарихтың орнына енді жалған тарих келе жатыр» («Қазақ тарихының әліппесі», А., 1995., 128-б). Осыған қосып айтарымыз жоқ. Тек айтарымыз, қорғауға алынуға жататын тарихи-мәдени мұра ретіндегі киелі орынды аяқасты етіп бүлдірген іс-әрекеттерге мемлекеттік ресми құзырлы орындардың бей-жай қараулары түсініксіз болып отыр.
Жасұзақ АМАНБАЙҰЛЫ, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері Жаңақорған ауданы Қызылорда облысы
"Қазақ үні" газеті