Министрдің тапқырлығы таңқалдырды
2015 ж. 04 маусым
2171
2
Ауызша есеп бергеннен, көзбен көріп, қолмен ұстаған өтімді болады деп есептегендіктен бе, Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев отандық өндірушілерді ертіп келіп, бар тауарларды тура Парламенттің ішінде депутаттардың алдына жайып тастады.
Мұндай сирек соғатын мүмкіндікті пайдаланып қалған депутаттар бар шаруаларын ысырып қойып, киім-кешек қарауға кірісті. Қыз-келіншектердің көздері бірден сәнді бас киімдер мен қызыл-жасыл көйлектерге түсті. Ал, ер-азаматтар бешпет-шалбарларды айналсоқтады. Шынында бұл тауардың бәрі Қазақстанда жасалған. Әсет Исекешев еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстар мен жетістіктерін нақты дәлелдермен таныстырды. Тігін фабрикаларының басшылары жұртты толық отандық киіммен киіндірудің жолын тауыпты. Ол үшін 10 жылға арналған стартегиялық бағдарламалары да бар көрінеді. Бірақ, тауарлар көздің жауын алғанмен депутаттар бүгінгі көрмеге көңілдері толмағандарын білдірді. Айтуларынша, тауардың түрлері тым аз. Сөйтіп мәжілісмендер өзі тек Қазақстанда жасалған киім киемін деп мақтанған Исекешовтің шарықтаған көңілін су сепкендей етіп басты.
-Бүгін мен бір де аяқ киім көрмедім. Сіз қайдан алып кидіңіз? Біздің де алғымыз келеді. Мен де отандық аяқ киімді кигім келеді. Мен де өзіміздің іш киім киюді армандаймын. Мынау ұят қой, қазіргі ІЖӨ-нің бір пайызына да жетпейді өндіріп отырған өніміміз, - деді депутат Омархан Өксікбаев. Ия, депутаттың сұрағы да орынсыз емес. Дегенмен бұл жолғы отырыс Парламент тарихының төрінен орын аларысөзсіз. Министрдің кәсіпкрлерді ертіп келіп көрме ұйымдастырғанының өзі неге тұрады. Өтірік есеп пен құрғақ сөзге қарағанда анағұрлым ұтымды шықанын еркше атап өткеніміз жөн және Исекешевті «Тұңғыш тапқыр министр» деген атауға да лайықты дер едік.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті