Жемқорлықты неге жоя алмай отырмыз?
2015 ж. 02 маусым
2724
4
Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров парамен байып жатқан лауазымды шенеуніктердің заңды белінен басып, қылмыстық жолмен айына қанша табыс табатынын айтты. Жемқорлармен күресетін орган басшысы атқамінерлердің өздері басқаратын қылмыстық топтардың барлық саланы жемтікке айналдырғанын жасырған жоқ. Әсіресе, бюджетке миллиардтап кіріс түсіруге тиісті кеденде былық көп екеніне баса назар аударды.
– Кеден саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты да ауыздықтай алмай отырмыз. Кеден бекеттерінде 5 мыңнан бастап, айына 2-3 миллион долларға дейін пара алатын мемлекеттік қызметкерлер бар. Бұл – шетелдіктердің, туристер мен көршілеріміздің алдында Қазақстанның беделіне келіп жатқан зор нұқсан, – деді Қайрат Қожамжаров.
Әрине, Қайрат Қожамжаровтың бұл пікіріне қарсы шығу мүмкін емес. Қолында арнайы құзыры мен нақты деректері бар жоғары шенді шенеуніктің мәлімдемесіне бәріміз сенеміз. Қоғамдағы орын алып жатқан қылмысты көпшілік те күнделікті көріп жүр. Былайша айтқанда жұрт үшін бұл жаңалық емес. Мәселе сол жемқорларды көре тұра, қанша пара алып жатқанын біле тұра оларды неге ұстап жазаламайтынымызда болып отыр емес пе? Экономикалық қылмысты ашатын арнайы құқық Қожамжаров басқаратын салаға және әділ бағасын беру сот орындарына жүктелген. Қарапайым тілмен айтқанда олардың кезкелген жемқорды желкесінен ұстап, заң бойынша жазалауға толық мүмкіндіктері бар. Елбасының өзі ордалы жиындарда және Қожамжаровты шақырып алып, жеке өзіне бұл жөніндетапсырма бергенін де білеміз. Олай болса Президент тапсырмасы неге орындалмайды?Шенеуніктің мына мәлімдемесіне қарасақ қолында деректер мен айғақтар жеткілікті сияқты, бірақ соған қарамастан шарасыз күйде отырғандай болып көрінді бізге. Қожамжаровтың қолын кім байлап отыр?
Параның көлемі 3 миллион долларға жетті деген мәлімет арнайы отырыстағы «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес мүшелерін қатты шошытты деп жазды кейбір басылымдар. Сонда қалай, олар біздегі жемқорлықтың баяғыда терең тамыр жайғанын білмегені ме? Мүмкін емес, бұл өтірік көлгірсу.Қазір елімізде құлқыны кең шенеуніктердің жемқорлық жолмен тапқан табысы сағат санап өсуде. Оған жүздеген мысал келтіруге болады. Халық есебінен байығандардың төленген салығы немесе декларациясы арқылы оның миллиардтаған соманы қалай тапқанын анықтау қиын емес. Тексерудің басқа да жолдары жетіп жатыр, құқық қорғау орындарына оны үйретудің қажеті жоқ шығар. Аталмыш кеңесте бюджет ақшасын ұрлайтындарды абақтыға жай ғана жабумен жемқорлықтың азаймайтынын айтқандар енді жазаны барынша күшейту туралы бастама көтерді.
– Бізде шенеуніктерді жауапқа тартудың тәртібі мен механизмі мүлдем жоқ. Егер облыс, аудан, ауыл басшылары мемлекеттік бағдарламаны құрдымға жіберсе, не ұрлық жасаса бар болғаны жұмыстан шығарып жібереміз. Ал, келген шығынға ешкім жауап бермейді. Біз осы мәселені шешуіміз керек,-деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.
Біздіңше елімізде ұсыныс та, бағдарлама да көп, бірінен соң бірін қабылдап жатырмыз. Бірақ, оның орындалуы көрсеткіші өте төмен. Шынын айтсақ, сол ережелер іске аспайды. Оған не кедергі болып отыр? Міне, алдымен осы мәселенің басын ашып алуымыз қажет.
Билік пен ресми орындардың бұған не дейтінін білмейміз, ал қарапайым адамдардың осы мәселеге байланысты өз болжамдары бар. Алдымен кеден туралы. Әдетте кеден басшысы ауысқан сайын бұл салада салық та, алатын пара көлемі де көтеріледі. Шетелден ұят болғаны рас, бірақ, бұл өзіміздің қатардағы тұтынушыларымызды тонау. Өйткені кеден салығы көтерілсе тауар бағасы да шарықтайтыны түсінікті. Кәсіпкерлер кедендегілерге пара берсе де сол шығынды толтыру үшін бағаны көтеруге мәжбүр. Қожамжаровтың«Атқамінерлер басқаратын қылмыстық топтар барлық саланы жемтікке айналдырған» дегені де айна-қатесіз ақиқат. Яғни, жең ұшынан жалғасқан қылмыс жоғарыдан бастап төменгі сатыға дейін жайлап алған. Қазақтың «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегені рас болса, барлық сала басшылары бір-бірімен шырмауықша шырмалып қалған. Олардың көбісі жоғарғы орындарда ондаған жылдар отыр. Басқа білікті маман табылмағандай бір қызметтен алып, екінші орынға отырғызамыз. Бір сөзбен айтқанда тамырын тереңге жібергендердің қазір мұртын балта шаппайды. Олар бір-бірінің қылмысын аша алмайды, өйткені өздері де былыққа белшесінен батып отыр. Демек тұйық шеңбер қалыптасқан, оның ұстар ұшын да таба алмайсыз. Тек қана ішкі «ойын ережесін» бұзғандарды және сол қызмет басқа бір адамға аса қажет болып қалғанда ғана өздері ұстап бере салады. Немесе біздегі рулық, жүздік, жерлестік топтардың қақтығысы кезінде қылмыстар ашылып қалатыны бар. Сөйтіп «жемқорлықпен күрес» жоспарына ұпай қосқан болып шығады. Оған дейін оларды жау да алмайды дейді көпшілік.
Ал түптеп келгенде бізде жемқорлыққа қарсы күрестің аты бар да заты жоқ. Бар мәселені ақшаға тіреп қойған капиталистік жүйеде жемқорлықты жою өте қиын. Бір ғана жазалау әдісімен түпкілікті жеңіске жете алмаймыз. Ең бастысы, дұрыс бағыттағы идеологиялық жұмыс қажет. Жай ғана емес, ұлттық идеология керек! Басқасын айтпаған күннің өзінде, қазақ атамыздың «Біреудің ала жібін аттама» деген қағидасын бала кезден құлағымызға құйып, ар мен намыстың ақшадан әлдеқайда қымбат екенін санамызға сіңіру қажет. Материалдық емес, рухани байлықтарды бірінші қатарға шығатындай жағдай қалыптастырғанымыз жөн. Бұған бүкіл қоғам мүшелері атсалысуға міндетті. Ал біздегі қоғам мүшелерінің өзіне тәрбие жетіспей жатыр. Бес жастағы баладан, еңкейген кәріге дейінгінің ойында қазір тек қана ақша, тек қана байлық. Қазір бізде бәрі бар, ешкім аштан өліп жатқан жоқ. Сонда не жетпей жатыр бізге? «Кедей - бай болсам, бай - құдай болсам» деген көзтоймастық санамызға сіңіп кеткен. Бұдан кейін қолында қыруар билігі бар шенеуніктерге кінә артудың өзі артық.
Екіншіден, халықтың еңсесі езіліп бойкүйездікке ұрынған, қылмысты көріп тұрса да үндемейді, өз елінің тағдырына енжар қарайды. Бәрін билік атқаруға міндетті деген теріс пікір қалыптасқан, бұқараның белсенділігі тым төмен. Әрине, мұндай жағдайда билік білгенін істейді. Өйткені Үкімет халықтан, халық биліктен бөлініп кеткен, екеуі екі дүниеде өмір сүріп жатыр. Оның үстіне қоғамдағы келеңсіз көріністерді айтқысы келген бірді-екілі шағын топ шыға қалса, ұстап қамайтын жаман әдет бар бізде. Билік оларға оппозиция деген атақ беріп, өздеріне жау санайды. Сонда олар шеттен келгендер ме? Жоқ олар да өзіміздің адамдар, олар да еліміздің дамығанын көргісі келеді. Керісінше олар айтқан құнды пікірді талқылап, шара қолданғанымыз дұрыс болар еді. Міне, осының бәрі әлсіз идеологияның салдары. Алдағы уақытта дұрыс идеология жүргізбесек етек алған қылмыстың бір емес, біз әлі бірнеше түрін көретін боламыз.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті