Киіктер неге қырылып жатыр?
2015 ж. 02 маусым
3302
1
Қостанай облысы Аманкелді, Жанкелдин аудандары аумағына орналасқан «Алтын дала» табиғи қорығында мыңдаған киік қырылуда. Дәл төл өргізетін уақытта олардың белгісіз аурудан құлауы түсініксіз. Облыс басшысы барлық ветеринарлық қызметті, санэпидемстанция қызметкерлерін осы екі аудан төңірегіне жұмылдырғанымен киіктердің қырылуы толастар емес. Он алты мың гектар жерді бақылау оңай жұмыс емес, бірақ бүгінге дейін Ауылшаруашылық минстрлігі тарапынан нақты шара қолданылмағаны қалай? Бар болғаны Англия, Германия, Франция мен Ресейден арнайы мамандар шақырылғанын естідік. Олар да нақты ештеңе айта алар емес.
Қазақ атамыз киелі деп санаған аңның қырылу аумағы ұлғайып, Ақмола мен Ақтөбе облыстарын да қамтып, соңғы деректерге қарағанда 120 мыңнан асып кетіпті. Деректерге қарағанда әлемдегі киіктердің тоқсан пайызы біздің елге тиесілі екен. Ұлы даламыздың сәні мен символы болып табылатын киіктердің жартысына жуығын жоғалтып алдық. Осылай жалғаса берсе «Қызыл кітапқа» енген бұл түз тағысынан аша тұяқ қалмауы мүмкін. Жеріне «протон» мен зымырандардың қалдығы құлайтын, тозаңы шыққан Торғай жері қан сасуда. Абырой болғанда күн салқындап тұр, әйтпесе көміліп үлгермен өлекселер қаншама ауру таратар еді. Халық небір себептерді айтқанымен, мамандар «пастерреллез» ауруы деуден танар емес, сонда оның емі жоқ па? Жердегі шөптің әбден радияциялануы мен ақбөкендердің мүйізіне бола қастандық жасалып отыр деген пікірлер басым. Құс тұмауын, т.б. ауруларды да ойлап тапқан адам екенін ескерсек, ол да болуы мүмкін. Шұғыл түрде шара қолданбасақ ертеңгі ұрпағымыз даламыздың сәнін келтірген киіктерді тек кинодан көріп, суретін ғана тамашалайтын болады.
Мына «Құралайдың салқыны» деп аталатын өліара шақ «киік қырылған» деген атақпен алмасқаны барша халықты қамықтырып, қынжылтуда. «Ақ жол», «Нұр Отан» және басқа да партиялардан тез арада Үкіметке сұрау салып, шұғыл шара қолдануын өтінеміз!
Сүгірбай НҰРМАН Арқалық қаласы