Министрдің қатесі «түзелді», ҰБТ-дағы өзгеріс не береді?
2015 ж. 20 мамыр
4641
3
Биылғы оқу жылы аяқталар шақта, жұрттың назары түгелдей ҰБТ-ға ауған кезде білім саласында біз күтпеген екі бірдей жаңалық бұрқ ете қалды. Біріншісі, бас ұстаздың өз фейсбук парақшасында жіберген қателігі болса, екіншісі, атышулы ҰБТ-ға қатысты енгізілген өзгерістер. Енді осы екі тақырып төңірегінде ой тарқатып көрелік...
БІЛІМ МИНИСТРІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ НЕГЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ?
Күні кеше әлеуметтік желіде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің фейсбук парақшасындағы жазбасында жіберген қателіктері қызу талқыланды. Мәселенің мәнісіне көз жеткізу үшін біз де бас ұстаздың жеке парақшасына кіріп көруді жөн санадық. Әйтсе де фейсбуктен «Аслан Сәрінжіпов» деп іздегенімізде, бұ кісі туралы еш дерек кезікпеді. Есесіне,«Аслан Саринжипов» деп орыс тілінде іздеу арқылы ғана білім министрінің парақшасына кіруге мүмкіндік алдық. Үлкен сала жетекшісінің ана тіліне деген құрметінің қаншалықты екенін осыдан-ақ аңғаруға болатындай. Қош. Сонымен 13-мамыр күні «Аслан Саринжипов» мырза өзінің фейсбуктегі жеке парақшасына «Аулдағы атамыз 100 жылға толды. Ұстаз, мектептін директоры болған. Поздравляем со 100 летним юбилеем аташку, учителя сельской школы» деген жазба қалдырыпты. Мұны оқыған көзі қарақты оқырман «айқайлап» тұрған әріптік қателерді әп-сәтте-ақ тауып, министрдің қай жерден мүлт кеткенін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Яғни, жоғарыда келтірілген сөйлемдегі: «аулдағы» сөзінің ауылдағы болып, «мектептін» емес, мектептің деп, сондай-ақ, адам «100 жылға» емес, 100 жасқа толады деп түзетті фейсбук тұтынушылары. Сол, сол-ақ, екен А.Сәрінжіповтің парақшасындағы қате жазба «Ауылдағы атамыз 100 жасқа толды. Ұстаз, мектептің директоры болған. Поздравляем со 100 летним юбилеем аташку, учителя сельской школы» деп «түзетілді». Қарап отырсақ, бір құттықтауға жазылғаны үш сөйлем. Онда да, оның екеуі – қазақ, біреуі орыс тілінде. Қазақ тіліндегі екі сөйлемде 3 қате кеткен. Бас ұстазымыз қате жіберіп жатса, өзгелерге қалай өкпелейміз? Әдетте, білім саласында қандай да бір кемшілік орын алса түзетілер, қандай да бір шара қолданар деген үмітпен «Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің назарына» деп жазушы едік. Шыны керек, бұл жолы «апам да аң таң, мен де аң таңның» керін киіп қалғанымызды жасыра алмаймыз. Әсілі, «ет сасыса, тұз себесің, тұз сасыса не себесің?» деген сөз осындайда айтылса керек-ті. Аслан мырзаның парақшасындағы осы қателікке қатысты оқырмандар әртүрлі көзқарастарын білдіріп жатты. Мәселен, Зәуре Зақан: «Құдай-ау, Аслан мырза, сіз мұғалім, директор емес, білдей министрсіз ғой! Екі сөйлеміңізде үш қате жүр. Телефоныңыздың түймелерін дәу саусақтарыңызбен шұқығанда абайсызда қате басылып кеткен деп жұбатып отырмын өзімді. Мынаны мектеп жасындағы балам көрмесін» депті. Осылайша әркім әртүрлі жорамал айтып жатқанда, араға 3 күн уақыт салып, министр мырза өз оқырмандарынан кешірім сұрады. «Менің атымнан фейсбук парақшамда жазба қалдырған адамдардың қате жібергені үшін кешірім сұраймын. Қателерді түзедік. Фейсбук оқитын адамдардың сауаттылық деңгейлерінің жоғары екендігіне қуанып қалдық. Жаңалықтардан хабардар болып отырыңыздар. Рахмет!» – делінген жазбада. Сондай-ақ, министр жазбасында өзінің көңіл-күйінің жақсы екендігін білдіретін «смайлик» қалдыруды да ұмытпапты. Әдетте, қате жіберген адам ұялуы керек сияқты еді, ал бұл кісіден ондайды байқай алмадық.Тағы байқағанымыз – кешірімді бірінші орыс тілінде, одан соң барып қазақ тілінде сұрапты. Ана тілінде де жазылуы керек екені есіне түскеніне де шүкірлік еттік... Қателер министрдің парақшасына жауапты қызметкердің жауапсыздығынан кетіпті делік. Ал, оны түзеген министр, құттықтаудағы үш сөйлемді де қазақшалап жібергенде төбеміз көкке жеткенше қуанар едік. Тек бұл жерде министр енгізген «түзетуге» де түзетудің керек болып тұрғаны көңілімізді құлазытады. Қазақтың 100 жасқа толып отырған қазыналы қариясына қазақтың жалпақ тілінде ақ тілекті ақтарса, қандай жарасымды болар еді! Жоғарыда келтірілген орыс тіліндегі соңғы сөйлемді «100 жылдық мерейлі мерекесімен атамызды және ауылдағы мектеп мұғалімдерін құттықтаймыз!» деп таза қазақ тілінде түйіндесе әлдеқайда шынайы шыққан болар еді бұл тілек. Иә, жоғарыдағы пікір білдірушілер айтқандай, Білім министрінің бұл жазбасын әсіресе мектеп оқушылары оқымай-ақ қойсын. Оқыса, қазақша мен орысшаны араластырып, осылайша сөйлей беруге болады екен деген ой түйіп қалуы да ғажап емес. Қазақ тіліне Білім және ғылым министрі қырын қараған соң, оның ізінен ерген директорлар, мұғалімдер, студенттер, оқушылардан «қазақ тілінде сөйлеңдер, қазақ тілін құрметтеңдер» деп қалай айта аламыз? Бас ұстазымыз осындай өрескел қателіктерге жол беріп жатқанда білім саласының көсегесі қалай көгермек?ҰБТ НӘТИЖЕСІН ҚҰПИЯ САҚТАУ АРҚЫЛЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ АШЫП БЕРМЕЙМІЗ БЕ?
Естеріңізде болса осыдан бір ай бұрын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев білім беру саласын дамыту мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізген еді. Кеңесте 2014 жылы ҰБТ-ның ұйымдастырылуындағы кемшіліктерді және де осы саладағы өзге де олқылықтардың орнын қысқа мерзімде толтырудың қажеттігі ескертілді. Сол, сол-ақ, екен, Ұлттық бірыңғай тестілеудің өтуіне санаулы күн қалғанда Білім министрлігінің белді өкілдерінің қатысуымен брифинг өтіп, министрлік жаңа реформаны жұртшылық назарына жайып салды. Биылғы жылы 124 346 оқушы мектеп бітірсе, олардың 84 248-і қазақ, 40 062-сі орыс мектебін аяқтамақ. Ұлттық бірыңғай тестілеуді 79 мыңға жуық түлек тапсырады деп күтілуде. Яғни, олардың әрбірі, алдағы сынақты қайтіп тапсырамыз деп алаңдап жүргені айтпаса да түсінікті. Жаңа реформаның жағымды тұсы – биылдан бастап, түлектердің аттестатына баға мен ҰБТ балының орташа арифметикалық мәнінің қойылатындығы. Мәселен, оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуден «3»-ке сәйкес балл алса, онда аттестатқа мектептегі жоғары үлгерімін ескере отырып, «4» деген баға қойылмақ. Жаңа жүйе бойынша «үздік» оқитындардың да еңбегі ескерусіз қалмайды. Яғни, мектепте өте жоғары көрсеткіш көрсетіп жүріп, тест нәтижесі бойынша «4» алса, онда оқушының жыл бойғы білімі ескеріліп, оның аттестатының орташа балы 4,5 болмақ. Яғни, нәтижесінде түлек жоғарғы баға «5-ке» лайық деп танылмақ. Бірақ, бұл ереженің «Алтын белгі» үміткерлеріне қатысы жоқ. Яғни, олар өзінің білімін ҰБТ-да көрсете білуі шарт. Олардың аттестатына Ұлттық бірыңғай тестілеуден алған бағасы қойылмақ. Бұл жаңалық ата-аналардың да, талапкерлердің де көңілін бір серпілтіп тастағандай. Сондай-ақ, жиын барысында Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов: «Биылғы жылы өзгерістер енгізіліп, мектеп бітіруші түлектердің аты-жөндері мен олардың тест нәтижелері бұрынғыдай ілінбейді. Олар жеке сәйкестендірілген нөмірлермен алмастырылады, сондай-ақ тест тапсырушының жеке сәйкестендірілген нөмірлері пайдаланылады және олар тест тапсырардың алдында беріледі» - деді. Түлектердің жиған балының құпия түрде сақталуы ата-аналардың, ұстаздардың талап-тілектері бойынша жүзеге асып отырғандығын жеткізді комитет төрағасы. Жыл сайын сынақ тапсыру кезінде дүрбелеңнің орын алатындығы да осы жариялылықтың салдарынан екен. Яғни, «жабулы қазан, жабулы күйінде қалса», сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болатынға ұқсайды. «Біреу оқып, білім алады. Екіншісі оның жанында отырып, түк бітірмесе де тестті сәтті тапсырып, жақсы ұпай жинаған болып тұрады. Бұл оқушылар арасында үлкен қобалжу тудырады» деді комитет төрағасы өз сөзінде. Тестілеу барысында бірінің бағы, екіншісінің бабы шауып кететіндігін министрлік өкілдерінің өздері де жасырмайды. Бірақ, сонда да, білімді бағалаудың тиімді тәсілі ретінде тест қолданылуда. Министрлік өкілдерінің сөзіне сенсек, бұл әдісті қолданып отырған жалғыз біздің ел емес, бүкіл әлем елдерінде тест тапсырмаларының нәтижелері жеке адамға ғана тиесілі екен. Мұндай құпиялылықтың аяғы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа ұласып кетпесе жарар еді деген күдік те жоқ емес бүгінгі жұрттың көкейінде. Әйтеуір, бұл құпиялылық онсыз да басы даудан арылмайтын білім саласының беделін одан әрі түсірмесе болғаны. Әдеттегідей, биыл да Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-да пәндерге қатысы жоқ көлденең сұрақтар кездеспейді деп сендірді. Жаңа жүйе қолданысқа еніп, дау-дамайдың бәрі артта қалатынына, көңілі күпті жұрт әлі де сеніңкіремейді. Жұртты сенделтіп қоятын кезекті бір реформалардың бірі ретінде қарайтындар да баршылық. Алдын ала, жорамал жасаудың қажеті жоқ шығар, бәрін де уақыт көрсете жатар...Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
"Қазақ үні" газеті