Шетелдік банктердегі құпия шоттардың қазақстандық иелері кімдер?

272536   «Ақ жол» ҚДП «HSBC» банкі швейцарлық бөлімшесінен табылған құпия шоттардың қазақстандық иегерлерінің аттарын жария етуді талап етті. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында Азат Перуашев мәлімдеді. Фракцияның депутаттық сауалы Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың атына жіберілді. Жемқорлықпен күрес – «Ақ жол» партиясының басымды бағыттарының бірі, оның парламенттік фракциясы оффшорсыздандыру мәселесін өздерінің депутаттық сауалдарында 2013 жылдың 5-наурызында, 3-сәуірінде, 25-қыр­кү­йегінде, 2014 жылдың 16-сәуірінде – барлығы 10 шақ­ты рет көтерді. Бұл жолғы сауалда Consortium of Investigative Journalists журналистік зерттеу Халықаралық қауымдас­тығының мәліметтері келтіріл­ген, оған сәйкес Қазақстаннан оффшорлық аймақтарға 2011 жылы шығарылған қара­жат сомасы 138 млрд. доллардан асып кеткен. Ағымдағы жылдың ақпан айында дәл осы ұйым «HSBC» банкінің швейцарлық бөлімшесінде бұрын мұқият жасырылып келген мыңдаған құпия шоттар табылғандығын хабарлады. Ұлыбританияның Қаржы министрлігінің ресми ақпараты бойынша бұл елдің құқық қорғау органдары бай клиенттерге салықтан қашуына көмек болған «HSBC» банкіндегі құпия деректерді тексеруді бастады. Алаяқтықтың жалпы сомасы 180 миллиардтан астам еуроны құрады. Баспасөзде хабарлағандай, Қазақстанның 82 азаматына тиесілі 251 банктік шот табылды. Соның екеуі – белгілі бизнесмендер, алайда көрсетілген банктегі қалған 80 шот иелері аталмаған. Бұл шоттарда барлығы 435 миллион доллар болған. Ең ақшасы көп клиенттің 145 миллион доллары бар көрінеді. «Бүгінде бұл қаражаттардың басқа мемлекеттің пайдасына тәркілену қаупі бар, - деп атап өтті Азат Перуашев. – Бұған байланысты мынаны анықтау маңызды – бұл шоттар атап айтқанда кімге тиесілі және олардың шыққан тегі заңды болып табыла ма? Егер де бұл қаржылардың жемқорлыққа қатысты күдіктенуге негізі бар болса (мысалы, сәйкеспейтін мөлшердегі жалақысы бар шенеуніктерге тиесілі болса), онда оларды алып, Қазақстан Республикасының пайдасына қайтаруға тырысу керек». «Ақ жол» елімізден заңсыз шығарылған қаражаттарды қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар қаражаттарды шет елдерде жасырмай, отандық экономикаға инвестициялауға мүмкіндіктер беріліп отырғанын еске салды. Егер де шоттардағы қаражаттар заңды иелеріне тиесілі болып және жария бизнесте жасалған болса, онда мемлекет оларды қорғауға жәрдемдесуі тиіс деп санайды «Ақ жол» жетекшісі. Ағымдағы жылдың 15-сәуі­рінде «Ақ жол» депутат­та­рынан құрылған «Kazakhstan Financial Integrity Center» қаржылық қоғамдық қоры «Журналистік тергеу халықаралық консорциумына» тиісті сауал жіберді. Алайда мұндай ақпарат тек қана ресми мемлекеттік органдарға беріледі деген жауап алынды. Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП фракциясы Бас прокуратурадан Ұлыбритания мен Швейцарияның уәкілетті органдарына Қазақстан аза­маттарының ішінен аталған шоттардың иелерінің толық тізімін беру туралы сауал жасауды сұрайды. «Қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлерге қатысты банктік құпия принципіне құрметпен қараумен қатар, оның күшін орасан зор мемлекеттік қаражаттарға билік жүргізіп отырған Үкімет мүшелері, мем­лекеттік органдар және мемлекеттік компаниялар жетекшілері үшін жою қажет, - деп атап өтті Перуашев. – Мұндай ұсыныстар Қылмыстық жолмен тапқан ақшаны сыртқа шығарумен күрес жөніндегі Халықаралық топтың (ФАТФ) ұсыныстарында да бар, оларды Қазақстан, ФАТФ қатысушысы ретінде 2015 жылдың қара­ша­сына дейін іске асыруы қажет. «Ақ жол» депутаттары аталған шаралар біздің қо­ғам­да жемқорлыққа қарсы іс-қимылды және ақша ай­на­лымының тазалығын қамтамасыз ету бойынша маңызды қадам болады деп есептейді. «Ақ жол» ҚДП пар­ламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын және сайлаушылар аманаттарын орындауды іске асыру жөніндегі жұмысын жалғастырады.

"Қазақ үні" газеті