Фашистердің "туыстары" жазалана ма?
2015 ж. 14 мамыр
2101
0
Ақтөбе қаласының ортасындағы көпірдің жақтауына белгісіз біреулер фашистердің белгілерін салып, онымен қоймай «қанымыз бір, ұлтымыз бір» деген ұранды да қоса жазып кетіпті.
Таң атысымен көпірдегі белгілерді ең бірінші сол маңдағы тұрғындар байқайды. Жеңіс күні қарсаңында мұндай сорақы жазуды көргендер дереу құзырлы органдарға хабарласып, бұзақыларды жазалауды талап етіпті. «Ол бұзақыларды қолдарына шелек пен шүберек беріп осында әкелу керек. Көпірдегі жазуларды тазартып, жуып шықсын. Бұл белгілерді салу ардагерлерді қорлау» – дейді соғыста қан кешкен және тылдың тауқыметін тартқан ардагерлер. Қазір оқиғаның мән-жайымен танысқан тәртіп сақшылары күдіктіні жақын арада табамыз деп уәде етуде. Себебі вандалдар өздері салған белгінің астына аты-жөнін, оқитын оқу орны мен топтарына дейін жазып кеткен. Бұл оқиғадан Ақтөбеде студент жастармен тәрбиелік жұмыс дұрыс жүргізілмейтінін байқаймыз.
Фашистермен «қанымыз бір, ұлтымыз бір» деп жазуларына қарағанда жастар тарихтан мүлдем мақұрым қалғандар немесе басқа бір ағымның жетегінде кеткендер секілді.
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті