Хисметолла Үкібаев: Ғылым мен өндірістің тығыз байланысы кәсіпкерліктің дамуына жол ашады
2015 ж. 14 мамыр
4306
0

ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСЫ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ДАМУЫНА ЖОЛ АШАДЫ
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей бір кезде еліміздің абыройын еселеген қаракөл елтірісі бүгін елеске айналған сыңайы бар. Мал тұқымын асылдандыру жолына бүкіл ғұмырын арнаған, қазақтың құйрықты қаракөл қой шаруашылығын қайта қолға алып, дамытуды көздеген ұлтжанды азамат, белгілі ғалым Хисметолла Үкібаев сынды мамандар бұл салада қазір жоқтың қасы. Тіпті, аталмыш саланың өзі шалажансар күйге түскені де жасырын емес. Қазақ атамыз тіршіліктің тірегіне балаған төрт түліктің бірінің бүгінгі күн туындап отырған мәселесі төңірегінде өрбіген әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
Тәшеновке тиесілі орынға мен қалай отырдым?..
– Аға, ғұмыр бойы қолданбалы ғылым саласында еңбек етіп келесіз. Қолданбалы ғылым дегеніміз оның жетістігін өндіріске ендіру, сол арқылы халықтың әл-қуатын молайту деген сөз. Ал, бұл бағытта еліміз Тәуелсіздік алғалы аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Инновациялық-индустриялық даму бағдарламалары мен «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасын еске алсақ та жарар. Сіз қазақтың төл кәсібі болып саналатын мал шаруашылығының жаңа саласы – қаракөл қой шаруашылығымен айналыстыңыз. Сұхбатымызды осы саланың тарихына кішкене барлау жасаудан бастасақ... – Астрахан облысында туылған мен қызмет жолымды Қалмақстанда зоотехник болып бастадым. Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аспирант кезімде өзбектің «сұрхандария сұры» тұқымды қаракөл қойы мен құйрықты қойды будандастырып, содан құйрықты, етті қаракөл шығаруды қолға алған болатынмын. Институтта жетекшім он жыл Өзбекстанда жұмыс істеген атақты ғалым Николай Семенович Гигинейшвили деген кісі еді. Содан Өзбекстанға барып, танысып келе жатып, қайтар жолда Атырауға соқтым. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жәрдем Кейкин есімді экономист ғалыммен сөйлесіп, ол кісімен тез тіл табыстым, «біздегі осындағы шаруашылықта қаракөл де, қазақы қой да, соятын қасапхана да бар, қошқарларыңды әкеле бер» деді. Содан Ташкентке, Ауылшаруашылығы министрлігіне бардым, Атырау облысына Өзбекстанның Самарқанд облысынан 100 қошқар тиелуі керек екен, оған мен және 10 қошқар қостым. Оларды малға арналған вагондарға тиеп, сол вагонның бірінде өзім қошқарларымды күзетіп, 8 күнде Атырауға, Құлсары қасындағы бір кеңшарға жеткіздім. Қазақы қой мен қаракөлдің отарын таңдап алып, жұмысты бастап кеттім. Мерзімі жеткенде қаракүлшені (қозының терісін) Мәскеуге апардым. Келесі жылы бұл тәжірибемді тағы жалғастырдым. Одақтық «Союзглавкаракуль» бірлестігінің бастығы Мұса Мұқанов атты азамат өте білікті, ірі маман еді, маған аспирантураны бітірер кезде Шымкенттегі Қазақ қаракөл ғылыми-зерттеу институына барасың, 3 бөлмелі үй дайындатып қоямын деді. Сөйтсем, Бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылым академиясы мені Элистаға бөліп қойыпты. Бармайтынымды айттым. «Қалай бармайсың? Күндізгі бөлімде оқыдың, стипендия алып тұрдың!» – деді. Мұқановқа келдім. Ол мені ертіп алып, Ғылым академиясының президентіне кірді. Қазақстанда мал көп, ғалым аз, Шымкентте институт ашып қойдық, ғылымды көтеру керек деп жатыр. Сол кезде Академия президенті: «Маған Қалмақ АССР Компартиясының 1-хатшысы Городовиков, запастағы генерал-лейтенант, Совет Одағының Батыры хабарласты. «Қаракөл лабораториясына қаржы бөлуге көмектесіңіз, лаборатория жетекшісі етіп оқуды бітіріп жатқан Х.Үкібаевты жіберіңіз» деді. Мен келістім. Енді келісімді бұзбаймын ғой! Екі жыл істесін-дағы, қайда барса онда барсын!» деді. Амал жоқ, Элистаға келдім. Городовиков мені таниды, екі рет кеңшарға, оның бірінде мен директордың орнына қалған кезімде шаруашылыққа келген болатын. Үйде де болған. «Кеңшарға директор бол» деді. Бармадым. Бір күні обкомға ауыссайшы деді. «Жоқ, о не дегеніңіз, ғылымнан кетпеймін!» дедім. Бір жылдан соң Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары бол деді. Келіспедім. – Сондағы ойыңыз биік мансапқа ілінсем Қазақстанға кете алмай қаламын деп қорқасыз ғой? – Дәп солай! Екі жыл өтті, жібермейді. Атырау облыстық обкомының 2-хатшысы С.Мұқашовпен ол кісі Құлсарыда аутпартком хатшысы боп тұрғанда танысқанмын, өтініш жасадым. Сәкең одақтық бiр жиында Городовиковқа Үкiбаев деген сіздегі қазақты әке-шешесi сұрап жатыр десе, оның әкесi майданда қаза тапқан, шешесi бiзде, өз үйiнде отыр ғой деген жауап алыпты. Келесі бір кездескенде Сәкең: Қазақ-қалмақ болып, өмiр бойы жауласып өтiп едiк, ендi бір елдің азаматымыз бәріміз, мәселенi бейбiт жолмен шешейiк деп бастай бергенде, Городовиков: «Сен тағы да Үкiбаевты сұрайын деп тұрсың ғой. Мен қанша қызмет бердім, бармады, еліне қайтқысы кеп жүргенін сеземін...» депті. Сонымен кететін болдым. Мұқашовқа хабарластым. Үйімді қалай ауыстырам? – деп едім, «Сенің қалмағыңа кім барушы еді, келе бер, амалын табармыз» – деді. Келдім. Кеңшарға директор бол деді, бармадым, Тәжірибе стансасын ал деді, онда қаракөл жоқ деп бармадым. Қазақ қаракөл институтының осындағы 5 адам істейтін бөлімшесіне барғанмен абырой таппайсың ғой деді. Жоқ, соған жіберіңіз дедім. Сәкеңнің сәл көңіліне келіп қалды білем, дегенмен, сыр берген жоқ, пәтер алуыма да көмектесті. Мемлекеттік тапсырыс бойынша полковник, генералдар киетін көк қаракөл тұқымын шығару керек екен. Жұмысқа кірісіп кеттік. Келесі жылы Өзбекстанның Сұрхандария облысынан 100 қошқар алдық. Одан кейін 50 қошқар тағы алдық. Бізбен жұмыс істеген «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл шаруашылығы бір жылдан кейін-ақ көзге түсе бастады. Елтірінің сапасын күрт көтеруге қол жеткіздік. Кеңшар одақтық жарыста екі-үш жылдан соң 3-орынға, одан 2-орынға, ақырында 1-орынға бір-ақ шықты ғой. Елтірінің 95-пайызын 1-сұрыппен өткіздік. Біздің елтірі арнайы тапсырыспен тікелей Мәскеуге жіберіледі. Кеңшар атақтың, сыйлықтың астында қалды... Мен екінші шаруашылықта қазақы қоймен шағылыстырып тұқым алсам деген жұмысымды бастадым. Терінің бұйрасын келтірсең, құйрықты келтіру қиын немесе керісінше. Бәрін есептеп шығару керек.


Ғылым мен өндіріс егіз ұғым болу керек
– Бұл ғылымның мәртебесін, дәрежесін көтеру деген сөз ғой? – Иә, бұрында бұл мәселеге баса мән берілмейтін. «Еліміз бойынша 24 ҒӨБ құрылды. Оның 3-еуі Қазақстанда. Біреуі осы қаракөл саласы. Қалған екеуі – ауылшаруашылығын механикаландыру мен алма шаруашылығын дамыту. Барған соң қабылдап аласың. Мәселе туса хабарлас» – деді министр Моторико. Осылайша екі тізгінді қатар ұстап шыға келдім. Бұлай болып кетерін білгенде келіспес едім. 25 шаруашылық, оның 14-і толық бірлестік құрамында. Атыраудағы «Гурьев» Мәскеуге қараған күйінде қалды. 1979 жылдың басы. Әділ Сасбұқаев деген Ауылшаруашылығы басқармасының бастығы былтырғы қордың тек 80 пайызын ғана бөліпті. Барсам, ыңғай беретін емес, Асқаровқа кірдім. Ол Сасбұқаевқа ұрысып, ескерту жасады. Бәрібір, қолымның жеткені қосымша 11 пайыз ғана болды. Содан амал жоқ, Моторикоға бардым. Көп жыл министр болған, аса абыройлы адам. «100 пайызға жеткізіп бермесеңіз, бүгін жұмыстан кетемін, себебі, ел-жұрт ертең-ақ өндірісті ғалымдарға беріп еді, бастамай жатып-ақ отырғызды дейді. Жалғыз менің атымнан бүкіл ғылымға кір жұққанын қаламаймын!» – деп әңгімені ашығын айттым. Моторико орынбасарларын түгел шақырып алды. Министрлік қордан барлығын толтыртып берді. Міне, мынау сол ҒӨБ-тің құрылғанына 5-жыл толу құрметіне шығарылған плакат. Бес жылды қорытындылағанда мен басқарған «Қаракөл» ҒӨБ Одақта бірінші орынды жеңіп алды. Оған қоса бір жылда 41 мың гектар жерді қоршап, жусан, сексеуіл ектік. Айтпақшы, баяғыда Моторикоға кіргенімде екінші шешіп шыққан мәселем – осы жусан, сексеуіл егу мәселесі болатын. Министр сөзге келмей қол қойып берген-ді. Осының бәрін көріп отырған Моторико мен Орталық Комитеттің ауылшаруашылығы бойынша хатшысы Трофимов 11 облыстың хатшысы мен ауыл шаруашылық басқармасы бастықтарын әкеліп, біздің шаруашылығымызды үлгі ретінде көрсетті ғой. Кейін Трофимовтың орнына келген Гукасов тағы да сөйтті. Мен Шымкенттегі тәжірибелік шаруашылығымызда жылжымалы құрастырылатын жабық қора жасайтын зауыт тұрғызып қойғанмын. Ол жерде дәнекершілер үш ауысымда тынбай жұмыс істеді. Үш облыстың қоры болды менде. Кеше соларды бүгінгі Ауылшаруашылығы министріне көрсетіп едім: «Не деген жұмыстарды бітіргенсіз!» деп таңғалды. Қайдан білсін, «бір ақбас шал жүр ғой» деп отыр-дағы мені. 15 жыл сол орында тапжылмай қызмет істедім. Жеткен жетістігімізді айтып, көп мақтанып неғылайын, 1982 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығын алғанымды еске алсам да жарар. Оған дейін осы сала ғалымдары 2 рет ұсынылып, өтпей қалған екен. Кеңес өкiметi 70 жылда қаракөл саласының мамандарына бiр-ақ рет сыйлық берiптi. Қазақстаннан, қазақтан жалғыз мен қосылған жылы жолымыз болды. – Қазақстанның тәуелсіздік алған дәуіріне өтердің алдында қаракөл терісінің алтынмен бағалану тарихын еске ала кетiңiзшi... – Жас Кеңес өкiметi экономикалық блокадада қалған ғой. Содан 1925 жылы Лейпцигтегi жәрмеңке КСРО-дан тек қана бағалы аңдар мен қаракөл терiсiн ғана саудаға қабылдаған. Өте жоғары бағамен сатылатын болған. Сталин тек қана алтынға сатыңдар деп бұйырған. Сол алтынға Сталинград, Харьков, Алтай трактор зауыттарына, Горький автозауытына ауадай қажет жабдықтар сатып алынған. – Кеңес өкiметi қаракөлге алтыннан ескерткiш орнатса да болады екен ғой! – Мәскеуде ғылыми-зерттеу институты тұрақты жұмыс істеді. Терi илейтiн зауыты да болды. Рас, кейiн Хрущев ол институтты Самарқандқа ауыстырды. Оқытушылардың бәрi Мәскеуден келдi. Хрущев кеткен соң бәрi өз орындарына қайта барып жайғасты, бiрақ Өзбекстан институты болып қалды. Менiң ұстазым академик Юдин сол жиырмасыншы жылдары Өзбекстанды шарлап, қаракөл малын жинап, оны өсiретiн шаруашылықтарды құрушы адамдардың бiрi болған. Ол шаруашылықтар тiкелей КСРО Сыртқы сауда министрлiгiне бағынатын. Юдин ғылымның соңында жүрiп, тiптi, үйленбеген де екен. Көктем шыға Өзбекстанға кететiн, күзде күйектi өткiзiп барып Мәскеуге оралатын. Жылда солай. Сол еңбегi тек өзi қайтыс болған соң ғана бағаланды ғой. Юдин және екiншi ұстазым, бiр өзi бiр институттың жұмысын атқарған Гигинейшвили бәрiмiз жоғарыда айтылған КСРО Мемлекеттiк сыйлығын бiрге алдық.
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті