
Қыз ұрлағыш бұл жігіттер кім деген сұрақтың жауабын іздеген
31 арна тілшісі жыл басынан бері Шымкент өңірінде полицияға 18 рет қыз ұрлау ісі бойынша арыз түскенін анықтады.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт бұл күндері қызды қолдан ұзату, құда түсу секілді дәстүрлеріміз қайта жанданғанын айтады.
Мәселен, Оңтүстікте құдалардың арасында берілетін «тәтті» шайы немесе қыздың қалыңмалына төленетін қаражат, ана сүті деген шығындар да қалыпты жағдайға келген дейді. Ал әлгіндей күш қолдану әрекеттері бұл содырлардың, көргенсіздердің амалы деп біледі.
“Осындай жағдайда жаңағыдай зорлап алып қашу, қыздардың арына, намысына тию деген ол, барып тұрған хайуандық деп ойлаймын. Қазір барлығын да ретке келтіруге болады. Дәстүр-салтымыздың аясында барлығын да түсіністікпен шешуге болады”, – дейді жазушы Мархабат Байғұт.
Құзырлы орындағылар бейне жазудағы жәйтке қатысты арыз түспесе де, тексеру жүргізіліп жатқанын, алайда күдікті азаматтардың әзірге аты-жөндері анықталмағанын жеткізді.
Жыл басынан бері 18 қыз ұрлау дерегі тіркелген болса, оның бірде-бірі сотқа жетпепті. Себебі, барлығында да тараптар келісімге келіп тарқасқан көрінеді.
“Ал, жыл басынан бері заңсыз бас бостандығынан айыру, яғни үйлену мақсатында 18 жәйт тіркелген. Он сегіздің барлығы да тоқтамға алынған. Өйткені, екі жақ келіскенге байланысты”, – дейді ОҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Бейнежазбадағы
оқиға неке сарайы маңында болған. Күзетшілер бұдан хабарсызбыз деп жалтарды, ал неке сарайынан жауапты мамандар табылмады.
Кейін полицейлер әлгі қызды анықтап, полиция бөліміне жеткізгенін, тараптар бір-біріне кешірім бергенін хабардар етті.