Қолжетімді баспана қазаққа қашан бұйырады?
2015 ж. 05 мамыр
3440
1
«Үйі жоқтың күйі жоқ»
Баспана мәселесі біздің қоғамның басты дерті екені белгілі. Халықтың дені атамекені – ауылынан кіндігін үзбейін десе, екі қолға бір күрек табылмай сенделіп кетті. Сондықтан, амалының жоғынан күн көріс қамымен жұрт қалаға қарай қоныс аударады. Қалада да оларды ешкім құшақ жая күтіп отырған жоқ. Өзіне тиімді жұмысты бір іздесе, уақытша да болса тұрақтайтын баспананың да өз әлегі бар. Бұрындары қазақ жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонып жүрсе, қазір пәтерден пәтерге көшіп жүр. Тірнектеп жүріп тапқандары сол жалдамалы пәтердің ақысын төлеуден арыға аспайды. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген осы емес пе? Шындығын айтқанда, Тәуелсіз елде өзгеге тәуелді болып, өгейдің күнін кешіп жүргендердің дені өзіміздің қаракөз қазақтар. Жанға бататыны да осы. Сансыз бағдарламалардың арасынан «Қолжетімді баспана» дегенді естігенде, көпшілік жұртқа көкжиектен күн күлімдегендей көрініп еді. Әйтсе де, сол жұрттың көбі, «Қолжетімді баспанаға» қолын созған күйі қалған сыңайлы. Ал, енді қала маңынан жер алып, үй тұрғызайын десе, оның бағасы да аспандап тұр. Қазақ атамыз қанын төгіп қорғаған жеріміз де саудаға салынғаны шындық. Жер көлемі жағынан әлем елдері арасында тоғызыншы орын алатын біздің елде жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан қарапайым адамға ұлтарақтай жердің де оңайшылықпен бұйырмайтыны өкінішті-ақ.Ниет бар, нәтиже аз
Халықты тұрғын үймен толыққанды қамтамасыз ету ұзақ уақытты, әрі қыруар қаржыны талап ететіндігі сөзсіз. Жоғарыда біз атап өткен «Қолжетімді баспанаға» кез келгеннің қолы жете бермейтіндігін, қарапайым халық тұрмақ, билік басындағы шенеуніктердің өзі де талай рет айтқан болатын. Әйтсе де, қазіргі таңда мемлекет тұрғын үй мәселесін шешуге бетбұрыс жасаған сыңайлы. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ағымдағы жылы 7,1 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланғанын, оның 561,7 мың шаршы метр бюджет қаражаты есебінен салынатындығын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, қазіргі таңда әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекет көптеп көңіл аударуда. Сондықтан болса керек, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан 145 млрд. теңге бөлінбекші. Бөлінген қаржыға сәйкес, 2020 жылға дейін 25 000 пәтер немесе 1 500 000 шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Иә, жүзеге асырар жоспар көп. Әйтсе де, олардың қаншалықты орындалатындығы уақыттың еншісіндегі дүние. «Үмітсіз – шайтан» демекші, халықтың көбінің тапқандары таңдайына татымаса да, тұрғын үйлі болуға ниетті. Оған ешкім тиым сала алмайды. Біздің заң бойынша білім алуға, емделуге, баспаналы болып лайықты өмір сүруге әрбір адам құқылы. Баспана мәселесінің бар ауыртпалығын көріп келе жатқан жұртшылықтың әжетіне жарап қалар деген оймен тұрғын үйге қол жеткізудің жөн-жосығын құзырлы орындардағы жауапты да лауазымды мамандарға жолығып сұрастырып білген едік. Осы уақытқа дейін жұрт үміт артып келген, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы 2015 жылдан бастап, өз күшін жойып, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының күшіне енгендігі белгілі. Алматы қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Тұрысбек Ізмағамбетовтің айтуынша: «Өңірлік даму – 2020» бағдарламасында «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасындағы негізгі бағыттар сақталып, қосымша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, пәтерді жалға алудың қосымша түрлері қарастырылып, ұзақ мерзімге берілетін, жалдау құнын төлеп тұру арқылы меншікке айналатын пәтерлерді салуға баса назар аударылып отыр. Сондай-ақ, жалдау құны 25000 теңгеден аспайтын, бірақ меншік құқығына өтпейтін пәтерлер салу қарастырылған. Жаңа бағдарлама басты екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: 1) «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ желісі бойынша жергілікті атқарушы органда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға 20 жыл мерзімге берілетін жалдау құнын төлеп тұру арқылы сатып алынатын пәтерлер. 2) «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақтаушы банкі» АҚ желісі бойынша жас отбасыларына берілетін жалдамалы пәтерлер. Сондай-ақ, аталған банк өз қаржысына тұрғызған пәтерлердің 50 пайызын өздері тікелей таратса, 50 пайызын жергілікті атқарушы органда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға береді. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда бір ғана Алматы қаласының өзінде мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша тұрғын үй алу кезегінде 10452 азамат тұр. Шындап келгенде Алматыны мекендеген жұрттың шаһарда тіркелген-тіркелмегенін қоса алсақ шамамен алғанда тұрғындардың төрттен бірі баспанасыз жүр. Рас, кейбіреулердің бес-алты, тіпті одан да көп пәтерлері мен хан сарайындай баспаналары бар. Бірақ одан қарапайым халыққа келіп-кетер пайда жоқ. Яғни, алып шаһарда тұрғын үйге мұқтаждар саны жетерлік. Осыған байланысты әкімдікке үй кезегінде тұрғандардың кезегі алға жылжуы да қиын. Екіншіден, сол әкімдік пен Тұрғын үй басқармасындағы кезектің өзі көп күмән туғызады. Біреулер бір жыл болмай баспаналы болып жатса, енді біреулер өз кезегін жылдар бойы күтетіні жиі кездеседі. Яғни, бұл жерде де ашықтық жоқ сияқты көрінеді. Әрине, үйсіз жүргендер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» сенім артады, өйткені оларға басқа жол жоқ. Ал, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үйлі болудың қандай мүмкіндіктері бар екендігін осы мекеменің баспасөз қызметінің жетекшісі Ермек Болтаевтан білген едік: Үйлі болуға ниетті азаматтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі» арқылы «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» және «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» атты екі бағдарламаның мүмкіндіктерін қолдана алады. Мәселен, «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша бағдарлама қатысушыларына қойылатын негізгі талаптар: 1) Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман мәртебесінің болуы; 2) Астана, Алматы қалаларында соңғы 2 жылда тіркеуде тұруы, өзге өңірлерде тұрғын үй алуға үміткер-қатысушыларға тіркеуде тұру талаптары қойылмайды. 3) Бағдарламаға қатысушының және онымен тұрақты түрде бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайының, кәмелет жасына жетпеген балаларының), сондай-ақ аталған өтініште көрсетілген және отбасы құрамына қосылған өзге де отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында жекеменшік үйінің немесе кейіннен сатып алу құқығымен жалға алынған тұрғын үйінің жоқтығы. Әр отбасы мүшесіне шаққанда аумағы 15 шаршы метрден аз болатын жатақханадағы бөлме, құлайын деп тұрған, апатты жағдайдағы басқа және қамыс-керегелі тұрғын үйлер (осы тұрғын үй тұрған жері бойынша ЖАО-ның анықтамасымен расталуы тиіс) бұған жатпайды. 4) Бағдарламаға қатысушының және онымен тұрақты түрде бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайының, кәмелет жасына жетпеген балаларының), сондай-ақ аталған өтініште көрсетілген және отбасы құрамына қосылған өзге де отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жылдың ішінде тұрғын үйін ауыстыру немесе жекеменшігіндегі тұрғын үйді иелігінен алып тастау арқылы тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлату дерегінің болмауы; 5) Заемға қызмет көрсету бойынша тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тұрғын үй сатып алу үшін немесе тұрғын үй заемын жинақтау бойынша жалдау төлемдерін ескере отырып, төлем қабілеттілігін растау болып табылады. Сондай-ақ, «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағдарламасы бойынша үй алуға ниеттілерге жоғарыда атап өткен талаптармен қатар, жас отбасының кемінде екі жыл некеде тұруы міндетті. Сонымен қатар, жұбайлардың екеуінің де жасы 29-дан аспауы қажет (Бағдарламаға қатысуға өтініш берген кезде). Егер де, салымшының табысы жеткіліксіз болса, қосымша екі заемшылас тартуға мүмкіндігі бар. Нақты бір елдімекенде (Астана, Алматы қалаларында) 2 жыл тіркеуде тұру талабы заемшыларға емес, бағдарламаға қатысушыларға қойылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің аясында жүзеге асатын бағдарламалардың басты талабы осындай. Банктің берген мәліметіне сүйенетін болсақ, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін өзіне қажетті қаражат мөлшерін салымшының өзі анықтауы қажет. Шарттың ең аз сомасы 500 АЕК-тен (991 000 теңге) кем болмауы тиіс. Салымшы ай сайын қаражат салып, қажет ақшаның 50%-ын жинауы керек. Қазіргі таңда 3 жылдан 15 жылға дейінгі жинақтау мерзімі қарастырылған «Бастау», «Өркен», «Кемел», «Болашақ» сынды тарифтік бағдарлама бар. Салымшының жинақ ақшасына жиналған ақшаның 2% көлемінде Банктің сыйақысы есептеледі. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да, қолдау көрсетіледі. Яғни, мемлекет сыйлықақы аудару арқылы тұрғын үй жинағын ынталандырып отырады. Яғни жылына салымшының жинағына ынталандыратын соманың 20% көлемінде қаражат аударады. Депозиттердің тиімді мөлшерлемесі жылдық 12,6%-ға дейін жетеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегі арқылы тұрғын үйге қол жеткізу салымшының жинаған балына, яғни, тұрақты түрде ақша жинай алғанына тікелей байланысты. Иә, айналып келгенде барлық нәрсе қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Үйлі болу үшін жалақыңыз да жоғары болуы қажет. Мәселен, Алматы қаласында бағасы 8 550 000 теңге (60 шаршы м., 1 шаршы метрге 142 500 тг.) тұратын екі бөлмелі пәтерді 10 жылға несиеге алу үшін, 4 адамнан тұратын отбасының (ерлі-зайыптылардың өздерімен қатар кәмелет жасына толмаған екі бала үшін) жиынтық табысы 240 000 теңгеден кем болмауы қажет. Ал, мұндай жалақыны екінің бірі ала бермейтінін айтпасақ та болады.Дағдарыс деген «дауыл» бар
Жоғарыда біз үйлі болудың жолдарын атап өттік. Қай жолды таңдарын әркім өз мүмкіндігіне қарай шеше жатар. Әйтсе де, сарапшылар қарапайым халыққа несие арқылы баспаналы болу мойынға ұзақ мерзімді қарыз жүктейтіндіктен, мұндай жолдарды таңдамауға кеңес береді екен. Өйткені, ипотекалық жолмен үйлі болып, табыстың тұрақсыздығы, инфляция, қайғылы оқиғалар себебінен несиені межелі уақытта өтей алмай баспанасынан айырылып жатқандар қаншама?! Мәселен, еліміздегі ипотекалық несиелерді рәсімдеген екінші деңгейлі банктер кезінде қарызды үлкен пайызбен, әрі доллар бағамымен берді. Яғни, несиені қайтарушы, доллар курсымен қайтаруға тиіс болды. Бірақ, дағдарыспен бетпе-бет келген жұрт несиелерін қайтара алмай қиналды. Тіпті, кепілдікке қойған баспаналарынан айырылып далада қалғандары да болды. Бұл үлкен қоғамдық-әлеуметтік дау-дамай ақырында мемлекеттік деңгейге көтерілді. Бұл мәселеге бей-жай қарамаған Мемлекет басшысы ипотекалық несие алғандардың мәселесін шешуді Үкіметке тапсырған болатын. Үкімет болса, бұл түйінді тарқату үшін, Ұлттық банктен 130 млрд. теңге бөліп, мұны жиырма жылға 2,99 пайыз жылдық өсіммен депозит түрінде банктерге орналастырмақ. Өз кезегінде бұл қаржы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға жұмсалмақ. Қорыта айтқанда, ипотекалық жолмен үй алу, біреуге бақ, біреуге сор болуы бек мүмкін. Сондықтан да, баспаналы болудың қай жолын таңдасаңыз да «жеті рет өлшеп, бір рет кескеніңіз» жөн.Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні" газеті