Ақмола облысындағы Купчановка психдиспансерінің 500 емделушісі қыстай уылдырық, жылқының жал-жаясы мен қазы-қартасын армансыз азық етіпті. Алайда бұл мекеме директоры Данияр Жангелдиновтің қағаз жүзіндегі есебі ғана болып шықты.
Шындыққа мүлдем жанаспайтын осындай мәлімет берген жарымжан адамдарды алдап келген директордың мәселесін Тәртіптік кеңес қарап, оны қызметіне лайықсыз деп тапты. Тіпті шыққан шығындарды орнына қайтарғаны да көмектесе алмады. Шенеуніктердің тәртібі қаралған бұл жиында арақ ішіп, көлік жүргізген Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Александр Чириков та ұяттан жерге кіре жаздады. Өз қателігін мойындаған аудан әкімі орынбасарын 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы нақты ұсыныс жасалып, сөгіс жарияланды.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті