ШҚО әкімдігі соғыс ардагерін Мәскеуге апарудан бас тартты

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы бірнеше ақсақалдың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай, - деп хабарлады КТК арнасы. Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне шақыртылған ардагерлерді әкімдік аяқасты Ресей астанасына апарудан бас тартыпты.

Photo: ШҚО әкімдігі соғыс ардагерін Мәскеуге апарудан бас тартты КТК арнасының кадры Шеруден шет қалған ардагердің бірі – Асқар Жұмаділов. 18 жасынан қару асынып майданға аттанған ол бүгінде 90 жаста. Берлиннен қайтпай, Жапонияға қарсы соғысқа да қатысқан. “Ленинград шайқасына келгенде біз үлкен дивизия болып келдік. Мен тыңшы болдым. Шенім кіші сержант. Келген соң, бірден соғысқа кіріп кеттік”, – дейді Асқар Жұмаділов. Арада қанша жыл өтсе де, сұрапыл соғысты ақсақал жадынан шығарған емес. Ерен ерлігі үшін де түрлі төсбелгілер берілген. Отан үшін жан аямай соғысқан осындай ақсақалдың еңбегін елесе керек, Аягөздің атқамінерлері оны “Мәскеуде өтетін шеруге барасыз” деп қуантыпты өткен жылы. Десе де, кейіннен бұл сөзінен айнып қалған. “9 мамырда Мәскеуге барады. Сол үшін сіз мына кісі қаратып, денсаулығын дұрыстаңыз”-деді. Мен түгел қараттым. Кейіннен өзім қоңырау шалдым да айттым: “Әкем сарбаздай дайын тұр. Денсаулығы жақсы. Енді қашан барады Мәскеуге?” деп.Сонда айтты жоқ ешкім бармайды. Ақша жоқ деп”, – дейді ардагердің ұлы Нұрхат Жұмаділов.

Содан бері ардагер Аягөздің әкімдігіне өкпелі. Ал шенеуніктер өздерінше түсіндірмек болды.

Айтуларынша, Мәскеудегі шеруге облыс бойынша 2 адам ғана барады екен. Оған Асқар ақсақал ілінбей қалған. “Мәскеуге кім барады кім бармайды оны біз шешпейміз. Облыс орталығы  анықтайды. Біз тек соларға ардагерлердің тізімін жасап жібердік. Енді солардың  шешімі бойынша 15 ардагер Астанаға, ал, екеуі Мәскеуге барады. Ол тізімге Асқар Жұмаділов ілінбей қалды”, – деп түсіндірді Болат Мұстафаев, Аягөз аудандық әкімдігі жұмыспен қамту бөлімінің басшысы. Енді ардагердің Жеңістің 70 жылдығын осында тойлауына тура келеді. Ал 28 немере мен 18 шөбере сүйіп отырған ақсақалдың балалары жыл санап қатары сиреген майдангерлерге көрсетілер құрметтің азайғанына қапалы.