Ғалымдар Қазақстандағы тарихи шындықтың ашылатын мезгілі жеткенін айтты

Украинаның Жоғарғы Радасы кеңес заманындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бүкіл мұрағат құжаттарын жариялау туралы заң жобасын мақұлдады деп хабарлайды 31 арна.

Photo: Ғалымдарлар да Қазақстандағы тарихи шындықтың ашылатын мезгілі жеткенін айтты 1917 жыл мен 1991 жыл аралығын қамтитын аса құпия деректер арнайы заң күшіне енген сәттен бастап жария болмақ. Ал Кеңес үкіметінің мұрагері саналатын Ресей тарапы Украина билігінің бұл әрекетіне бірден қарсылық білдірді. Тоқсаныншы жылдардан бері құпия күйінде сақтаулы жатқан Қазақстандағы мұрағаттың жағдайы не болмақ? “Әр халық өзінің өткен тарихын білуге құқылы” деген еуропалық ұстанымды негізге алған Украина билігі маңызды тарихи, саяси қадамға барды. Мұрағат құпияларының ашылуы туралы заң жобасын қабылдаған Украина Қауіпсіздік комитетінің репрессиялар мен геноцидтерге қатысты барлық құжаттарын жарияламақшы. КСРО-ның тырнағы ең қатты батқан екі ел Украина мен Қазақстан саналады. Ғалымдарлар да Қазақстандағы тарихи шындықтың ашылатын мезгілі жетті дейді. “Біз Украинадағы болған, Прибалтикадағы болған процестерді тура сол дәрежеде қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ Қазақстан жағдайында біздің осы тікелей ұлттық, мемлекеттік мүддемізге сай шараларды іске асыруға міндеттіміз. Неге оны біз кейінге қалдыруымыз керек?”, – дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.

Ал саясаттанушылар мұрағат деректерін жариялау кезінде де абай болған жөн дегенді ескертеді. Мемлекеттік құпиялар өз алдына бір бөлек әңгіме деген Дос Көшім құпия деректердің ашылуы мемлекет үшін де, ғылым үшін де “тазарудың” бір түрі деген пікірде.

“Тоқсаныншы жылдары Алашты білмесек біз, сол Алаштың жасаған істері, олардың жазғандары жарыққа шықпаса, Қазақстан жарты байлығынан айырылар еді. Әсіресе, ұлттық ел, ұлттық мемлекет есебінде. Соның өзі біздің қанша көзімізді ашты. Демек, осындай қадамға біз де барғанымызда жақсы-жақсы, тамаша құндылықтарымыз өмірге келетін шығар жасырылып тұрған”, – деді саясаттанушы Дос Көшім. Ал Қазақстанда кеңес кезеңін қамтитын мұрағат деректерімен танысуға қарапайым тұрғындар тұрмақ, зерттеуші ғалымдарға да рұқсат жоқ. Қойнауына құпия бүккен мұрағаттың қашан қолжетімді болатынын мамандар да дөп басып айта алмайды. Демек, талай тарихи шындықтан хабар берер фактілердің әлі де құпия күйінде сақталары анық.