Астана қаласындағы алты бірдей құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі. «ОралДизайнСтройсервис» ЖШС, «Стройкласс» ЖШС, «Акмолтеплосервис» ЖШС «Төленді» ТҚК, «Асар» РҚБ, «Аль-баракат компани» ЖШС, «Биком Инжиниринг» ЖШС «Жайна» ТК компанияларының қызметі заңсыз екені анықталып отыр.
Әкімдіктің сайтында жарияланған мәліметте 26 жауапсыз құрылыс салушының тізімі көрсетілген. Сала-құлаш тізімдегі кейбір құрылыс компанияларының тіпті құрылыс жүргізуге рұқсаты да жоқ болып шығыпты. Бұл ретте көрсетілген тізімдегі бірқатар компаниялардың құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттары бар болғанмен, үлескерлер қаржысын тартуға лицензиялары жоқ екені анықталды. Осыған байланысты аталған құрылыс компанияларының пәтерлер сату (өткізу) туралы хабарландыруларын жариялау тоқтатылды.
Елімізде сапасы көптеген наразылыққа тап болып, қайта-қайта сынға ұшырап жатса да құрылыс ең пайдалы бизнес, нағыз майшелпек болып отыр. Сондықтан да бізде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай құрылыс саласының «саңлақтары» көбейіп кетті. Бөлінген қаржыны бөрідей талап, ақша «үнемдеу» кесірінен құрылыс нысандары сапасын жоғалтып, оны пайдаланатын тұрғындардың тұрмысы тамұққа айналып жатқаны үйреншікті көрініс. Кейбір құрылыстар салынып бітпей жатып опырылып құлауы осыған нақты дәлел емес пе? Ондай баспаналарда тұрудың өзі басыңды ажалға тігумен бірдей. Бұған алдымен осы мәліметті жариялап отырған әкімдіктің өзі кінәлі, олай болмаса мына сұрақтарға жауап берсін. Бірінші, күмәнді құрылыс компанияларына қаланың құрылыс алаңына шығуына рұқсатты кім берді? Әлде қаланың аумағында кім көрінген келіп, ойына түскен құрылысты бастай беруіне бола ма? Құрылыс нысандары әркім бір тартатын көкпарға айналғаны ма? Екінші, бәрінің бірдей шамасы жете бермейтін тендер атты тосқауылдан олар қалай секіріп өтіп кетіп жүр? Үшінші, әкімдікке тікелей бағынышты қалалық Құрылыс департаменті қайда қарап отыр? Оған қоса, қалалық Сәулет және құрылысты бақылау басқармасындағылар не үшін жалақы алып отыр? Заңсыз аталмыш кәсіппен айналысқан компаниялардан құрылыс сапасын талап ету мүмкін бе? Осы тектес сұрақты шексіз тізе беруге болады. Еліміздің бас қаласында осындай бассыздықтар орын алып жатса өзгелерден не күтуге болады?
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті