Ата-бабамыздан қалған «Ас – адамның арқауы» деп айтылатын ғибраты мол мақал бар. Өкінішке орай, осы бір бабалардан қалған дана сөздің мәні мен мағынасына баса көңіл бөле бермейміз. Қазіргі көптеген жастарымыз ондай мақалдың бар екенінен де бейхабар. Ал, шын мәнінде бұл даналықтың астарында қаншама ұғым, қаншама ұлағат жатыр десеңізші... Қазақтың ұлттық тағамдарының қасиетін насихаттау жолында кәсіпкер Өнерхан Сансызбайұлы (суретте) төрағалық ететін «Рухани адамгершілік және мәдени құндылықтар» қоғамы қомақты істер атқарып келе жатқанын атап өткеніміз жөн.
Әдетте көбіміз күнделікті қолданып жүрген тағамды қарнымызды тойдырып, үш уақыт ішетін ас ретінде ғана түсінеміз. Оның дәмді және мол болуын ғана басты назарда ұстаймыз да, басқа қырына мүлдем үңілмейміз. Адам ағзасы сол тағамдармен бірге қаншама дәрумендерді қабылдап, өзінің өсуіне, дамуына қажет заттарды алатынын ескерсек, біз тұтынатын тағамдарымызға байланысты мүлдем басқа көзқараста болар едік. Тағамдармен бірге өзіміз тұрақты бойымызға сіңіретін дәрумендер көлемін алу үшін, оларды алмастыратындай қаншама дәрі-дәрмек ішу керектігін ойласаңыз, шашыңыз тік тұрады. Табиғаттың кереметтілігі де сонда, сол дәрумендердің бәрін өзі бізге беріп отыр. Олар – түрлі өсімдіктер, көкөніс, жеміс-жидек және малдың еті, сүті тағы сол сияқты табиғи өнімдер.
Табиғи деп бөле-жара айтуымыздың өзіндік үлкен маңызы бар. Бүгінгі нарық заманында көптеген келеңсіз көріністерге куә болып отырмыз. Ақша табу үшін кейбір пысықайлар адам баласының түсіне кірмейтін түрлі қулық-сұмдықтарға барып жатыр. Дайындайтын тағам өнімдеріне түрлі зиянды қоспаларды араластырып, ұзақ сақтау мақсатында химикаттарды қосып, адам ағзасын қолдан улап жатқаны да жасырын емес. Соның бәрі көбірек пайда тауып, тезірек байып шыға келсем деген ашқарақтықтан туындап отырғанын алдымен айтуымыз керек.
ТАБИҒИ ТАЗА ТАҒАМ ӨНДІРУ – ӨМІР ТАЛАБЫ
Бұл бағытта ұзақ жылдардан бері ұлттық ас-тағамдарды кеңінен тұтынуға енгізу туралы мәселені талмай-танбай насихаттап келе жатқан «Рухани адамгершілік және мәдени құндылықтар» қоғамының жұмысы назар аударарлық дер едік. Иә, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету өз тәуелсіздігі мен тұрақты даму жолын сақтауға ұмтылған әрбір мемлекет үшін бірінші кезектегі маңызды міндеттердің бірі. Аталмыш ұйымның халыққа пайдалы, сұранысы жоғары, тіпті, қазіргі ғаламдық сұраныста болып отырған тағамдарды өндіру туралы «Ем болатын ас-тағамдары, ас-тағамы болатын ем» бағдарламасын ерекше атауға болады. Бұл жоба табиғи таза ас-тағамдарының әлемдік стандартқа сәйкестендірілген ұлттық өнімін дайындау талабымен құнды.

– Біздің мақсатымыз экологиялық таза, энергетикалық құнды, табиғи маңызды ас-тағамдары өндіріс саласындағы әлемдік деңгейдегі ел болу. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құратын, ұлт денсаулығының кепіліне, дәстүрі мен мақтанышына айналған тағамдар өндірісін жаңғырту. Олардың стандарт, сертификаттық және технологиялық талаптары мен нормативтерін әлемдік деңгейге сәйкестендіру мақсатындағы жұмыстарды жүзеге асыру, – дейді қоғам төрағасы Өнерхан Сансызбайұлы.
Қазіргі ғасыр дертіне айналып отырған адам ағзасындағы иммунитет әлсіздігі, анемия, вирустық дерттер мен құрт аурулары, жүрек, қан тамырлары аурулары мен сүйек, бұлшық ет босаңсулары және ер адамдардың ұрықсыздану, бел қуаты әлсіреуінен сақтану үшін оның құпия сырын ашу мен алдын алу мәселелерін «Ем болатын ас-тағамдары, ас-тағамы болатын ем» бағдарламасы бірінші кезекке қойып отыр. Бұл ғалымдар мен кәсіби білікті мамандардың бірлескен ғылыми дәйекті ұсынысы. Ал, жоғарыда айтылған ғасыр дертіне айналып отырған аурулар біз күнделікті тұтынатын тегі өзгерген, әсіре жасанды ас-сулардың салдарына байланысты болып отырғанын өркениетті елдер әлдеқашан мойындаған. Дегенмен де қазіргі кезде әлем халықтарын қатты алаңдатып отырған азық-түлік тапшылығымен қатар, адам ағзасына жарамсыз болып табылатын тағамдар мен ас-сулардың көптеп өндіріліп, оның дамушы елдерге таратылып отырғандығы жасырын емес. Демек, бүгінгі өміріміз азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал жасай алатын, экологиялық таза, энергетикалық құнды, табиғи құрамы және дәмдік қасиеттерімен айқындалатын маңызды тағам өнімдерінің өндірілуін, оның халықаралық стандартқа сәйкестендірілуін талап етіп отыр. Техникалық прогресс қарыштап, қоғам өркендеген сайын адамзат пен табиғат арасындағы байланыстың алшақтай түсетіні мәлім. Яғни, мұндайда экономикалық та, рухани да дағдарыс белгілері күшеймекші. Ал бұл адам ағзасының бұзылуына да апаратын жәйттер. Осындай үдерістің дәулетті адамдар арасында да кең таралып отырғаны жасырын емес. Өйткені, жаратылыс заңдарынан алшақ, табиғи өнімдерден басқа тегі өзгерген жасанды өнімдерді көп тұтынатындар, сондай-ақ ана сүтіне қанбағандар осы санаттағы адамдарда көп болатын көрінеді. Ғалымдар Батыс Еуропадағы адам ағзасындағы дағдарыстардың айқын байқала бастағанын ондағы ана сүтін ембеген үшінші-төртінші ұрпақтың өмірге келгенімен байланыстырады. Ал адам ағзасындағы мұндай күрделі ауытқуларды, дәрі-дәрмектермен емес, табиғат заңдылықтарымен үйлесімді өмір салтын қалыптастырумен оңалтуға болатынын дәлелдеп берді.
ҰЛТТЫҚ ӨНІМ – МОЛ ТАБЫС КӨЗІ
«Рухани адамгершілік және мәдени құндылықтар» қоғамы мол табыс көзі болып табылатын жоғары сапалы тауарлы өндірістік саланы дамыту, оның қатысушыларының материалдық әл-ауқатын жақсарту, ең бастысы, әлемдік нарыққа ұлттық өнім шығаруды басты межеге алған. Ол үшін ешкі, түйе, бие сүтінің клеткаларды қалпына келтіретін, зат алмасуын толыққанды жақсартатын, нәрестенің өсуін, сүйек тінінің толығуын, аллергия, анемияны жоятын лизин, гистидин, метионин сияқты амин қышқылдарының ерекше қасиеттері мен байытылған тағамдық қуаты мол, емдік қасиеті жоғары, ағзаға күш-қуат беретін, энергетикалық қуатты ас-тағамдарының сертификатты өнімдерін дайындау міндетін қойып отыр.

Бұл өзі заман талабынан туындаған өзекті мәселе болғандықтан жаһандық жағдайдағы әлем халықтарының азық-түлік қауіпсіздігі мен мәдениеттер ықпалдастығына тәуелді түрде дамитын жоғарғы технологиялық бірегей жоба деуге болады. Сондықтан, ғылым мен өндіріс, технология мен іскерлік қатынас және ескі мен жаңаның үйлесімді байланысын орнату, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлар болатынына ерекше назар аударудың маңызы зор.
Мысалы, ешкі сүті құрамы мен маңызы жағынан ана сүтіне 76 пайыз жақын келетін бірден-бір табиғат сыйы. Сондықтан, жас нәрестеге ана сүті орнына беруге болатын жалғыз табиғи сүт. Сондай-ақ, ешкі сүті мен бие саумалында тозған организмді қайта қалпына келтіру, күш-қуатты толтыру сияқты керемет қасиеті бар. Сонымен қатар, бауыр, көкбауыр, жүрек, өкпе, бүйрек, асқазанға нәр беретін демеуші қуаттылығы жағынан теңдесі жоқ дәрумендерге бай.
Табиғаттың ұлы дала халқына берген үлкен сыйының бірі экологиялық таза, энергетикалық құнды, емдік қасиеті мол табиғи ас-тағамдары. Сондай-ақ халқымыздың тағам өнімдерін дайындаудағы қолданбалы технологиясында табиғат заңдылықтарымен үйлесім тапқан технологиялық бірегейлік сақталған. Осы бірегейлікті пайдалана отырып, маңызды тағам өнімдерін заманауи технология тілімен сөйлетсек, онда біз инновациялық биотехнология экологиясы талабына сай өнім өндіреміз. Ең бастысы, әлемдік нарыққа ұлттық өнім шығару мүмкіндігіне де қол жеткіземіз. Біздің бағымызға қарай республиканың тауарлы мал шаруашылығын дамыту табиғи мүмкіндігі де жоғары. Демек біздің ұлттық тағам өнімдерін өндіруді дамыту арқылы көптеген тағамдарымызды әлем мойындаған бренд ретінде танытып, халықаралық сертификат алуға мүмкіндігіміз мол.
Таза табиғи өнімдерге деген экспорттық сұраныс болуы кездейсоқ емес. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша аурулардың сексен, ал дерттердің қырық пайызы тамақтану факторына тікелей байланысты. Табиғи өнімдердің орнына зиянды азық-түліктерді көптеп тұтынудың салдарынан денсаулықтың күрделі проблемаларынан зардап шегетіндер саны жылдан-жылға еселеп артып отыр. Нәтижесінде табиғи маңызды ас-тағамдарына сұраныс күн сайын өсіп келеді. Қоғам орайы келіп, уақыты жетіп тұрған мұндай мәселелерді жүйелі шешу үшін «Табиғи өнім және кәсіби үйлестіру тауарлы қызмет орталығы» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты жолдарын қарастырып отыр.
ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ БОЛА МА?
Үкімет сынақтан өтіп дайын болған өнімнің ішкі және сыртқы нарықта өзіндік орнын тауып, оған деген сенімді сұранысты туғызу арқылы экспорттық ұлттық өнім өндірісін дамытуға міндетті. Бұл туралы Елбасының ұсынған бағдарламаларында да айтылған. Билік инновациялық маңызды, инвестициялық тартымды және ұлттық брендке айналып, халқымыздың мерейін үстем ететін маңызды тағам өнімдерін сертификаттап дайындап беруге оң ықпалын көрсету керек. Одан арғы жұмыстар кәсіби білікті, туа бітті дарынды кәсіпкерлердің үлесінде болмақ. Ондай белсенді, іскер адамдар бізде баршылық, тек қолдай білуіміз қажет. Сондықтан, мұндай өзекті жобаны еншілес-инвестор болатын стратегиялық серіктестік жағдайда бірігіп іске асырудың маңызы зор деп ойлаймыз.
«Рухани адамгершілік және мәдени құндылықтар» ҚҚ ұйымдастыруымен құрылып отырған «Табиғи өнім және кәсіби үйлестіру тауарлы қызмет орталығында» экологиялық, табиғи маңызды ұлттық өнімдер өндірумен қатар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындалатын ұлттық құндылықтарды үйлестіру орталығы болады. Бұл дегеніңіз этномәдени туризм, агротуризм және эколологиялық-туризм кластері болып табылатын ұлттық құндылықтарды үйлестіру болып табылады. Расын айтқанда дәл осындай экологиялық кластерлі кешеннің Астана қаласы маңында құрылуы кезек күттірмейтін қоғамдық сұраныс екені анық. Яғни, осы жобаны іске асырсақ қазақ ұлтының табиғи маңызды, құнарлы ас-тағамдары мен қонақжай дарқан мінезі жержүзін мекендеген барша халыққа танымал болып, лайықты бағасын алады деген сөз.
Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ,
«Ақ жол» ҚДП төрағасының кеңесшісі
"Қазақ үні" газеті