...Қара шалмен санасар кім?
2015 ж. 14 сәуір
2936
2

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАРТТАР ҮЙІ НЕЛІКТЕН КӨБЕЙІП БАРАДЫ?
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Тіпті, баудай қырылған ашаршылық пен жаумен жағаласқан зұлмат замандарда да бір-біріне деген мейірімі мен шапағатын жоғалтпаған. Сұрапыл соғыс кезінде жетім қалған өзге ұлттың балаларын бауырына басып, бағып-қақты. Жер аударылып келген жандармен бір үзім нанын бөліскен. Бұл бағзы заманнан белгілі, өмірдің өзі дәлелдеген тарихи шындық. Міне, осындай көптеген қиын-қыстау кезеңдерде қазақ жерінде қарттар үйі атымен болмаған екен. Тек кеңестік кезеңде тұл жетім қалғандарға арналған мекемелер ашылып, қарияларды үкімет қамқорлығына алу басталыпты. Онда да санаулы ғана қарттар үйі болған екен. Ал қазір қарттар үйін әрбір қаладан, кейбір аудан орталықтарынан да жиі көретін болдық. Бұл нені көрсетеді? Бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда, қарттар үйінің жауыннан кейнгі саңырауқұлақтай қаптап бара жатқаны көңіл құлазытып, әртүрлі ойларға жетелейді екен. Көзі тірісінде ата-анасының қадіріне жете алмай, оларды тірі жетім етіп қарттар үйіне апарып тастағандар кімнің арқасында жер басып жүргендерін біле ме екен?!.
БАРҒА ҚАНАҒАТ ЕТПЕЙТІНДЕР ДЕ КЕЗДЕСЕДІ Қазіргі таңда біздің елде 67 қарттар үйі болса, онда 35 мыңға жуық адам тұрады. Алматы қаласындағы «Ардагелер үйі» деген әдемі аты бар мекеме осындай жандардың тұрақты мекені. Бүгінгі таңда «Ардагерлер үйін» 321 қарт мекен етеді. Олардың жетеуі – Ұлы Отан соғысының, 112-і тылдағы еңбек ардагерлері. Соның ішінде 57 адам І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Мекеме мемлекет қамқорлығында болғандықтан, мұнда қарияларға барлық жағдай жасалған. Қызмет түрлерінің де сан алуан түрі көрсетіледі. Бұл туралы «Ардагерлер үйі» директорының орынбасары Нұрзия Әлімбекова: «Мұндағы әрбір қарияға жете көңіл бөліп, күтіп, баптауға тырысамыз. Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы №1222 қаулысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, мекеме тұрғындары өздерінің сұранысына сәйкес тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, медициналық, құқықтық, экономикалық, еңбектік, мәдени сияқты сан алуан қызмет түрлерін пайдалана алады. Тұрғындардың ең көп пайдаланатын қызмет түрі ретінде медициналық қызметті атауға болады. Жасы келген қариялардың басы ауырып, балтыры сыздамайтыны жоқ. Мұнда қамкөңіл қарттарға барлық жағдай жасалған. Әйтсе де, отбасының жылуы жетіспейтіні сөзсіз...», - дейді. Отбасының жылуы... Осы бір оттай ыстық ұғымда қанша мағына, қанша сезім, қанша сағыныш жатыр десеңізші. Балаларынан тірідей бөлініп, жағдай жасалған төрт қабырғаға телміру кімге де болса жеңіл емес. Қай қария немересінің шат күлкісін естіп, маңдайынан иіскегісі келмейді дейсіз. Ондай қиял осындағы әрбір тұрғынның жүрегін қақ жарып, кәрі кеудеге сыймай бұлқынған арман екені анық. Ал тағдыр оларға ғұмырларының соңына таман мүлдем басқа сый тарту еткен соң не шара? Қарттық өз алдына, тағдыр тәлкегін тартқан адамның жүйкесі де жұқаратыны белгілі. Сондықтан да болар сәл нәрсеге ренжіп, кейбір жағдайларға көңілі толмайтын кездері де болып тұрады. «Шындығын айту керек, мұндағы 300-ден аса адамның бәрінің бірдей бабын табу қиын. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагері бәріне ортақ телефонды місе тұтпай өзінің тұрғылықты бөлмесіне жеке нөмір құрғызып беруімізді өтінді. Жеке телефонның орнатылуы, абоненттік төлемі барлығы да қаржылай шығынды талап ететіндігі белгілі. Бірақ, қария зейнетақысынан төлеп тұруға келісім бермеді. Сондықтан, журналистердің көмегіне сүйене отырып, демеуші тауып, қарияның тілегін орындадық. Осыдан кейін, дәл осы тұрғынымыз тағы да бөлмесіндегі теледидарды кабельді жүйеге қосып беруімізді сұрады. Бұл да тағы да қаржыны тала етеді. Зейнетақысын өзіне қажетті дүниеге емес, балаларына бергенді жөн көреді. Сонда да, қарттың көңілін түсіргіміз келмей, әлде де демеуші іздеп жатқандығымды, мүмкіндік болып жатса, алдағы уақытта бұл өтінішін де қанағаттандыратындығымызды жеткіздім» – дейді Нұрзия Әлімбекова. Иә, шындығында да, мұнда қаншама адам болса, соншама тағдыр бар. Олардың әрбірінің көңілінен шығу қиынның қиыны екенін мекеменің тыныс-тіршілігімен жете танысқанда байқадық. Мекеме басшылығымен тілдесу арқылы «Ардагерлер үйіндегі» мән-жайға қаныққан соң, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өзге емес, қан майданның ішінде болған қариялардың өзімен тілдескенді жөн санадық. «ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫН КӨРСЕМ, АРМАНЫМ БОЛМАС ЕДІ...» Отан үшін кеудесін оққа тосқандардың бірі – Кенесары ата. Бүгінде 92 жастағы қарияның хал-ахуалы жақсы деуге келмейді. Төсекке таңылыпты. Құлағы да дұрыс естімейтіндіктен, дауыстап сөйлесуге тура келді. Әйтсе де, қойған сауалдарымызға тәп-тәуір жауап берді. Кенесары АЛДИЯРОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Соғысты 1942 жылы 2-ші Украина майданынан бастадым. Танкке қарсы қару қолдану взводының командирі, гвардия лейтенанты болдым. Жаумен алысып жүріп, аяғымнан жарақат алдым. Госпитальда ем қабылдағаннан кейін 3-ші Украина майданына жіберілдім. Кейін 69-шы гвардия дивизиясының, 206-шы атқыштар полкінде танкіге қарсы артилерия взводының командирі болдым. Қаншама адамның қанын төккен сол бір сұрапыл соғыс жылдары жеңіске жетуге асықтық. Көптен күткен Ұлы Жеңісті Вена қаласында қарсы алдым». Бүгінде мүгедек атанған Кенесары ата «Қызыл Ту» және Ұлы Отан соғысының 1-дәрежелі орденінің, «Будапештті азат еткені үшін», «Венгрияны азат еткені үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері. Ерліктің ерен үлгісін көрсете білген қария шынында да қандай құрметке болса да лайықты. Бірақ, осындай омырауы орденге толы қазыналы қарияға өз үйінің бір бұрышынан орын табылмағаны өкінішті. Бұл мәселені қозғау арқылы ол кісінің жанына жара салатынымды да білемін. Сөйте тұра, «Мұнда келгеніңізге қанша уақыт болды?» дедім. «Мұнда келгеніме үш жылға жуық уақыт болды. Құдай қосқан қосағымнан айырылғасын жалғыз қалғандай сезіндім. Ұлымның өзі науқас болғандықтан, оған масыл болғым келмеді. Сондықтан да, осында келгенді өзім жөн көрдім. Әйтпесе, олар менен бас тарпайды ғой», – дейді атай. «Қарға баласын аппағым дейді» демекші, өз баласы өзектен тепсе де, оған әсте шаң жуытқысы келмейді. Сөз соңында ол: «Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көрсем арманым болмас еді» – деді жанарына жас алып. Біз де, Кенесары атаға Жаратқан иеміз жыл сайын Жеңісті көруді және жарқын жүзбен жүзге жетуді жазсын деп тіледік. ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІН ҚОЛДАҒАНЫ ҚАРИЯЛАРҒА ҚУАТ БЕРДІ «Ардагерлер үйінің» тағы бір тұрақты тұрғыны – Жанаш ШӘКІРОВ, тыл еңбегінің ардагері, Қазақстанның құрметті теміржолшысы. Тоқсан жасқа таяғанына қарамастан әлі де қунақы көрінген Жанаш қарияға хал-ахуалын білуге келгенімізді айттық. Ол кісі риза болып қалды. Сөйтті де, ағынан ақтарыла әңгімесін айтты: – Өзім Жаркент өңірінің тумасымын. Жастайымнан ата-анадан айырылып, жетім қалғандықтан интернат үйінде тәрбиелендім. 14 жасымнан бастап еңбекке араластым. Сол бір сұрапыл соғыс кезінде, яғни, 1941-1945 жылдар аралығында Новокузнецк және Сталинск қалаларында тыным таппай еңбек еттім. Тіпті, тәулігіне жарты сағат қана демалатын кездер де болды. Рельс шығаратын зауытта қабырғаны қайыстыратын қара жұмыс істедім. Соғыс аяқталғаннан кейін, 50 жыл бойы табан аудармастан, теміржол саласында еселі еңбек еттім. Жүк пойызының бастығы болдым. Менің бұл саладағы еңбегімді бағалап, маған «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атағын да берді. «Қазақстан теміржолы» тарапынан түрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп тұрады, – дейді Жанаш ақсақал. Иә, тоқсанға таяғанына қарамастан, телеарнадағы жаңалықтың бәрін қалт жібермейтін қария жақында ғана ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың ҚР Премьер министрі К.Қ.Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында Жеңістің 70 жылдығын тойлау шеңберінде Ұлы отан соғысының тыл ардагерлерінің құқықтық мәртебесін бекітуді сұрағандығын естігенде, бір марқайып қалдым дейді ақсақал. «Сонау қиын-қыстау заманда еткен еселі еңбегіміз ел егемендігін алған бүгінгідей бейбіт күнде мемлекеттік дәрежеде көтерілуінің өзі біздің еңбегіміздің еленгендігі» – дейді ол. Елі үшін аянбай, еселі еңбек еткен қариядан мұнда қалай тап болғандығын да сұрадық. «Баяғыдай күш жоқ бойымда. Денсаулығым әлдеқашан сыр берген. Бүгінде ІІ топтағы мүгедекпін. Осының бәрі де сол сұм соғыстың зардабы. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдім. Кемпірімнің көзі кеткен соң, оларға да сыймадым. Ұлым жап-жақсы-ақ еді. Бәрін де сол қу арақ құртты. Әйтсе де, «іштен шыққан шұбар жылан» емес пе? Олардың тырнағын да жамандыққа қия алмаймын. Өзім осында отырсам да, бүгінгідей қымбатшылық жайлаған заманда балаларым мен немерелерім қайтіп күнелтіп жатыр екен деп солар үшін алаң боламын. Мемлекет тарапынан 70 мың көлемінде алатын зейнетақымды да, тым болмаса, тамаққа тоқ жүрсін деп балама бердім. Өзіме қаржы керек болған кезде, сұрап аламын дейді қарт. Ата-анасын керек қылмай, қарттар үйіне өткізуге қымсынбағандарды қатыгез демеске лажың жоқ. Бар міндетті мемлекеттің мойнына артып қойған балалар, қарияның зейнетақысына ортақтасуға да арланбайды екен. Мекеме басшылығы да, зейнетақы алған уақытта қарттардың ұл-қыздары тұрмақ, туысының туысы да іздегіш болып кететіндігін жасырмайды. Ал біздің атқамінерлер болса, қамкөңіл жандардың зейнетақысын қысқарту арқылы үнемдеуге көшпекші. Бұл жығылғанға жұдырық бола ма, жоқ әлде мемлекет қазынасының бір жыртығын жамай ма, ол да уақыттың еншісіндегі дүние. АТА-АНАСЫН ЖЕРЛЕУДЕН БАС ТАРТАТЫНДАР ДА БАР Қарттар үйіндегі қариялармен тілдескендегі аңғарғанымыз, олардың көпшілігі бүгінгі өмірден гөрі, өлімді жиі ойлайды. Ал, ай мен күннің аманында ата-анасынан жеріген безбүйректер оларды ақ жуып, арулап көмбек түгіл, соңғы сапарға шығарып салуға келмейтіндер де бар екен. «Әрине, ешкім мәңгі өмір сүрмейді ғой. Қариялар өмірден өтсе, біз сол мезетте-ақ, балаларына, туыстарына хабар береміз. Түрлі желеумен, ата-анасын жерлеуден бас тартатындар да бар. Ондай кезде мекеме ұжымы, өз ұлтының дәстүрімен жерлеу рәсімін өткізеді. Мұның барлығы мемлекет тарапынан қарастырылған», – дейді мекеме басшысының орынбасары. Айтыңызшы, әлемнің жарығын сыйлаған анасын, қолындағы барын аямаған әкесін тентіретіп жібергенімен қоймай, соңғы сапарға аттандырып, бір уыс топырақ салуға жарамағандардан не үміт күтуге болады? «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген сөздің бар екенін ескерсек, оларды да алдында осындай қарттықтың күтіп тұрғаны анық. Болашағың жарқын болсын, десең, бүгін не істеп жүргеніңді ой таразысына салып көр, қазақ баласы... Гүлмира САДЫҚОВА "Қазақ үні" газеті