УКРАИНА "СОВЕТТІ" ӨШІРМЕК, БІЗДЕ «ПЕТР, ПАВЕЛ» ӘЛІ ТҰР

Украина Жоғарғы Радасы қабылдаған заңға сай, облыс, аудан, қала, ауыл, көше және басқа да жергілікті биліктер топонимикалық нысандардағы коммунистік белгі, рәміздерге, советтік атауларға тиым салып, ауыстыруға міндетті болады. Бұл туралы lb.ua сайты жазған.

Хабарға сай, тиым салынған советтік рәміз, атауларды - облыс атаулары, аудан мен елді мекендердің атауы, қаладағы аудандар мен шағын аудандар, гүлзарлар, бульварлар, көшелер, тұйық көше, беткейлер, даңғылдар, саябақтар, Майдан, жағалаулар, көпірлер мен басқа да нысандардағы топонимдер, сондай-ақ кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар атаулары қамтиды. Онда 1917 жылғы 25 қазаннан коммунистік партияда аудандық хатшы қызметінен бастап, биліктің жоғарғы органдары мен басқармаларында; СССР, УССР және басқа да одақтық, автономды одақтық республикалық қауіпсіздік қызметтерінде жұмыс істеген тұлғалардың есімі мен бүркеншік аттарын, жоғарыда аталған органдар мен басқармаларға қатысты коммунисттік партия қайраткерлерінің есімін, ХХ ғасырда Украинаның әкімшілік-территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы қызмет атқарған барша есімдерді ауыстыру көзделген.

Жергілікті билік органдарына заңға сай аталған жұмысты алты ай ішінде аяқтауы да міндеттелген. Атап айтқанда, Днепропетровск обылысы мен Днепропетровск қаласы,  Артемовск, Дзержинск, Днепродзержинск, Кировоград, Красноармейск, Орджоникидзе, Свердловск, Щорс, Южнокомунарск қалаларының атауы, «Петровка» станциясының, басқа да көптеген топонимикалық атаулар өзгертілетін болады.

Қазақстан да Украина сияқты СССР құрамында болды, әрі ең соңғы болып одақтан шықты. Қазақстан картасын ашып қалсаңыз, советтік атаулардан көз сүрінеді. Бір анық мысал: Петропавл мен Павлодар сияқты облыс орталығы болып отырған екі үлкен қаланың есімі әлі күнге патшалық отаршылдық пен  советтік тарихты мен мұнда етіп, идеясын айшықтап тұр. Бұл екі қаланың есімін ауыстыру әлсін-әлсін қоғам тарапынан көтерілгенімен қолдау таппай келеді. Қазақстанда соңғы рет 1998 жылы республикалық маңызы бар бірнеше қаланың атауы өзгертілген.

Былтыр, Елбасы Назарбаев Қазақтың тарихы сонау ерте ғасырлардан басталатынын айтқан, әрі Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауға пәрмен берген болатын. Осы мерекелі жылға байланысты қоғам белсенділері мен әлеуметтік желіні қолданушылар солтүстіктегі советтік атау иеленген екі қалаға Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардың есімін беруді ұсынып отыр. Бұның билік тарапынан қаншалықты қолдау табатыны белгісіз. Себебі, былтыр Алматы және Астана қаласындағы советтік билікте қызмет еткен Мирзоян есіміндегі көшенің ғана атауын ауыстыру үлкен дауға айналған болатын. Астана қаласындағы Мирзоян көшесінің есімін өзгерту туралы шешім былтыр шыққанымен оған тоғыз ай дегенде - алдыңғы аптада ғана толықтай қол жетті.

Ресей билігі соңғы кездері түсініксіз саясатқа жол беріп жатыр. Атап айтқанда, кезінде өздері айыптаған Сталин сияқты тұлғалардың есімін халық ішіне қайта үгіттеп, көше, музей сияқты мемлекеттік нысандарға оның есімін қайтаруда.

Естеріңізге салатын болсақ, Коммунистік партия билік еткен СССР тарихында Сталин репрессиясынан, цензуралық қудалаулардан миллиондаған адамдар қуғын-сүргінге ұшырап, отанынан, отбасынан жырақта жан тапсырды. Жүз мыңдаған зиялылар мен ұлт және мемлекет қайраткерлері ату жазасына кесіліп, отбасы мен балалары лагерлерде ауыр азаптауларды бастан кешірді. Соған қарамастан Қазақстанда қазіргі таңда коммунистер атын иемденген екі бірдей партия бар. Тіпті, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан бір адам президенттікке кандидат болып тіркеліп, еркін үгіт-насихат жүргізуде.

Нұрғали НҰРТАЙ

Abai.kz