Қарағанды облысында бөгет жарылып, үйлер қирады (фото)

Қарағанды облысы Абай ауданы Жұмабек аулында Көкөзек өзенінің тасуы салдарынан бөгет жарылды, тасқын судың әсерінен тұрғын үйлер қирады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан хабарлайды.

“Қазіргі кезде біз облыс территориясы бойынша негізгі өзендерді бақылауда ұстап отырмыз. Ал Жұмабек  ауылы туралы айтар болсақ, кеше 17-18 сағат шамасында Көкөзек өзені тасыды. Мұз қиыршықтары бөгетті жарып жіберді. Түнде елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін қажетті шаралар жасалды”, – деді ІІМ ТЖ Комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Жасұлан Жұмашев. Оның айтуына қарағанда, су астында қалған 17 үйдің 42 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында елді мекеннің барлық тұрғындарын жақын маңдағы Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылына көшірген, барлығы 500 адам. “Су тасқыны адамдарды да шайып кетпесін деп тұрғындарды көшірдік. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Әкімшіліктен арнайы көлік бөлінді”, – деді Жұмашев. Photo: Қарағанды облысында бөгет жарылып, үйлер қирады (фото) Photo: Қарағанды облысында бөгет жарылып, үйлер қирады (фото) Ведомствоның ақпаратына сәйкес, апатты орынға Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың күші жұмылдырылған. Барлығы 138 адам мен 15 техника бар. “17 үйді су басты. Бір екіпәтерлі сабан үй қирап қалды”, – дейді Құрман ауылының әкімі Жанат Жұмаділ. Сондай-ақ бірнеше үйлер мен шаруашылық құрылыстарының қабырғалары бұзылған.

“Қираған үйлерді қарап шығып, келтірілген залалды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Шығын заң бойынша өтеледі”, – деді Абай ауданының әкімі Серік Шайдаров.

ІІМ ТЖ Комитетінің ақпаратына сәйкес, қазіргі кезде Абай ауданында 93 үйді су басқан. Барлығы 60 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның ішіндегі 20 баланы мектеп ғимаратына көшірді.  Жаңаарқа ауданының Ақшағат ауылында су басу қаупімен  36 тұрғынды көшірді. Шет ауданының Еркіндік ауылында еріген қар  суының салдарынан 15 шаруашылық құрылыстарын су басып қалды.  Оқиға орнында ОҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы жұмыс жасауда. Photo: Қарағанды облысында бөгет жарылып, үйлер қирады (фото) Photo: Қарағанды облысында бөгет жарылып, үйлер қирады (фото) Қарқаралы ауданының Ынталы аулында қар суының салдарынан 148 үй мен 150 шаруашылық құрылыстары су астында қалған. 718 адам қауіпсіз жерге көшірілді.  Оқиға орнында ҚР ІІМ мен жергілікті атқарушы органдардан 32 адам мен 7 техника жұмылдырылды. Photo: Қарағанды облысында бөгет жарылып, үйлер қирады (фото) Жалпы Қарағанды облысында тәулік бойы жұмыс істейтін 54 бекет құрылды. Олар өңірдегі сел жағдайын бақылайды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Су деңгейі әр 10-15 минут сайын тексеріледі. Селдің алдын алу мен оны жою үшін 73 млн. теңге қарастырылғаны аталып өтілді. Сонымен қатар кезек күттірмейтін мұқтаждықтарға  300 млн. теңгеден астам қор бар.