Әміржан Қосанов: САЯСАТТА БОЛУ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОППОЗИЦИЯДА ЖҮРУ ДЕГЕН СӨЗ ЕМЕС...
2015 ж. 13 сәуір
2296
1
– Әміржан аға, сіздің негізгі мамандығыңыз журналист екенін жақсы білеміз. Алайда халық сізді көбінесе саясаткер деп таниды. Өзіңізді үлкен саясат сахнасына тілшілік кәсібіңіз алып шықты деп ойлауымызға бола ма?
– Журналистика – қоғамдық өмірмен тікелей байланысты мамандық қой. Жасымнан қайнаған қоғам тіршілігімен белсене араласып, елімізде болып жатқан оқиғаларға қатысты ой-пікірімді ашық айтып дағдыланғанмын. Яғни, жастайымнан бүкпесіз сөйлеуге үйреніппін; әлі күнге дейін сол қалпымнан айни алар емеспін. Саясаткерлікке жетелеген де, міне, сол мінезім шығар. Әйткенмен, саясаттың да саясаты бар. Менің бір түсінгенім – билікте жүріп те саясатпен айналысуға әбден болады. Кезінде биік басшылық төңірегінде мен де жүргенмін. Жалпы, саясат белгілі көзқарассыз, нақты пікірсіз өмір сүре алмайды. Өз ұстанымыңды айқындау, қоғамда болып жатқан оқиғаларға дәл баға беру, сөз сөйлеу, жазу, өзі, журналистің төл міндеті емес пе? Мен сол шаруаларды қатар атқарып келеді екенмін. Тіпті, «саясатқа араласпаймын» деген күннің өзінде де, қаламды тастай алмаймын-ау. Сондықтан да, журналистика мен саясат менің маңдайыма жазылып қойған тағдыр болар...
– Кітапты көп оқисыз ба? Айталық, азамат, саясаткер болып қалыптасуыңызға қандай қаламгерлер зор ықпал етті дей аламыз?
– Жалпы, бала кезімнен кітапты көп оқыдым. Бір ғұлама «өзін сауаттымын деп санайтын адам күніне кем дегенде кітаптың 40-50 бетін үзбей оқып жүруі керек» деген екен. Осы қағиданы басшылыққа алып келемін. Әрине, өмір ағымына, күнделікті тіршілік ырғағына қарай бұл «ереженің» бұзылып тұратын кездері де жоқ емес. Бірақ, негізінен, солай. Мектепте жүргенде Батырлар жыры мен түрлі дастандарды беріле оқитынмын. Біразын жатқа да айтатынмын. Тегінде, маған қазақ және әлем әдебиеті, философиялық және тарихи еңбектер ерекше ұнайды. Мерзімді баспасөзді де үзбей қарап отырамын. Арасында жарыққа шыққан жаңа кітаптарды да тауып алуға тырысамын. Өкінішке орай, кейде соған үлгермей де жатасың. Саясаткер болуыма белгілі бір кітап, немесе автор әсер етті деп айта алмас едім. Қазір ойлап отырсам, саясат жолына түсуіме ықпал еткен бірден-бір адам – әкем екен. Ол кісі мені кітап оқуға баулыды. Қолымнан жетектеп апарып, аудандық кітапханаға жаздырды. Үйде де тым жақсы кітапхана жасап қойған болатын. Әкем маған «мемлекетшіл бол, әділеттілік жолынан айныма!» деген өсиет қалдырды.
– «Мемлекетшіл болу» деген ұғымның аясына не сыйғызуға болады?
– Мемлекетшіл болу дегеніміз – елдің мүддесін өзінің қара басынан жоғары қою деген сөз...
– Адам саясатта белгілі билікке қол жеткізу үшін жүретін болар. Ал, сіздің мақсатыңыз қандай?
– Елдің бәрі бірдей Президент бола алмайды. Және ол орын біреу ғана ғой. Ал біз 17 миллионнан асып кеттік. Өз басым мемлекеттік қызметті бір кісідей көрдім. Мансапқа аса құмартпаппын. Нақты бір лауазымды қызметке, биік орынтаққа қол жеткізуді мақсат тұтпаппын. Кезінде маған да небір ұсыныстар түскен. Олардан «сыпайы» түрде бас тартқанмын. Осы жүрген жайым да өзінше бір билік емес пе? Яғни, елдегі жағдайға әркез үн қосып отырамын. Бұл да өмірді өзгертудің бір амалы емес пе?
– Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жастарға үлкен үміт артқанын білесіз. Бүгінгі жастарға көңіліңіз толмайтын сәттер кездесе ме?
– Философияда «Әке мен бала» деген терең ұғым, белгілі тақырып бар. Бұл да ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өз шешімін таба алмай келе жатқан дилемма. Шындығын айтсақ, ол шешім ешқашан табылмайтын да шығар. Яғни, екі буын арасында үйлесім де, қарама-қайшылық та, белгілі бір деңгейде түсінбеушілік те кездесіп тұруы заңдылық деп білемін. Өз басыма келсем, қазіргі жастарға көңілім әбден толады. Олар өз заманының түлектері, олардың білімі, сана-сезімі, талғамы, керек десеңіз, болмысы да бізден мүлдем бөлек. Көп жағдайда олар бізден көш ілгері. Менің ойымша, бұл жерде сауал басқаша қойылуы керек еді деп ойлаймын. Мәселен, менің – жастарға емес, жастардың маған көңілі тола ма екен?! Міне, осы сауал көбірек мазалайды. Және саясатта жүрген менің қатарластарым да осы сұрақ төңірегінде бір сәт те болса, ойланса деймін.
– Өскелең буынға мықты саясаткер болу үшін қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Кез келген маман ең алдымен білімді болуы тиіс деп есептеймін. Білімді мыңды жеңетіні ежелден мәлім дүние. Оған қоса, адам өзіне талапшыл болуы керек. Қоғамда және әлемде болып жатқан оқиғаларды жіті бақылап, солардың шешімін табуға тырысуы қажет. Жоғарыда айтқанымдай, саясаттың да саясаты бар. Әрине, саясатта болу міндетті түрде оппозицияда жүру деген сөз емес. Билікте жүріп-ақ саясатпен айналысуға болады деп әлгінде айттық қой. Жалпы, бізде оппозициялық саясат – «тар жол, тайғақ кешу» сынды аса қиын жол. Әйтпесе, кеудесін соғып жүрген талай адам соның қиындықтарына шыдамай, арамыздан тайқып та кеткен. Кез келген өркениетті қоғамда оппозиция өз алдына дербес институт ретінде танылуы тиіс. Онсыз қоғам дамымайды. Қайткенмен, саясатқа келемін деген әрбір жастың өз таңдауы өзінде...
– Ал, осы жолда өзіңізге бағыт-бағдар көрсеткен ұстазыңыз бар шығар?
– Мен басшылық мемлекеттік қызметке де, оппозициялық саясатқа да тым ерте араластым. Жиырма сегіз жасымда – министрдің орынбасары, ал отыз төртімде белді партия басшыларының бірі едім. Сол себептен де, көбіне өзімнен жасы үлкен азаматтармен қызметтес болдым. Нақты айтатындай ұстазым жоқ екен. Шапағаты мен көмегі тигендер, ақылын айтқандар болды, әрине. Мен оларды шартты түрде «ұжымдық» ұстаздарым десем де болатын шығар. Алайда, солардың да араларында тапа-тал түсте көзімді бақырайтып тұрып, сатып кеткендері де кездесті. Соның бәрі сабақ емес пе? Ондай сабақтар адамға қажет!
– Қандай да бір бизнесіңіз бар ма?
– Мені асырап жүрген – қаламым мен «Қосанов» деген фамилиям ғана. Ешқандай бизнесім жоқ...
– Өткен жылы сізді көлік қағып кетіп еді. Қазір денсаулығыңыз қалай?
–Шыны керек, операциядан кейін жарты жылдай үйде жатып қалдым. Бір жағынан, ол да теріс болмағандай, армансыз кітап оқыдым. Жазу да жаздым. Ойымды жинақтадым. Балдақтың да қадірін білгендеймін. Қазір болса, Құдайға шүкір, шапқылап жүрмін.
–Бос уакытынызды қалай өткізесіз?
– Қолым қалт еткенде, шешемнің үйінен бір шығамын. Ол кісі бүгінде Алматыда тұрады. Бір сәт Анамның қасында жүру –мен үшін нағыз демалыс! Шешем де бір жасап қалады. Қалған уақытта кітап оқимын, жазамын. Отбасыммен, достарыммен демалғанды жақсы көремін.
– Өзіңізді қандай әкемін деп ойлайсыз?
– Әрине, әкелік парызымды ел қатарлы атқаруға тырысып жүрмін. Бірақ өзімді жақсы әкелердің қатарына қоспаймын. Өйткені, балаларыммен бірге болуға уақыт таба бермеймін. Ол, әрине, дұрыс емес. Сонымен қатар, саясатта жүріп қалып, балаларыма басқалар секілді зәулім үй, мол ақша тауып бере алмадым. Өйткені, айтқанымдай, ешбір бизнесім жоқ; мемлекеттік қызметте адал еңбектендім. Бәрін де халық көріп отыр. Дегенмен, балаларымның жақсы білім алып, рухани бай болуларына тырысып жүрген жайым бар...
– Әңгіме ауанын өзгелеу арнаға бұрсақ. Жуырда Путин Астанада ортақ валюта жайын айтты. Осы жөнінде көзқарасыңыз қандай?
– Ортақ валюта – ортақ қаржылық саясат деген сөз. Яғни, ортақ саясат дегеніміз – ортақ тағдыр, ортақ болашақ. Әлемдік деңгейде ең тұрақсыз валюта боп саналып жатқан рубльмен «құда-құдандалы» болып жатқанымыз қалай болады екен?! Сол жағын ойластыру керек. Әрине, Путин алдымен «ортақ валюта болмайды, тек қана Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қаржы байланысының құралы ретінде ортақ эквивалент қана болады, теңге мен рубль өз елдерінде айналымда жүре береді» деп басу айтуы мүмкін. Бірақ ортақ қораға бір кіргеннен кейін, одан өз еркіңмен шығу оңайға соқпасы анық. Батыстың да антиресейлік санкциялары күшеймесе, азаймай тұр. Оның өзі Қазақстан экономикасына теріс әсер ететінін биліктің өзі ашық мойындап отыр. Олай болса, санкциялар «мұзтауына» соқтыққан ресейлік «Титаникке» мінгесіп жатуымыз – үлкен қате. Ресей біздің тарихи көршіміз, дос болайық, сауда-саттық жасайық. Бірақ бір одақ құрамында болып, нақты міндеттеме алу – шарт емес деп санаймын.
– Жуырда әлеуметтік желі арқылы алдағы
Президенттік сайлауға қатысуға ниет білдіргеніңізден хабардар едік...
– Иә, ондай ойым болды. Қоғам тарапынан да ұсыныс білдірілгені рас. Ол туралы елге ашық айттым. «Жалғыздың үні шықпас» – сайлауға қатысу көптің ісі болғандықтан, әлеуметтік желіде әрі өзара әңгімеде жұртпен ақылдасқаным да жасырын емес. Ал бас тартқанымның себебі мынада: сайлауға кез келген адам «міндетті түрде жеңемін!» деп шығуы керек. Қалғанының бәрі – бос сөз, жеке бастың жарнамасы деп білемін. Сайлау арқылы дым болмаса өзін елге бір көрсетіп қалу амалы деп санаймын.
– Қай мемлекеттің даму моделін құп көресіз?
– Өз басым белгілі бір үлгіні автоматты түрде енгізуге қарсымын. Кез келген елге жарай қалатын әмбебап, әрі мінсіз үлгіні көрген жоқпын. Модельдер көп, қазақ – жалғыз! Сондықтан, дамыған елдер үлгілерінің ішіндегі ең қажет тұстарын өзіміздің тәжірибемізге қосуымыз керек.
– Қазаққа қауіп қайдан?
–Қазаққа қауіп көп. Өз ішінен де, айналасынан да. Қазақ та бүкіләлемдік бәйгеге сәйгүлігін қосқан, жанашыр досынан гөрі іштен тынған бәсекелестері көп ұлт. Басты қауіп – өз кемшіліктерімізде. Бірақ мен «қазақ пәленше екен, түгенше екен» деп қателік пен мін атаулының бәрін тізбелей беруге де қарсымын. Ал тұтас ұлттың кемшіліктері біздің әрқайсысымыздың жетімсіздігімізден құралады. Сондықтан, әркім істі өзінен бастаса, ұлтымыз да жанжақты ілгерілей түсетіні анық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Сейілбек АСАН
qazaquni.kz