Астанада Мирзоян көшесіне академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді

Mirzoyan Осы уақытқа дейін Елордамыз Астананың төрінде қазақты қырған Мирзоянның атындағы көшені қазақшалау қажеттігі республикалық «Қазақ үні» газеті мен «Қазақ үні» ұлттық порталында «Қазақты қырған Мирзоянды неге әспеттеп отырмыз?» ( http://www.qazaquni.kz/?p=28550), «Халықты қырған Мирзоянның көшесі қашан алынады?» (http://www.qazaquni.kz/?p=28121) деген тақырыптармен бір емес, бірнеше рет көтерілген болатын. Көптен бері көпшілікті мазалаған мәселе шешімін тапты. Астана қаласы­ның әкімі Әділбек Жақсыбеков­тің қаулысымен және қалалық мәслихаттың шешімімен Левон Мирзоян атындағы көшеге қазақ халқының біртуар ұлы, академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді. Сондай-ақ, бірқатар көшелер Өзбекәлі Жәнібеков, Шыңғыс Айтматов, Ұзақ батыр, Жәмеңке абыз, Жантай батыр, Зейін Шашкин, Әмина Өмірзақова, Ілияс Омаров секілді белгілі тұлғалардың есімімен аталатын болды. Бір ғана Астана қаласындағы көшелер емес, еліміздің жер-жеріндегі өзге тілдегі атауларды қазақшалау керектігі кезек күттірмейтін мәселе екендігі біздің басылымымызда тұрақты көтеріліп келе жатқанын көзіқарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Жалпы, Алматы қаласында Қазақстанның 110 мың адамын «халық жауы» деп қаматып, 25 мыңын аттырып жіберген Л.Мирзоянның жауыздығын біле-тұра оның атындағы көше атауын өзгертуді кешіктіріп отырмыз? Бұл мәселе қала әкімі Ахметжан Есімовтің назарына қалайша ілікпей отыр екен? Гүлмира САДЫҚОВА "Қазақ үні" газеті