Ойын бизнесі кімге керек?

опындырган-ойын Парламент Сенатының жалпы отырысында жоғары палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, оны екінші оқылымға әзірлеуге жіберді. «Аталмыш заң жобасы осы саладағы олқылықтарды жою, ойын бизнесі туралы заңнаманың бұзылуын бақылауды қатаңдату, сондай-ақ заңнамалық шектеулерді айналып өтетін ережелерді алып тастау арқылы ойын бизнесі саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын жетілдіру мақсатында әзірленді» - деді заң жобасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Одан әрі министр мырза ойын бизнесі заңын бұзушыларға жазаның қатаң түрлерін жобаға енгізгенін, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, тәптіштеп шықты. Бір қарағанда тың ұсыныстарымен жиі көрініп жүрген министрдің бұнысын қолдауға да болады. Заң бұзушылық салдарынан салық түріндегі қомақты қаржы мемлекет қоржынына түспей, сырт кетіп жатқаны да рас. Бірақ, біз өзімізге «Ойын бизнесі кімге керек?» деген сұрақты қойып көрдік пе? Ендеше алдымен осы мәселенің басын ашып алайықшы. Бір кезде бүкіл елімізді жайлаған құмар ойынды шектеп, Бурабай мен Қапшағай жағалауына ығыстырдық. Сол кезде осы бір құмар ойын кесірінен қаншама адам зардап шеккені туралы аз айтылған жоқ-ты. Бірақ, қолданған шарамыз жаңағыдай болды. Табиғаты көркем жерлерге жіберіп, ғасыр дертіне жағдай жасап бердік. Қаншама адам бұл ойынға бүкіл ақшасын, баспанасын ұттырып, жақын жандарынан айырылды. Қаншама бала-шағаның көз жасы төгілді. Қаншама шаңырақ құлап, отбасы ойрандалды. Солай бола тұра біз соның бәріне көз жұмып қарадық. Осы бір ордасымен осылғыр ойынды біржола тиып тастау туралы көпшіліктің тілектері мен ұсыныстары мүлдем ескерілмей қалды. Демократия десе, қос танауы делдиіп кететін заңгерсымақ біреулер бұл адам құқығын шектеу деп шықты. Сонда кімнің құқығына қол сұғыппыз? Бұл ойынды кімдер ойнайды? Әрине, қалталылар. Маңдай терімен тапқан ақшаңызды ойынға өзіңіз салар ма едіңіз? Жоқ. Көзбояғыш, алдау-арбаудан тұратын ойыннан аулақ жүресіз. Ал арам жолмен тапқан ақшаның қадірі болмасы белгілі, өйткені еңбекпен келмеген. Олай болса арақ ішуді қолдап, жезөкшелікті жолға қойып, алаяқтықпен айналысатындар арасында жарыс өткізейік, содан түскен қаржы жыртығымызды жамайтын болса. Бұл ойын ғана емес, дерт. Бір рет әуестенген адам одан айналсоқтап шыға алмай қалады. Қалтасы қалыңдардың қылшығы да қисаймайды, ал қолына сәл-пәл ақша түссе ойынханаға жүгіретін қатардағыларды қайтеміз? Бүкіл айлығын ойынханада қалдырып, бала-шағасын аш-жалаңаш қойғандар аз ба? Дәп қазір осы ойынды біржола жабу керектігі жөнінде референдум өткізсек, халықтың 99 пайызы қуана келісер еді. Сонда ат төбеліндей аз ғана қалталы қызыққұмарлар үшін заң шығарып, оны қайта-қайта түзеп несіне арамтер боламыз? Еліміз бойынша құмар ойын атаулыны тоқтатып, бір ғана заңмен мәселені түпкілікті неге шешпейміз? Ал ақшаларын қайда шашарын білмегендер шетелге шығып шерлерін тақатып келсін, соңғы шекпенін шешіп беріп, тыр-жалаңаш қайтса да өз еріктері білсін. Біз түркі әлемінде көшбасшы елдердің қатарындамыз, мұсылман мемлекетіміз. Ал, нағыз мұсылман елдері құмар ойынды қолдамақ түгіл ол туралы естігісі де келмейтіні белгілі. Олай болса біздің ойын бизнесіне ерік беруімізге жол болсын? Батыс десе, басымызды жоғалтатын жаман әдетіміз осы емес пе? Бір ғана мысал, Монако деген бар-жоғы екі мың шаршы шақырым жері бар ергежейлі мемлекет бар. Олар амалсыздан ойын бизнесімен баса айналысады екен. Өйткені басқа байлықтары жоқ. Бізде ше? Бізде бәрі бар. Құдайға шүкір, құмар ойын бизнесіне күніміз қарап қалған жоқ. Бұл біздің ұлттық үрдісімізде де болмаған құбылыс. Ұлтының болашағын ойласа депутаттарымыз құмар ойын атаулыны елімізден аластатып, біржола тоқтату туралы заң қабылдағаны жөн. Бұл қалың оқырмандар атынан айтылған ұсыныс деп есептеңіздер, құрметті халық қалаулылары! Зейнолла АБАЖАН "Қазақ үні" газеті