Қазақ-өзбек шекарасындағы қарулы шабуыл
2015 ж. 02 сәуір
1573
0
Қазақ-өзбек шекарасында қарулы шабуыл орын алды: шекараны бұзған екі адамның бірі келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгеріне пышақ ала жүгіріп, қарулы қарсылық танытты.
Бұл туралы Қазақстан жаңалықтары агенттігіне ҰҚК ШҚ-нің баспасөз қызметінен хабарланды.
“Қақпақ” заставасының келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгерлер жасағы У.Жұмахов пен Н.Әбдірашев мемлекеттік шекараның қазақ-өзбек учаскесін күзетіп тұрған еді. Айналаны қарап жүрген шекарашылар іргелес аумақта жүрген белгісіз екі адамды көріп, оларды бақылауға алған. Бұл адамдардың шекарадан заңсыз өту үшін қолайлы орын іздеп жүргендері түсінікті болды.
Қолайлы сәтті таңдаған қаскүнемдер шекараға қарай жүрді. Жасақ радиостансадан болып жатқан жағдай туралы бірден заставаға хабарлаған. Бірнеше минуттың ішінде бөлімше команда бойынша көтерілген.
“Өздеріне жақындап келе жатқан шекаралық “УАЗ” көлігін көрген шекара бұзушылар қаша жөнеледі. Шекарашылар біреуін бірден ұстады. Өзімен бірге пышағы болған екіншісі қарсылық танытты. Қол жекпе-жегі әдістерін қолданған аға сержант Н.Айдаров оны қарусыздандырды”, – делінген хабарламада.
Ұсталған Қазақстанның 30 жастағы азаматы мен Өзбекстанның 35 жастағы азаматы ағайындылар болып шықты. Тексеру барысында ұсталғандар Өзбекстанда қаруды ұрлау және заңсыз сақтағаны үшін сотталғандары анықталған.
“Оларға қатысты “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз қасақана бұзу” және “Қызметін атқарған билік өкіліне қарсылық таныту” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп атап кқрсетеді ведомство.
Жасақ құрамы қызметін қырағылықпен жүргізгені үшін марапатқа ұсынылды.
Дереккөз: ИА "Новости-Казахстан"