Монополия ма әлде "мафия" ма?

энергия Біздегі бұғаусыз бағаларға қашан бақылау болар екен? Тарифтік бағаларды үсті-үстіне көтерген монополистер түскен пайдаға қымбат көлік пен жаңа жиһаздар сатып алған. Ал тозығы жеткен электр, жылу желілерін жаңартуға ақша жоқ деп Үкіметке алақанын жайып, жылаумен келеді. Халықтың емес, өз қамдарын ғана ойлаған монополистердің айлалы әрекеттері сенаторлардың да назарына ілікті-ау ақыры. Ашуға мінген сенатор Қуаныш Айтаханов «Табиғи монополиялар» жөніндегі заң жобасын алып келген Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевты «дүренің» астына алды. Өйткені жаңа жылдан бастап жылу, жарық, су, секілді коммуналдық ақының бағасы еселеп өскенімен, одан түскен ақшаны монополистер бас пайдасына жаратып жатқанын ашық айтты сенатор. Яғни, халықтың қалтасын тақырлап тапқан пайдаға қымбат көлік пен түрлі жиһаздар сатып алып білгенінше жұмсауда. Ал электр бағаналары құлап, жылу, су құбырлары жаппай шіріп жатқаны оларды мүлдем ойландырмайды. Сондықтан депутат монополистердің тарифтен түскен қаржыны тағы қайда, қалай жұмсап жатқандарын дереу тексеруді талап етті. Көкейде жүрген күйікті көтерген халық қалаулысы қателескен жоқ дейді көпшілік. Енді бастаған ісін соңына дейін жеткізеді деген сеніммен және белсенді сенаторымызға қосымша көмекші құрал болсын деген ниетпен сол жиі қымбаттайтын қызметті тұрақты тұтынушыларды толғандырған түйінді білгенімізше тарқатып берейік. Алдымен бұл туралы әр кездерде тұтынушылар талай рет арыз айтқанын еске салғымыз келеді. Неге екенін, табиғи монополиялар жұмысын реттейтін құзырлы мекеме бағаны көтерушілерге бүйрегі бұрылып, халықтың қалтасын қағушыларды қолдаумен келді. Бұл жала емес, сан рет бағалардың негізсіз көтерілгенін дәлелдеп берген мамандардың сараптамалары мерзімді баспасөзде жазылды да. Өкінішке орай, оған назар аударған ешкім болмады. Үкімет тарапынан осыған байланысты дер кезінде ешқандай шара қолданылған жоқ. Осыны тексеруге тиісті құқық қорғау орындары да құлақтарын бітеп, көздерін жұмды. Ақыры Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов парамен ұсталғанда ғана бәріміз жаңадан тағы бір Америка құрлығын ашқандай болдық. Яғни, оның алдында жиырма жыл бойы бұны көрсек те көрмегендей кейіп таныттық деген сөз. Бұл біздің биліктің халықтың сұраулары мен қойған талаптарына құлақ аспайтынын көрсетпей ме? Бұдан кейін биліктің өзінің осы іске тікелей қатысы бар деген күдіктің туындауы заңды. Әлде «мафия» деп аталатын, жең ұшынан жалғасқан ұйымдасқан қылмыстық топ деген пәлеміз осы ма? Олай демейін десек қол астындағы саланың не былықтырып отырғанын білмеуі мүмкін емес. Білмейтін болса несіне үкімет деп оларға сенім артып отырмыз? Шынын айтсақ үкімет жекелеген адамдар мен компанияларға емес, алдымен халыққа қызмет ету керек, көпшіліктің қамын қарастыруға міндетті. Себебі сол халықтың арқасында жайлы орынға жайғасып, жоғары жалақы алып отыр. Енді бағаның тікелей өзіне тоқталайық. Осыдан төрт-бес жыл бұрын отын мен энергетика орталығы Екібастұзда болғанымыз бар. Әлемге әйгілі көмір кеніштері мен ГРЭС-терде болып, жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болғанбыз. Айтайын дегеніміз стансадан электр қуатының бір киловаты сол кезде небары бір теңгеден шығады екен. Ал дәп іргесіндегі Екібастұзда 4, облыс орталығы Павлодарда 6 теңге, ал одан алыс аймақтарда баға он есе қымбат. Одан бері баға дегеніңіз тіпті аспандап кетті. Сонда қалай болғаны, соншалықты қымбаттап шыға келетіндей электр қуатын біз «КАМАЗ-дармен» немесе пойызбен тасымалдап жатырмыз ба? Электр жүйелері сол кеңестік кезде салынған күйі, еш жаңартылмаған. Негізгі отын – көмір ашық әдіспен дәп сол жерде өндіріледі, оны ешкімнен сатып алып, тасымалдап жатқан жоқпыз. Кеншілер мен энергетиктердің еңбегіне ешқандай шүбә келтіре алмаймыз. Күн-түн демей ауыр жұмыс атқарып, киловаты бір-ақ теңге тұратын электр қуатын өндіргені үшін оларға мың да бір рахмет! Сөйтсек, мәселе мүлдем басқада екен. Біріншіден, аталмыш кеніштер мен стансалар жеке немесе шетелдермен бірлескен компаниялардың иелігінде болғандықтан олардың «үлесі» болуы керек. Жай үлес емес, қомақты үлес. Көмір қазып, электр қуатын өндіргендердің жалақысына жұмсалатын қаржы олардың қасында түкке де тұрмайды. Өндірістегілер өгей баланың, яғни «Есектің күші адал да, еті арам» дегеннің кебінде қалып отыр. Одан қалды жолай делдалдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Электр қуатын таратушылар, қосалқы қажетсіз түрлі «қызмет» көрсететін мекемелерде сан жоқ. Олар да «еңбектері» үшін ақша сұрайды. Солардың әрқайсысы бір теңгеден қосқанда баға қайда кетеді? Бұл бір электр қуатына қатысты ғана жағдай. Сол сияқты су, жылу, сауда-саттық, тағы да басқа қызмет түрлерін көрсету салалары да осы әдіспен жұмыс істейді. Сөйте тұра құбырлар мен жол жөндеу, жүйелерді ауыстыру сияқты күрделі жұмыстарға миллиардтаған қаржыны бюджеттен тұрақты бөліп келеміз. Ал жыл сайын көтерілетін бағалардан түскен пайда қайда кетіп жатыр? Оған енді ғана назар аудардық. Бәлкім бүгінгі дағдарыс болмағанда әлі де ескермей жүре беретін бе едік. Қысқасы, сенатор Қуаныш Айтахановтың бұл мәселені ашық айтатындай жөні бар, тек алған бетінен таймаса болғаны. Әдетте көптеген кемшіліктер Мәжілісте айтылып, аяқсыз қалатынын көріп жүрміз. Бізде жүздеген депутаттар бар дейді оқырмандарымыз, солар әрбір саланы бөліп алып бақылау жасаса тіптен жақсы болар еді. Себебі салалық министрліктердің саны бар да сапасы жоқ. Бөлінген қаржыны игере алмайды, игерсе өз қалталарына қарай икемдейтіні де жасырын емес. Біздегі бағалардың бұғаусыз кеткенін ескерсек, бұл бағытта тәртіп орнатамын десе сенаторымыздың алдында ауқымды жұмыстар тұр. Ол үшін әлі де төрт-бес рет қатарынан депутат болып сайлануына тура келетін шығар. Біз өз тарапымыздан халық қалаулысына сәттілік тілейміз! Өйткені барлық сала бойынша бұғаусыз кеткен баға бәрімізді титықтатып бітті, халық қолдан жасалған қымбатшылықтан қиналып кетті. Зейнолла АБАЖАН