Ортақ валюта орға жығып жүрмей ме?

01(9) Астанада бейресми жағдайда бас қосқан кездесуде Қазақстан, Белорусь, Ресей президенттері бүкіл әлемдегі сияқты Еуразиялық Одаққа да сыртқы саяси және экономикалық әсерлерден туындаған кейбір мәселелерді талқылады. Ресейге Батыс тарапынан салынған санкция салдарынан үш мемлекет арасында өзара алыс-беріс пен сауда-саттық көлемінің азайғаны алдымен назарға алынды. Еуразиялық Одақ ресми түрде құрылғаннан кейінгі бұл Назарбаев, Путин, Лукашенконың осындай құрамда бетпе-бет алғаш кездесуі болатын. «Мәселен, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 20 пайызға төмендеп кетті. Әсіресе, экспорттық тауарлар. Әрине, мұндай жағдайда ұлттық валютамыздың әлсірейтіні белгілі. Бұл кезеңде қоян-қолтық жұмыс істеуіміз керек»-деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тығырықтан шығудың нақты жолын Беларусь президенті ұсынды. Оның айтуынша, алыс-берісті отандық тауарлармен жүргізген жөн. «Одақ ішінде сауданы өз елімізде шығатын тауарлармен жасау керек. Яғни, ішкі нарықты өз тауарларымызбен толтыру қажет. Бұл ең басты мәселе» – деді Беларусь президенті Лукашенко. Осы жерде Путин Астана төрінен валюталық одақ құруды тағы ұсынды. Ресей, Қазақстан, Беларусь арасында бір валюта болуын бұрыннан айтып келе жатқан Ресей президенті бұған ортақ нарықты қорғау үшін баруымыз керек деген ойын алға тартты. Бірақ бұл ұсынысқа қатысты Лукашенко да, Назарбаев та нақты пікір білдірген жоқ. Қазір дүниежүзін жаулап алған доллар атты дүлейден құтылудың амалын іздестіруші мемлекеттер саны артып келеді. Өйткені сарапшылардың айтуынша доллар еш негізсіз әлем әміршісіне айналды. Ол ешқандай алтын қоры сияқты құндылықтар қорымен қамтылмаған, тек АҚШ-тың саяси салмағымен ғана айналымға түскен қарапайым қағаз болып отыр. Сол арқылы Америка есепсіз байлыққа кенеліп келеді. Соның бір мысалы Батыстың еуро валютасы. Ал Еуразиялық одақта ортақ ақша енгізу алдымен жан-жақты, тиянақты талдау мен салиқалы саралауды талап етеді. Өйткені одақтағы елдердің экономикалық әлеуеті бірдей емес. Алпауыт мемлекет бұл жағдайда қашанда ұтыста болатыны белгілі. Соны білген ресейліктер ортақ валюта идеясын үнемі алға тартумен келеді. Алысқа бармай-ақ Батыс мемлекеттерін біріктірген Еуропалық одақты алайықшы. Экономикасы әлсіздеу Грекия, Италия сияқты мемлекеттер Германия секілді қуатты елдердің шаңына да ілесе алмай қиындыққа ұрынып жатыр. Әрине, долларға тәуелділіктен арылғанымыз дұрыс, бірақ рубльге де табынудың түкке қажеті жоқ. Сондықтан бұл бағытта біздің әлі де талай бас қатыруымызға тура келетіні бүгіннің өзінде белгілі болып отыр. Кездесуде Украинаның Шығысындағы қарулы қақтығыс та сөз болды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да бұрынғы ұстанымынан айныған жоқ. Соғысты қарумен емес, дипломатиялық жолмен шешуді ұсына келе, Украинаның тұтастығы мен тәуелсіздігі сақталуы керектігін мәлімдеді. Бір айта кетерлігі, дәп осы кезде Еуропалық одақ та Брюссельде өз кеңесін өткізіп жатты. Жиында Ресейге қатысты кезекті санкция салу мәселесі қаралды. Яғни, таразының екі басындағы екі одақ өз салмағын сақтап қалу қамын қарастыруда. Осындай, бейресми кездесулердің бірі енді 8-мамырда Мәскеуде өтеді деп жоспарланып отыр. Зейнолла АБАЖАН