БІЗГЕ ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙТЫН ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ  КЕРЕК!

sailau

2015 жылдың 26 сәурінде Қазақстан Президенттігі үшін бақ сынап, сайлауға түсуші азаматтарға аманат ретінде

«Сайлау» – жасырын дауыспен  жалпыға бірдей, тең праволы тікелей сайлау». (ҚР Ғылым академиясының тіл білімі институты шығарған, жалпы редакциясын филология ғылымының    докторы, профессор  Ғ. Мұсабаев басқарған «Орысша-қазақша сөздікте осындай анықтама берілген). Осы ұстаныммен Қазақстан халқы үстіміздегі жылғы 26 сәуірде ел президентін сайлауға барады.  Президенттік бәсекеге, әрине, денсаулығы дұрыс, ақыл-есі толық, қазақ тілін жетік меңгерген азаматтар ғана жіберіледі. Үміткерлікке қанша адам тіркелсе де, 26 сәуірде жаңа сайланған Президенттің төбесі көрініп те қалар. Сондықтан, қазақтын «қонған үйдің баласынан, қонатын үйдің баласы сүйкімді» деген аңғарымпаздығын пайдаланып, бүгінше «бәріне мақұл» демеске амалы жоқ кандидаттарға аманатымды жеткізіп үлгеруді жөн көрдім. Жоғарыда айтқандай, үміткер билікке келген бетте алдымен өзін таққа отырғызған халықтың қамын ойларына күмәнім жоқ. Дегенмен, Президент тағына мен лайықтымын дегендердің қара халықтан бір демі артық шығар деген оймен өз ақылым жетпеген біраз жайттарды өзім үшін, мен секілді ертеңгі нанын іздеуден-ақ қолы тимейтіндер үшін бірер түйткілді естеріне салсам деп едім. 1.БІЛІМ Бәрі де баладан басталса, дұрыс болар еді... Балабақшалар құдайға шүкір, көптеп салынып жатыр. Ел аман, жұрт тыныш болса, ол мәселе ары кетсе 4-5 жылда шешіліп те қалар. Ал, мектептер, әлі қалыптасып болған жоқ.  Өз басым осымен төртінші рет орта мектепте «оқып жүрмін». Жасым – 71-де. Неге дерсіз? Өз балаларым 1990- жылдары Б.Момышұлы  атындағы мектепке барды. Қытайдың кооперативтері шіріндіден тіккен спорттық костюмдер қазақтың ұлттық киіміне айналып кете жаздаған жоқшылық жылдары мұғалімдер мектепті тастап, саудаға лап қойды. Еден жуушылар «мұғалім» атанды. Оқулық жоқ, тарих пәнінің бұрынғы нұсқасы табиғи түрде күлге айналды. Қазір «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап» т.б. баспалар оқулықтар шығарып жатыр. Балаларға жетсе болды, дер едік. Бірақ әр баспаның өз авторлары бар екен. Қатар отырған екі баланың қолында бірін-бірі мойындамайтын екі баспаның оқулықтары. Ал олардың ішіндегі жаттығу, тапсырмаларды оқып, түсініп көр. Екінші сыныпта оқитын немерем екеуміз оқушыдан не талап етіліп отырғанын түсіне алмай қиналамыз... Бала – үздік оқушы, атасы филолог, өмір бойы жазумен айналысқан адам. Кейде екінші сынып тұрмақ, оқу министрлігінің мамандары жаза алмайтын тапсырмалар беріледі. Мәселен, иығында кетпені бар, жан-жағында 5-6 бала бейнеленген алақандай сурет. Тапсырма: осы суретке қарап, әңгіме жазындар... Ал жазып көр!.. Дүниетаным пәнін, әрине, кілең ғұламалар жазған. Өйткені олар өз биігінен «сөйлеп», балалардың көзін алақтатып жібереді. Ы.Алтынсарин атындағы Академия төңірегінде лингвист, стилист (жазушы), психолог, тәжірибелі педагог, логика маманы, суретшілер бас қосып, неге тізгінді қолдарына алмайды? Неге экспертизадан осы оқулықтарды өткізбейді? Неге балалардың қай жаста нені меңгеруі, ұғыну қабілеті туралы зерттеулер жоқ? Әлде біздің оқу- білім саламыз әлемдік жарысқа кіріп кетті ме? Өйткені, балалардың оқу жүктемесінің ауырлығы соншалықты – олар өз балалық шағының болғанын да кейін еске түсіре алмауы мүмкін. Қимыл, ойындар балаға тапсырма орындауымен пара-пар қажеттілік, денсаулық кепілі. Қадірлі ғалымдар, сұнғыла мамандар! Медицинада мынадай дерек бар: әр секунд сайын 1 информация білетін болсақ, адам миының бәрін іске қосу үшін 10 миллион жылдық ғұмыр керек екен. Кәне, кімнен бастайсыздар?
  1. ТӘРБИЕ
Әл-Фараби бабамыздың сөзіне ден қойыңыздаршы: «Тәрбиесіз берілген білім, елге мың мәрте жамандық әкеледі»...                                                                                                               Абай атамыздың «Қара сөздерінде» айтылатын жаман мінез-құлықтар тұла бойында толып тұрған адам мың жерден білімдар, сауатты болсын, бірақ одан халыққа еш жақсылық келмейді. Оның ерен қабілеті жамандыққа қызмет етеді. Яғни, еңбектеген баладан,еңкейген қартқа дейін әлі қалыптаса қоймаған азаматтық қоғам қалыптастыратын моральдік-этикалық қалып, адами қарым-қатынас жағдайында өмір сүруіміз керек. Бізде сондай ізгілік жолының сұлбасын жасауға мүмкіндігі жеткілікті Академия, институттар жеткілікті. Тек қана авторларды желөкпе, жасандылыққа машықтанған белгілі бір топтардың  мүддесі сүйреп кетпесе. Келесі әңгіменің нобайы өткен ғасырдың басынан бастап қалыптасты. Ол- Екіжүзділік, Екісөзділік, Жағымпаздық, Көзбояушылық, шектен шыққан Қатыгездік, Адамды құндылыққа жатқызбау, жаппай Ұрлық, Конституция мен заңдарды  тиімді тұста ғана пайдалану. Анау жылдары қырғыз елінде президент сарайына қара халық басып кірді. Сонда Сарай үстіндегі жендеттер жүзден аса адамды  автоматтарымен атып өлтірді. Сонда бір полковник шенді ішкі істер басшысына мәскеулік тілші сұрақ қойды: «Сіздер неге резина оқпен атпадыңыздар?» дегенде, әлгі «батыр»: « Елдегі экономикалық жағдайға байланысты резина оқтарын сатып ала алмадық. Амалдың жоқтығынан қорғасын оқпен жайраттық»... Ал біз  50 дамыған елге кірдік.  Енді қорғасын оқпен кісі атуды қою керек! Дамыған елдерде Ішкі істер министрі  ел ішінде бүлік басталса көзді ашытатын суы бар, (өрт сөндіргіш емес), арнайы жасалған машиналармен бүлікшілерді тым-тырақай тарқатады. Атуға мәжбүр болса – резина оқпен, уақытша әсер етер бумен, газбен бәрін қуыс-қуысқа қуып тығады. Демонстранттар көшеге, сөз жоқ, еріккеннен шықпайды. Дегенмен, қақтығыс кісі өлімінсіз аяқталады. Кандидат мырзалар, тіпті, Президент тағы бұйырмаса да, Сіздер жерде қалмайсыздар! Ел- бәрімізге ортақ. Жақсылықта «онда менің үлесім бар» деушілер көп болады. Жамандықта, қиналғанда, сүрінгенде Президентте шын жанашыр болмайды. Әліптің артын бағушылар ғана көлеңкесін көрсетіп, сытылып кете барады. Бәрі орын-орнына келгенде екі езуі құлағында,  Президент жолында өлуге дайын адамша қайырылып келіп, лыпып тұрады. Оны  Николло Макиавеллиден  оқып алыңыздар.
  1. МӘДЕНИЕТ
«Өнер атаулының анасы – әдебиет» деген сөзді ешкім ешқандай қарумен жоя алмайды.        Егер сонау совет заманында қаншасы оққа ұшып, қаншасы итжеккенде өлсе де, қазақ халқының мүддесі туралы сөз Қазақстан Жазушылар Одағының мінберінен айтылып келді. Ой еркіндігі мен сөз еркіндігін белгілі бір мөлшерде ақын-жазушылар Жаңа заманға тірі жеткізді. «Қазақстан жазушыларырының энциклопедиясы» Абай Құнанбаевтан басталады. Оның арғы жағында Байтұрсынов, Әуезов, Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ. Мұстафин... деп кете берер қасиеткер жазушылар тізбегі кетеді. СССР құларда үлкен қарсылық акциясы, 1986 жылы, дүние жүзін дүрліктерген қанды оқиға Алматыда болды. Оған бірден-бір себепші болған, сол күндері қазақты түгелдей ұлтшыл, мемлекеттің жауына айналдырған Колбиннің ең бірінші бас сұққан ортасы Қазақстан Жазушылар Одағы. Сол жерде С.Шаймерденов, Ж.Молдағалиев және басқа жазушылар Колбиннің екі аяғын бір етікке тықты. Одақ қашан да қазақ мәдениетінің діңгегі болып келді, бүгін де солай. Бірақ Совет Одағы тұсында айта алған сөз бүгін онда айтыла ма?.. Сол  қатал заманда қаламгерлер: «Мен СССР Жазушылар одағынын мүшесімін, мен халықтық адамымын», деп Лениндік сыйлықты, СССР Мемлекеттік сыйлықтарын, Еңбек Ері атағын, Қазақстанның халық жазушысы атағын алып, бір ғана кітабы бір жылдық азық болатын. Одан басқа да мемлекеттік демеушілер – Әдеби қор, кітапты насихаттау бюросы, жеңілдікпен берілетін жолдамалар, жабық рецензия, басылымдардан, радио-теледидардан келіп жататын қаламақылардың арқасында жаман болған жоқпыз. Ежелден халықтың жиынтық ақыл-ойын айтқан, репрессия жылдарында мерт болған жазушылар – бүгінде мазаққа айналды. Көптеген  жиналыстарда  шенеуніктер-шенділер жазушыларды сұраншақ, сүйкімсіз адамдар қатарына жатқызып, барынша абыройдан жұрдай қылды. Бір құбылысты естен шығармаңыздар, мырзалар! Совет Одағы, Коммунистік партия жазушыларға, сахна шеберлеріне, кино жұлдыздарына, жалпы, өнер адамдарына ерекше қамқорлық жасап отырды. Шығармашылық үйлерінде айлап жатып, кітап жаздық. Өмірімде бір рет шетелге шықтым – ГДР, Польшаға. Онда да қалам ұстағанымның арқасында. Бір кітаптың қаламақысымен «Жигули» машинасын сатып алдым. Энергетика және мұнай министрі кірген үйден маған да пәтер бұйырды. Мен түрған үйден (Самал-1) таңертен 8:30 – да бес генерал шығып, ерсілі- қарсылы жүретін. Мен онда 38 жаста екенмін. Қоғамдағы орным генерал, министрлермен тең болыпты. 2006 жылы 27 баспатабақ тарихи романым 17 жыл еңбегімнің жемісі ретінде жарық көрді. Сондағы алған қаламақысымақты қазіргі тойда ән салған жас өнерпаз бір кеште қалтасына салады.  Асабаның да асабасы бар. Менің пұлым сол жетім қыздың тойынан қайтқан нәпақашыл болмашы асабаның табысынан артық емес болды. СССР Жазушылары Үкіметке, КПСС-ке қарыздар боп қалған жоқ. Партияға тірек болды. Мәселен, Л.Брежневтің сыртқы саясатын, ел ішіндегі беделін, ол арқылы ел беделін асырып бақты. Л.Брежневпен бірге ресми сапарға «Правда», «Известия», «Комсомолка», «Труд» газеттерінен тілшілер, радио – телевидениеден үлкен лек ілесетін. Сонда делегация құрамы 500 адамның  төңірегінде болғанын өз әріптестерімізден білетінбіз. Л.Брежнев сыртта жүргенде Мэлор Стуруа, В. Зорин бастаған журналистика мен саясаттың түбін тескен мықтылар халыққа мемлекет басшысын әр  қырынан келіп, ұлықтайтын. Бізде журналистер Президенттің түн ұйқысын төрт бөліп, әр сөзінің астарына үңіліп, бәленбай күн сіреспе күй кешкен, шаршаған, толқыған, күмәнданған, жалма-жан қиыннан жол тапқан бір де бір сәтін -  ет пен сүйектен жаралған аса оралымды, алысты көретін, тереңді сезетін қасиеттерінің тірі көріністерін әлі күнге жаза алмай келеді. Бар амалдары – болған- біткенді Президенттің өзіне айтқызып қою. Құрметті Үміткерлер! Жазушылар, қаламгерлер, өнер адамдары, текті халық. Өйткені оқыған- тоқығаны да, көргенін ойда ұстауы да бөлекше. Оларды кедей деп басына бермеңіздер. Қазір бар басылымдар авторға қаламақы төлейтін болса, Сіздерден қаламгерлер ештеңе сұрамас еді.  Басылымдарға 24 жылдан бері жазушылар тегін еңбек етіп келеді. Ақша алмайды. Кітап шығару – лоторея ұтысымен тең. Оның  да қаламақысы – мүсәпірге тастаған қара бақыр. Соның бәріне шыдап жүрген жазушыларды «сұраншақ», «масыл» деуге бола ма? Үміткер мырза, ертең таққа жеткенде өз халқыңның осы бір категориясына көңіл бөлгейсіз. Дүниеден озғаны бар, жұмыссыз,кіріссіз өмірден тозғаны бар күлпі жазушы қауымға топырақ шашу құдайдан да қорықпау. Үш тілде ағып тұрған азаматсыздар ғой, орысша бірер сөз қосайын. На вопрос, « Почему подают милостыню нищим и убогим и не помогают философам?». Диоген ответил: «Богатые знают, что бедными и больными они могут стать, а мудрецами никогда! » 4. ЖЕМҚОРЛЫҚ. Жемқорлық. Ұйымдасқан жемқорлық. Екеуі де – ұрлық. Әуел баста халық мемлекет мүлкіндегі үлесінен, сақтық кассаларындағы ақшасынан жұрдай болды. Одаң соң рэкет басталды. Рэкет жақсы көтеріліп, ақшалы, пайдалы орындарды сатып алды, қорқытып та алды. Сөйтсе, ондай жүрек жұтқан алаяқтар, қандықол қылмыскерлер  шоң басшыларға керек екен. Рэкеттік, рейдерлік шаруаларды әліде солар қарқынды тұрде орындап жатыр. Әйтпесе жиырма жыл аман тұрған базарлар бірінен соң бірі өртене ме? Түнгі төрт шамасында үлкен барахолкада (Алматы) бензин шашып жүрген сабаздарды теледидар бәрібір көрсетті. Обал – сауапты білмейтін нақұрыстарға ем қонбайды... Басы әкімдер, генералдар, министрлер – аяғы жаңағы қорқаулар болып елді ширек ғасырға жуық тонады. Егер елде күтпеген нәубеттер болып жатса, соның бәрі бір-біріне байланысты құбылыс. Тендер. Кім жеңетіні белгілі. «Откат» келісілген. Ең төмен қаржы сұраған жеңеді. Оның қаржысы ит жыртқан терідей болып таланады. Қалған-құтқанына бірдеңе тұрғызылады. Бірақ ол үй Қарағандыдағы, Қызылордадағы көп этажды ғимараттар секілді гүрс құлайды. Немесе жап-жаңа үйлердің төбесінен су өтіп, техникалық этаж бассейнге айналып,  қабырғалар айырылып, ел у да шу. Комиссиялар тексереді, тексереді, ақыры түк түсінбеген болып шығады. Мұндайда қазақ: «Құдайдан болды да, басқа не дейсің», деп әкімдердің өзін өз жақтастары етіп алады. Ақша бөліске түскен соң цемент, арматура, сапалы материалға ақша қайдан жетсін!? Оны мемкомиссия қабылдап алатынын қайтерсің! Барлық сала осылай. Тендер – «черная дыра». Енді оны электронды, автоматты, кибернетті түрде өткіземіз, деген қауесет барынша бүркемелеп жатыр. Оу, ағайын, адам емес пе, соның бәрін жасайтын. Олай болса бұл амалың  да мемлекет қаржысына, салық төлеушілердің ақшасына қорған бола алмайды. Өзімізді-өзіміз алдағаннан не пайда? Бізде тек «Болашақ» арқылы оқып келген экономистер бір дивизияға жетті. Солар қолында ИП, астына тақтайша төсеп, картон төсеп отырған саудадағы соры бес елі әйелдердің үкіметке жиып берген ақшасын барар жеріне жеті делдалсыз жетерлік бір амал неге таппайды? Ұлы Қытайды тұйықтан бәкене бойлы, жұмыр басты бір шалдау адам әлемнің алдына шығарып кетпеді ме? Сендер сол ағылшынша шатып-бұтқандарыңа мәз боп, өздерің де алақ-жұлақ  етіп қоңды жер іздеп отырсыңдар ма? Бәріңіз халықтың ақшасына оқыдыңыздар. Енді, соны, ақтау жағы қалай? Әлде, елге келе салып жемқорлар жарысына қосылып кеттіңіздер ме? Әзірше сіздерден елге еш жақсылық қосылған жоқ. Қысқасы, аса қадірлі, Үміткерлер! Тақыр кедей Үміткер бола алмайды. Елді тонау, біреудің жерін тартып алу, бульдозермен қақаған қыста үш баласымен үйін сүріп тастау, коляскада отырған кемтар адамды жылатып, қыста далаға лақтыру, еден жууға 80 000 пара сұрайтындарға тиым керек. Оны 100 000 заңмен түзете алмайсыздар. Бізге қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын Ұлттық  идеология керек. Оның басында шынайы мемлекетшіл, пендешіліктен аулақ, ұлтқа көшбасшы бола алатын рухы биік, тәжірибесі мол, алысты көретін,  білімі терең, беделі ерен Президент отыруы керек!

Эрнест ТӨРЕХАНОВ, жазушы

Qazaquni.kz