Ұлы даланың «улы алаңға» айналуына жол бермейміз!
2015 ж. 18 наурыз
4265
2
ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің назарына!
Атом электр станциясы (АЭС) құрылысы мен Семей ядролық сынақ полигоны (СЯСП) аумағына ядролық қалдықтар сақтауға қатысты суық хабарға бейжай қарау мүмкін емес. Бұған қуанғандар да бар шығар, бірақ біз бөркімізді аспанға ата алмаймыз. Павлодар облысының Май ауданы - Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен шекаралас елдімекен. Алғаш рет атом бомбасы жарылғаннан бері Семей ядролық сынақ полигонының зардабын көріп келеді. Атом, сутегі бомбаларының жүздеген жарылысын өз көзімен көріп, бар ауыртпалықты басынан өткерген жұрт енді ғана есін жия бастағанда тағы бір тықыр таянды. Сталиннің тапсырмасымен атом бомбасы сыналмай тұрып үйір-үйір жылқысы ой мен қырын еркін кезіп, ақ бөкені дала көркін келтірген, жері шұрайлы, топырағы құнарлы өңір болатын. Антиядролық қозғалыс құрыларда атауын «Невада-Май-Семей» қозғалысы деп атау ұсынысы болғанымен, қозғалыс «Невада-Семей» аталып кетіпті деген сөз бар ел арасында. Сондықтан болар, Май ауданы ядролық жарылыстар салдарынан зардап шегуші елдімекен ретінде көп айтылмайды. 40 жыл бойы лапылдаған от астында, апатты аймақта ғұмыр кешіп, азап көрген халыққа енді ғана ел қатарлы өмір сүруге мүмкіндік туған секілді еді. Сары далаға киіктер де орала бастағанын көрген жұрт қуанысып қалды. Полигон зардабын жою бүгінгі ұрпақ міндеті болса да, аудан халқы, табиғаты әлі толық тексерістен өткізілмеді. Ауыз толтырып айтарлықтай көмек те көрсетілмеді, ел тілегін ескерген ешкім болмады. 1985 жылы Май ауданында 25 мың тұрғын болса, 2015 жылғы есеп бойынша 10 мыңнан асар-аспас адам қалды. Көп адам көшіп кеткеннен кейін халық саны күрт азайып, кейбір тұрмыс ауыртпалығына тап болғанмен, төрт түлігін өсірген ел жұмыссыздық мәселесін көп сезінбейді. Халықтың басым бөлігі 40-60 жас аралығындағы адамдар, жастар аз. Полигон мәселесі көмескіленіп, тек тарих бетінде қалатындай күйде. Себебі адам өлімінің көбеюі мен денсаулығының нашарлауына басқа да себептер барын алға тартумен жүргендер халықтың мысын басып, Үкіметтен жеңілдік, көмек сұрауына қарсы әрекет жасауда. Мысалы, Павлодар облысының сынақ полигонына шекаралас Баянауыл, Лебяжі, Май аудандарына ортақ, тұрғындарының денсаулығын оңалту мақсатында шипажай салу мәселесі сөз күйінде қалды. Өмірге келген сәбилер ағзасы физиологиялық ауытқуларға ұшырап, мүгедек болып туылуда. Неге жақын туыстарымыз ауруы асқынып, көз алдымызда қайтыс болуда? Себебі көп жағдайда қатерлі ісік сынды ауруларды ерте анықтау мүмкін емес, адам бойындағы радиация мөлшерін анықтайтын құрылғы ауруханаларда атымен жоқ. Ол үшін Май ауданынан Семейге баруыңыз керек. Ауру екеніңізді анықтау үшін де әуре-сарсаңға түсесіз. Жалақысы жоқ адамдар жолақыны қайдан тапсын?! Жуырда аудан әкімі Бекзия Ысқақова жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Денсаулық сақтау саласына тоқталып: «Жаңа туған нәрестелер өлімі 10,2%-ға, өлім көрсеткіші 5,3%-ға, аудан бойынша туберкулезбен ауыратын адамдар саны 2,4%-ға, қатерлі ісік ауруларымен ауыратындар саны 5,9%-ға ұлғайды. Қатерлі ісік ауруларынан қайтыс болған адамдар саны – 26,7%, жүрек ауруларынан қайтыс болатын адамдар саны – 28,0% пайызға ұлғайды» деп мәлімдеді. Бұл тек ресми ақпарат. Кезінде Берия келіп атом бомбасын сынауға бұйрық берген Курчатов қалашығында Атом электр станциясы салынады деген сөзді естіп еңсеміз түсті. Ертеңгі күнге үмітпен емес, күдікпен қарайтын болдық. Теледидардан сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев: «Адам денсаулығын қорғай отырып, табиғатқа зиянсыз атом энергиясын тиімді пайдалануға бағытталған құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін аяқталады. АЭС құрылысын жоспарлағанда міндетті түрде оның қалдығын қайда жібереміз деген сұрақ тұрады. АЭС кем дегенде 60 жыл пайдаланылатын болады. Кейін көзін жою керек. Ал біз қалдықтарды Семейдегі сынақ полигонына көмуіміз мүмкін» - деді. 40 жыл бойы ядролық қарулар сыналса, ендігі кезекте ядролық қалдықтар төгілер алаңға айналатын болды қазақ жері. Оның үстіне Май ауданына қарасты 706 мың гектар жерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі сұрап отырғаны айтылып, «радиациялық ластанған жерлерді қайтеміз?» деген сауал көпшілік талқысына түсіп, тұрғындар бірауыздан «өмір бойы осында тіршілік етіп келеміз, енді осы жерде өз ұрпағымыз малын өсіріп, игілігіне пайдалансын» деген ойларын жеткізді. Бұл қоғамдық тыңдаулардың түбінде «Жерді пайдаланбасаңдар, басқа өңірге береміз» деген ой жатқаны жасырын емес. «Мал өсіргіміз келеді, мал басын көбейтейік десек, жер жоқ» деген бірнеше адам сөзіне басымдық берілгені байқалады. Май ауданында полигон аумағынан бөлек ауылшаруашылығы мақсатында игерілмей жатқан мыңдаған гектар жер барын аудандық жер қатынастары бөлімі растай алады. Сондықтан жерді ауылшаруашылығына қайтарудың астарында басқа мақсаттар бары айқын. «706 мың гектар жердің барлығы радиациялық ластануға ұшырамаған, оның екі жарылыс ошағынан басқасын ауылшаруашылығына пайдалануға беру керек»- деген-ді Ұлттық ядролық орталық мамандары. Жалпы, осы Ұлттық ядролық орталық ақпаратына сенуге бола ма?! Семей ядролық сынақ полигоны аумағының 39 пайызы Май ауданының иелігінде. Осы жерлерді Шығыс Қазақстанға берсе Май ауданы радиациялық ластануға ұшыраған аймақтар санатынан алынып тасталуы ғажап емес. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырған институт та Май ауданына салық төлемейтін болады. Жерді ауылшаруашылығына пайдалану мен радиациялық қалдықтарды көму ісі бірі-біріне қайшы әрекеттер. Биліктегілердің бұл ісін қалай түсінуге болады?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақтың қай жеріне болсын Атом электр станциясын салудың қажеті жоқ, оған тек табиғат жанашырлары ғана емес, полигон зардабын көріп отырған көпшілік қарсы. Кеңес билігі Абай мен Шәкәрімнің туған жерін 40 жыл бойы сынақ алаңына айналдырды, ендігі кезекте билік басындағылар «қоқыс алаңына» айналдырады дегенге сенгің келмейді.«Жұмыс орны ашылады, электр қуатының тапшылығы болмайды» деп тұрмысы ауыр елді алдаудың қажеті шамалы. АЭС-ке қарапайым ауыл тұрғындарын жұмысқа алады деу ақылға сыймайды. Чернобыль мен Фукусиманың апатқа ұшырауы Қазақстанда қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Жапондар әлемде ғылыми техникасы дамыған ел болса да атом станциясының апатын болжай алмады. АЭС Ертіс өзені жанына салынбақшы, бұл өзен Павлодар аймағын ғана емес, Екібастұз қаласы бойымен Қарағанды облысын да ауызсумен қамтамасыз етіп отырған тіршіліктің күретамыры. Курчатов қаласы Ертіс өзені жағасында орналасқан, сондықтан АЭС құрылысы еліміздегі ең ірі өзенге де қауіп төндіретінін жоққа шығаруға болмас. Ғалымдар ауыр металдардың ыдырауы үшін мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдар керектігін айтады, радиация топырақ, су арқылы адам ағзасына жететіні мәлім. Қазақ жерінде Атом электр станциясын салатын, ядролық қалдықтар төгетін «улы алаңға» айналуына жол бермеуге тиіспіз. «Мал баққан, ешкімге соқтықпай жай жатқан» елдің шырқын бұзу кімге қажет?! Жер мен елдің тыныштығы, адамдарымыздың алаңсыз өмір сүруі біз үшін бәрінен қымбат. Үкіметтің әр шешіміне қатысты өз пікірімізді жеткізу бәріміздің парызымыз. Бұл – топтың пікірі емес, көптің дауысы. «Ұлы даламызды улы алаңға айналдыруға жол бермейміз!» – деген жұрттың жанайқайы. Әлмырза Ахметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Май ауданының құрметті азаматы, Жидебай Арықбаев, ардагер ұстаз, Май ауданының құрметті азаматы, Асылхан Тәңірбергенов, еңбек ардагері, Май ауданының құрметті азаматы, Жасқайрат Нұров, Май аудандық мәслихатының депутаты, ауданның құрметті азаматы, жеке кәсіпкер, Серік Мұхтаров, ақын-журналист, Амангелді Ыдырысов, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері, Ақылбек Темірғалинов, «Қалиакпар» қоғамдық қорының төрағасы, Сара Тәшенова, кәсіпкер, Ғабит Сапаров, ақын, Көшербай Мұстафин, ауыл тұрғыны, Бейсен Сәтиев, өнер мектебінің ұстазы, Күләш Әбілқасова, «Невада-Семей» қозғалысының Май аудандық филиалының төрайымы, Мейрамбек Қызырұлы, журналист Павлодар облысы, Май ауданы