"Қойшы көп болса, қой арам өледі"
2015 ж. 18 наурыз
3949
0
Бізде не көп, заң көп. Оны дайындайтын толып жатқан салалық министрліктер мен заң институттары да жетерлік. Оған ережелерді ұсынатын Үкіметіміз бен қағидаларды қабылдайтын пәрменді Парламентіміздің қос палатасын да қосып қойыңыз. Бір қарағанда, осыншама ордалы орындардан ақ батасын алған заңымыз бүгінгі заман талабына толық жауап беріп, көпшіліктің қолдауына ие болу керек-ті. Алайда...
Өкінішке орай, қабылданған заңдарымыздың бәрі бірдей өміршең бола бермейтініне куә болып жүрміз. Өйткені көп уақыт өтпей-ақ судай жаңа заңдарымыздың шикі тұстары шығып, қолданысқа жарамсыз болып қалады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Зейнетақы, білім, кәсіпкерлік тағы да басқа салаларға байланысты көптеген заңдарымыз өз уақытында өзгерістерге түсіп, түзетулер енгізілгенін көпшілік жақсы біледі. Әріге бармай-ақ, халықтың наразылығын туғызған соңғы жол жүру ережелеріне қатысты заңның жыры неге тұрады? Бір айдың ішінде екі-үш рет түзетулер мен өзгерістер енгізілді емес пе? Бұл нені көрсетеді? Алдымен әртүрлі салалаларды басқарып отырған басшылар мен сондағы мамандардың кәсіби деңгейлерінің тым төмендігін айғақтайды. Олардың қатарына аспандағы жұлдыздан да көп біздегі заңгерлерді де жатқызуға болады. Сол сияқты осы заңды қабылдап, соңғы сөзін айтатын Парламент депутаттарының өз міндеттеріне деген жауапсыздығы дер едік. Әрине, депутаттар «біз бәріміз бірдей заңгер емеспіз» деп қарсы дау айтатын да болар. Оған да біздің айтар өз уәжіміз бар.
Біріншіден, кез келген заңда жекелеген адамдардың емес, көпшіліктің мұң-мұқтажы, талап-тілектері алдымен ескерілуі керек. Бұл бірінші және басты талап. Өйткені қолында билігі, қалтасында қыруар қаржысы бар жекелеген мықтыларға заңның түкке де керегі жоқ, оларға заңның мүлдем болмағаны әлдеқайда тиімді. Яғни, заң болмаса, қара орман – Жунглидегідей қоғамда кім күшті болса, соның әмірі жүреді деген сөз. Екіншіден, сол заңды шығаратын да адамдар емес пе? Ешкім дайын ережелерді аспаннан тастап жатқан жоқ. Олай болса, заңды ұсынатындар нені ойлап, оны қабылдайтындар қайда қарап отыр? Оның орындалуын қадағалайтын құзырлы мекемелер ай бағып жүр ме? Заң мен ереже шешуі қиын жоғары математикалық есеп емес қой айтарлықтай білімділікті талап ететін. Өмірдің өзі қажет етіп отырған қарапайым ғана қағида. Сол қағидалардың күнделікті тіршілігімізде, тәжірибемізде қолданысқа қолайлы болуын ғана ескеру керек, бар болғаны – осы. Ол үшін асқан заңгер болудың да қажеті жоқ, керісінше қабылданған қағидаларды сол заңгерлердің өзі басшылыққа алып жұмыс істеуге міндетті. Соның ішінде адам тағдырын көптеген кездерде теріс шешетін біздің айтулы соттарымыз да.
Тағы бір мысал келтіре кетейік. Елімізде түрмелердің толып, қылмыскерлерді күтіп-бағудың қиынға соққанын желеу етіп, кейбір қылмыс түрлеріне жеңілдіктер жасалды. Бірнеше жылдық қамауды алып тастап, орнына айыппұл салуды енгіздік. Оның алғашқы көрінісін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспановқа шыққан сот шешімінен байқадық. Оспанов халықтың қалтасын қағатын электр энергиясының құнын көтеру үшін «Атырау жарық» компаниясынан 300 мың доллар пара алғаны үшін айыпталып, мемлекетке 1 миллиард 101 миллион теңгені айыппұл ретінде өтейтін боп, сот залынан босатылды. Оны төлеп те үлгерді. Ал, мұндай қылмыстың ол қаншасын жасағанын бір Құдай біледі.
Заңымызға енгізілген осы бір өзгеріс көп күмән мен күдік тудырады. Алдымен қай қылмыскер өзі жасаған барлық қылмысын сот алдында жайып салмақшы? Қай жемқор «Менің мына бір қылмысымды ескермепсіңдер, қосымша тағы да осыншама ақша төлеуім керек» деп ағынан жарылады? Оның барлық қылмысын ашу ешбір құқық қорғау орындарының қолынан келмесі анық, әсіресе, біздегі. Оған қоса, бұл жеңілдіктерді сезінгендер «Он миллиард ұрлап, бір миллиардын қайтара саламын ғой» деп қылмысын жалғастыра бермей ме? Заңымыздың солқылдақтығын байқаған соң қылмыскерлердің қатары көбейе түсері де белгілі.
Заң дегеніміз ойыншық емес, бүгін былай бұрып, ертең екінші бірін енгізе салатын. Ол біздің қоғамның өмір сүру қағидасы. Осындайда қазақ атамыз «Жеті жарғымен» қалай ғана қалың елді басқарған деген сұрақ мазалайтыны бар. Сол санаулы ғана ережемен тәртіп орнатып, қылмыстың алдын ала білген екен. Алдында айтқанымыздай бүгінгі күні заң шығарушы және оны қабылдап бекітуші орындар санынан кемшін қалып жатқан жоқпыз. Оны орындаушы, қадағалаушы құрылымдар да бізде жетіп- артылады. Соған қарамастан, қолда бар мыңдаған заңдармен біздің ешқандай нәтиже шығара алмай отырған ендігі түріміз мынау. Саны бар да сапасы жоқ деген осы емес пе? Бүкіл парламент, сот, прокуратура, ішкі істер орындары шеше алмай отырған мәселені кезінде қазақтың бір ғана биі атқарғанына қалай қайран қалмайсыз. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деп аталарымыз тегін айтпаған-ау, сірә?..
Зейнолла АБАЖАН