Президенттікке ниет білдіруші 4 адам тіркеуге алынбады
2015 ж. 07 наурыз
1941
11
Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер болуға ниет білдірген төрт адамды тіркеуден бас тартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Олардың екеуі - "JH -Құрылыс" ЖШС-те жұмыс істейтін құрылысшы Бақыт Әбдікәрімов пен жүргізуші Сухраб Мырзашовтардың өтініші олар 40 жасқа толмағандықтан қабылданбады. Бірі - 37-де, екіншісі - 30-да ғана.
ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, оларға талаптарға сай келмейтіні о баста ескертілген. "Олар келді де "бұл біздің конституциялық құқығымыз" деді. Біз жанжалға бармадық, өтініштерін қабылдадық та, кейін қайтарып бердік", - деді Мелдешов.
"Біз бұлардың біз үшін түсініксіз адамдар болғанын нақтылап айтқанбыз", - деді ОСК басшысы Қуандық Тұрғанқұлов.
ОСК Асқар Сырғабаевты да тіркеуден бас тартты, бұған дейін оның мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тексерілген емтиханнан өте алмағаны хабарланған еді. Қазақ тілді жетік білмейтіні үшін Сафиолла Алдажанов та тіркеуге алынбады.
Орталық сайлау комиссиясы үміткерлікке ниет білдіруші Лимана Қойшиеваның ұсынылған талаптарға сай келетіні туралы қаулы қабылдады. Оған қол жинау қағаздарын беру туралы шешім қабылданды. Қойшиева мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
"Бұл кандидатура Конституция талаптарына толық сәйкес келеді", - деді ОСК өкілдері отырыс барысында.
Лимана Қойшиева ОСК отырысына келуі тиіс болған еді, бірақ келмеді. "Ол көлік кептелісінде тұр", - деді Мелдешов. Тұрғанқұлов оның қатысуы міндетті шарт емес екенін атап өтті.
Бұған дейін ОСК президенттікке ниет білдірген 10 адамныңтізімін жария еткен еді. Tengrinews.kz сайлауға түсуге түрлі әлеуметтік мәртебесі бар және түрлі мамандықты меңгерген адамдардың ниет білдіргенін әңгімелеген болатын. Олардың арасында май құю бекеті қожайыны да, зейнеткер де, көлік жүргізуші де, құрылысшы да болды, бүгін олардың қатарына әскери адам да қосылды.
Tengrinews.kz