ХАНЫМДАРЫМЫЗ – КҮН ІСПЕТТІ...

ана Әйел затының басты міндеті – ана атанып, ұрпақ өсіру. Халық даналығы жақсы жарды жарық күнге теңейді. Яғни, әйел мынау жарық әлемге нұрын шашып тұратын күн іспетті, өз шаңырағын шаттыққа бөлеп, берекесін кіргізіп, нұрландырып тұрады. Қазақ әйелі де бұл жауапкершілігі зор міндетті абыроймен атқарып келеді. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналар – біздің қоғамның негізгі күші. Қиындыққа мойымайтын қайсарлығымен қандай істі болса да, тиянақты атқара білетін қазақ әйелі еліміздегі барлық салада белсенділік танытып келе жатқаны баршамызға белгілі. Мәселен, Қа­зақстан бойынша эко­номикалық белсенді 8 миллионнан астам адам­ның жартысынан көбі әйелдер екен. Ал, білім және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 90 пайызы қыз-келін­шек­тер болса, Парламент қабырғасындағы де­путтардың 20 пайызынан астамы да осы нәзік жандылар. Яғни, бүгінгі қазақ әйелі ошақ отын маздатып, отбасында ғана отырған жоқ, бірі ел басқарып әкім болса, енді бірі өз мамандығы бойынша қызмет етіп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына хал-қадірінше үлес қосып келеді. Әйелдер мерекесі қар­саңында түрлі саланың мамандарымен тілдесудің сәті түскен еді.  Меруерт ҚАЗЫБЕКОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 16

ЖЕСІРІН ҚАҢҒЫТПАҒАН ЕЛМІЗ...

Әйелдің ең басты бақыты – оның отбасы мен балалары. Меніңше, әйел адамның жетістігі оның қызметімен өлшенбеуі тиіс. Әйтсе де, бүгінгі заман талабына сай, ХХІ ғасырдың әйелдері білімді әрі іскер болуы қажет. Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауымен қазақстандық әйелдер шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы ел экономикасының дамуына қосып жатқан үлесі зор екенін айтып өтуге тиіспін. Сондай-ақ, мені халық қалаулысы ретінде әйелдерге қатысты кейбір мәселелер қатты алаңдатады. Оның ішінде өзінің бауыр еті баласын тастап кетіп жатқан аналарымыздың әрекеті көңілімізге қонбайды. Қазақ ешуақытта жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Тіпті, ел басына күн туған қиын-қыстау заманда да қазақ әйелдері, өзге ұлттың балаларын бауырына басқан. Сондықтан да, біз тастанды балаларды көбейтпеудің жолдарын қарастыруымыз керек. Әрбір әйел, ең бірінші, кезекте өзінің балаларының, отбасының алдындағы жауапкершілікті сезіне білсе екен деймін. Әйелдің бақыты – оның отбасында дейтін болсақ, мен де өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Өйт­кені, екі ұл өсіріп, олардан немере сүйіп отыр­ған ардақты әжемін. Барша қыз-келіншектерді, аналарды көктем мерекесімен – Ха­лықаралық әйел­дер күнімен шын жүректен құттық­таймын! Динара ДӘУІТОВА, №61993 әскери бөлімінің санитарлық нұсқаушысы, аға- сержант:   IMG-20150302-WA0001

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫ ДА ЕЛ ҚОРҒАҒАН...

Қызмет барысында күнделікті таңертең мамандығыма сәйкес әрбір сарбаздың денсаулығын тексеруден өткіземін. Одан кейін олармен бірге командирдің бұйрығын орындаймын. Әскерилерге міндеттелген физикалық жаттығу, қару асынып, ату жаттығуларына қатысу, парашюттен секіру сияқты тапсырмаларды орындаймын. Әскери ортадағылардың дені ер азаматтар. Араларында әскер қатарына енді ғана қабылданған жастар да баршылық. Ата-аналарынан жырақта жүрген олардың әрбіріне мейіріммен қарап қамқорлық көрсетуге тырысамын. Жауапкершілігі зор осындай мамандықты атқару – мен үшін де үлкен абырой. Сондай-ақ, Тәуелсіз мемлекетіміздің қорғаныс қуаты жылдан жылға артып келеді. Мұның өзі бізді одан әрі жігерлендіре түседі. Аналар мерекесімен қазақстандық аруларды құттықтап, дендеріне саулық, әрбір істеріне сәттілік тілеймін! Қалбибі ЖАБАЕВА, троллейбус жүргізушісі: IMG-20150302-WA0003  

ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ЖОЛЫМЫЗ БОЛСЫН! 

Қоғамдық көлікті жүргізу жеке көлігіңді жүргізгеннен әлдеқайда қиын. Өйткені онда қаншама жолаушы отырғандықтан жауапкершілікті жіті сезінесің. Жұмыс барысы жолда өтетіндіктен, түрлі жол-көлік апаттарын көріп жатамыз. Ондай оқиғалар орын алмас үшін жол ережесін мұқият сақтауға, жылдамдықты арттырмай қалыпты дәрежеде ұстауға тырысамыз. Әрбір мамандықтың өзіндік қиындығы болатыны белгілі емес пе?! Кейде орынсыз кикілжің тудыратын жолаушылар да кезігіп жатады. Мұндай кезде қоғамдық көлікте тәртіп сақтаудың қажеттігін айтып түсіндіруге тура келеді. Халықты межелі жеріне кешіктірмей жеткізсек, онда біздің мақсатымыздың орындалғаны. Көпшіліктің көңілінен шығу – басты міндетіміз. Ол үшін барымызды салып еңбек етіп келеміз. Аруларымызды, аналарымызды 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын! Күннің нұрындай болып, әлемге жарық сәуле шашып жүре беріңіздер!                                Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ                         www.qazaquni.kz