Алаштың Астанасын ит ойнақ үшін салған жоқпыз!..
2015 ж. 02 наурыз
5214
5
Иттер мен иелерінің "иттігіне" қашанғы көнеміз?!.
Итті қастерлеуден қазақ ешкімнен кем-қор болған жоқ. Тіпті, жеті қазынасының біріне жатқызған. Бірақ, төріне кіргізіп, төсегіне ойнақ салдырған емес. Қазақы маң төбеттер қоралы малды кірпік қақпай күзетіп, қожасының нағыз адал қорғаушысы бола білген. Сонда да иесінің бергенін қанағат тұтып, сүйек-саяқты да місе тұтқан. Үйіне кіргенді қойып, есігінен қарауы кемде-кем.
Итін үйіне баққанды қазақ орыстан көрді. Еуропа елдерінде де солай екен. Әрине, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демей ме. Біз мұсылман халықпыз. Үй ішінде және пәтерлі үйде ит ұстауға болмайды. Пағамбарымыздың (с.а.у.) хадисі бойынша, үйге рахмет періштелері кірмейді. Ал, діні де, ділі де басқа халық бұны қайдан түсінсін. Олар үшін үй жануарын қастерлеу, әсіресе, итке құрмет көрсету өркениеттіліктің өлшемі ұқсайды. Біздің өркениет ұрпағымызбен өлшенеді. Бірақ, ары кетсе екі бала табатын әлгі халықтардың дені жалғыз басты еркек пен әйелден тұратыны жасырын емес. Сосын, алданыш қылып итпен тірлік кешуден басқа лаж таппаған шығар. Иә, үйінде итін баға берсін. Аузы-басын жалатып, ойына келгенін қылсын. Бірақ, бар қазақтың қазынасын ойсыратып тұрып салып жатқан Астанамыз ит ойнаққа айналып жатқаны қынжылтады. Кезінде Кенесары хан доңыз басып өткен жерге тұлпарын жайдырмайды екен. Ал, бүгін сол Хан Кене соғыс салып, орыстармен қан майдан құрып қорғаған бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана ит қыдыртатындардың табанына тапталуда. Өздеріңізге мәлім, Целиноград қаласы аталып, тың жерлерді игеру үшін жаңа салынған қалада келімсектер көп тұрған. Олар қазір де аз емес. Екіден-үштен пәтері, қос-қостан иттері бар. Әсем қала Астанада әдемі саябақтар мен гүлзарлар, нулы-сулы бульварлар көп. Итті қойып, балаларымызға бастыруға да, дәтіміз бармайтын сол көркем көгалдар мен жайнап тұрған гүлді бақтарда ит қыдыртқандар емін-еркін тайраңдайды. Қанша таза, санитарлық тексеруден өтті дегенмен де иттің аты бәрібір ит. Иттігін істейді. Сілекейі арқылы жұқпалы ауру тарататындары да бар. Олай болмайды дегеннің өзінде де әр ағаш пен гүлдің түбіне бір сарып, тіпті үлкен дәретін қалдырып кететінін анық жағдай. Таза шөптің үстіне отыра қалайын десең жиіркенесің. Оның үстіне қазір иттің түрі көп. Жүні аяғына оратылған аю секілді алыптары, аузы салпиған маубастары, көзі тасырайған, аяғы біздей тышқан не жарғанат секілді құбыжықтары дейсің бе әйтеуір сүйкімсіз не бір махұлықтарға куә боласың… Кейбір қабаған иттерді аузында тұмылдырығы жоқ алып жүреді. Егер, ұстап жүрген борсықтай кемпір, не шілбиген қыз, аузынан арақ иісі мүңкіген еркектің қолынан жұлқынып шығып кетсе кезіккен адамды не қыларын елестетудің өзі қиын… Біз бала-шағаны уайымдап отырмыз, бір жыл бұрын Астананың тура Министрлер үйінің алдын аралап жүрген дәу ит ешкімді ішке кіргізбей, бір мемлекеттік қызметкердің қолын тістеп алғаны, ақыры тәртіп сақшылары арқасында ол иттен зорға құтылғаны баспасөзде жазылды... Астана – Алаштың айбыны, Ақордамыз тұрған асқақ қаламыз. Бірақ, осы асқақ қаламызды, әсем жерлерін, образдап айтсақ он екіде бір гүлін иттер «аяқасты» қылып жүр. Сол иттер мен иелерінің "иттігіне" біз қашанғы көніп жүре береміз. Қысқасы, Астана, Алматы және облыс орталығы саналатын барлық жерлерде саябақ пен гүлзарларда ит қыдыртуға заңмен шектеу салу керек. Ит біреудің жекеменшік мақұлығы екен, оны жеке үйінде бақсын. Қоғамдық орындарда алып жүруге еш құқы жоқ. Оған шыдамағандар итін еркін қыдыртатын жеріне кете берсін. Жолы ашық. Ал, Астана бәріне үлгі болып, қала тазалығы мен тәртібіне жауапты департаменттер осыған бір шара қолдануға ұйытқы болуы тиіс.Мұрат Алмасбекұлы
"Қиян"