Туды ілгені үшін айыппұл салу заңсыз, полицейдің өзін жазалау керек
2015 ж. 02 наурыз
3009
1
Полицейлер Мемлекеттік туды тұрғын үйге ілген астаналыққа айыппұлды заңсыз салды, себебі полицейлер заңды дұрыс түсінбеген. Бұл туралы Жандос Құрманбаевтың өкілі, заңгер Михаил Кленчин мәлімдеді. Таяуда құжаттармен және хаттамамен танысып шыққан ол Tengrinews.kz тілшісіне кейбір жайттарды айтып берді.
"Заңгер ретінде полицейлердің оны қандай да бір стандарттар мен талаптарды бұзғаны үшін емес, туды ілді деген дерек үшін айыпұл салып отыр. Хаттамада осылай жазылып тұр: "Құрманбаев туды заңсыз қолданды, оны балконға іліп қойды". Бітті! Бұл фабуланы оқығанда қатты таңғалдым, - дейді Кленчин. - Яғни, полиция қызметкерлері азаматтың Мемлекеттік Туды қолдану дерегін ғана заңсыз деп шешті. Бұл - абсурд және заңды түбегейлі дұрыс түсінбеушілік, себебі заңда Қазақстанның Мемлекеттік туын өзге ғимараттарға немесе бөлмеге олардың қожайындарының қалауы бойынша ілуге болатыны қарастырылған".
Кленчиннің айтуынша, Құрманбаевтың Мемлекеттік туды балконға ілуі заңды. "Бұл әрекет патритоттық сезімді және Отанға және мемлекеттік символдарға деген құрметті көрсету мақсатында ғана жасалды. Оның үстіне, Жандос мұны түсініктемесінде жазды, бірақ полицейлер ап-айқын мәселелерді назарға алмады. Бұл аз десеңіз, полицейлер бірнеше рет процессуалдық ережебұзушылық жасады, сол үшін тәртіп сақшыларын жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын. Заңсыз айыппұлды алып тастауға ғана емес, кінәлі лауазымды тұлғаларды жазалауға қол жеткізуді де мақсат етіп қойдым", - деп мәлімдеді заңгер.
Оның айтуынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне "Мемлекеттік туды заңсыз қолдану" бабының 2003 жылы қосылғанын және бұл бап бойынша айыптыға 200 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылғанын айтты. Кленчин 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа редакцияның жұмыс істейтінін, бұл норманың 458-бапта екенін, бірақ айыппұл көлемінің өзгермегенін айтты. Ал егер заңбұзушылық қайталанса айыппұл көлемі 400 АЕК-ке көбейеді.
Еске сала кетейік, Мемлекеттік туды балконнан іліп қойған астаналық Жандос Құрманбаевқа 396 400 теңге айыппұл салынған болатын. Ол Қазақстан туын үш жыл бұрын 30 мың теңгеге сатып алғанын айтты. Құрманбаев әрбір қазақстандықтың патриот екенін көрсету үшін туы болуы керек деп есептейді. Ол туды Геннадий Головкиннің жеңісінен кейін іліп қойған. Әкімдік қызметкерлері келіп, оған 200 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Өз кезегінде Астана әкімдігінің ішкі саясат басқармасының сараптама, бақылау және әдістемелік жұмыс бөлімінің жетекшісі Гүлжан Елубаева айыппұлдың заңнама аясында салынғанын түсіндірді. "Балконда Мемлекеттік тудың ілінгені және шара қолдануымыз керектігі жайлы хабар түсті. Тұрғынға "Мемлекеттік символдарды заңсыз қолдану" бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ол мемлекеттік символдарды орналастыру ережесін бұзды, заңсыз қолдану, яғни балконда. Заңнамалық түрде бекітілген белгілі бір ережелер бар", - деді Елубаева.