Киллердің құрбаны бола жаздаған астаналық кәсіпкердің мәлімдемесі

Өткен жылы киллердің құрбаны бола жаздаған кәсіпкер Игорь Кудин маңызды мәлімдеме жасады.

Киллердің құрбаны бола жаздаған астаналық кәсіпкер мәлімдеме жасады Игорь Кудин Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды. Тапсырыспен жасалған шабуылға күдікті деп танылғандар сот алдында жауап беруде. Кезекті отырыс  қалалық әскери сотта өтті. Қылмысқа тапсырыс берген адам, делдал және киллер заң алдында жауапқа тартылды. "Аты-шулы іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерінің қатысы болуы мүмкін. Бұл іс Астанадағы бәсекелестердің соғысымен байланысты. Мұнда ұйымдасқан қылмыстық топтар бар. Олар кәсіпкерлердің көзін құртып отырады. Ал тапсырыс берушінің ісі бөлек қаралып жатыр", - дейді кәсіпкер Игорь Кудин. Еске салайық, 2014 жылдың наурызында Астана маңындағы Энергетик ауылында жеке кәсіпкер Кудинге шабуыл жасалды. Белгісіз біреу оған Макаров тапаншасынан үш рет оқ атады. Ауыр жарақат алса да, кәсіпкер аман қалған. Ал күдіктілер кезекті қылмысты ұйымдастыру кезінде қолға түседі. "Егер Кудинді өлтіргім келсе, өлтірер едім. Желкесінен ата салар едім, болды. Ал түсінік беру арқылы мен өз кінәмді мойындағанымды растаймын. Мені тыныш қалдырсын дедім", -дейді айыпталушылардың бірі. Полицейлер қылмыстың тапсырыспен жасалғанын анықтады. Кісі өлтіруге тырысқан күдіктінің бұған дейін қасақана адам өлтіру, қару ұрлау істері бойынша сотталғаны белгілі болды. Ұйымдастырушы Ұлттық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген. Тәртіп сақшылары қылмыстың себебін де анықтады. Тапсырыс берушілер кәсіпкердің бизнесіне көз тіккен болуы керек.