ПАВЛОДАР ПЛАГИАТ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛЫП БАРАДЫ

150 Соңғы кездер «Павлодар» және «плагиат» сөздері синонимге айналып бара жатқан секілді. Өйткені өткенде ғана Павлодар қаласы әкімі Болат Бақауовтың жылдық есеп беруінен Иманғали Тасмағамбетов, Бердібек Сапарбаевтың және Мәскеу облысы губернаторының баяндамаларынан көшірілген тұстар табылып, «ұрлық» жария болғанын білесіздер. Енді, міне, басқасын қойып, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың өткен жылдың қорытындысына арналған баяндамасынан да ши шыққаны белгілі болды. Бұл жолғы өңірлік есепте өзінің алдындағы атышулы әріптесі Ерлан Арынның бұрынғы баяндамасына жиендік жасалыпты. Оны тағы да осы аймақтағы қырағы көз журналистер байқап қалған екен. Естеріңізде болса Павлодар облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі «жиендікті» анықтаған журналистерге сыйлығымыз дайын деп уәде бергені бар-ды. Сөйтіп олар өз бастарына өздері бәле тауып алған сияқты. Жалақысы мардымсыз қалам ұстаған қауымға сыйлық артық етпесі белгілі, енді көз майларын тауысып әкімдердің баяндамаларын бақайшағына дейін тексеретін болған. Бірақ, аталған сыйлықты алғандар туралы ақпарат жоқ. Соған қарағанда оны алда болатын «көшірменің көкесіне» сары майдай сақтап отырған болуы керек. Зейнолла АБАЖАН