Шәмшінің ғұмырлық геометриясы

ш-1   Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстанның Халық жазушысы   РАХМАДИЕВПЕН КЕЗДЕСУЛЕР ЕРЕКЕҢНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНКУРСТА ШӘМШІ ӘНІНЕ ҚАРСЫ ДАУЫС БЕРУІ ҚАЛДАЯҚОВПЕН МӘҢГІЛІККЕ ҚОШТАСУ Бірде Шәмші маған: «Менің тағ­ды­рыма ерекше әсер еткен адам – Еркеғали Рахмадиев» деп еді. Иә, Еркеғали аға Қазақстан Композиторлар одағын 28 жыл бойы үздіксіз басқарыпты. Тіпті, Шәмші қаза болған кезде де Ерекең республикамыздың Мәдениет министрі еді. Егер, Шәмші 62 жылға жуық ғұмыр кешсе, оның бүкіл саналы өмірінде Еркеғали сазгерлік, композиторлық, мәдени өнер саласының бастығы болып тұрыпты. Бұл арадағы негізгі мәселе мынада: Совет Одағы кезінде қалыптасқан заңдылық бойынша, кім композитор, жазушы немесе суретші болса, мүшелікке өту үшін ол алдымен Қазақстандағы Композиторлар одағына, яки Жазушылар, Суретшілер одағына арыз береді. Ал, Қазақстандық одақ дұрыс деп тапса, қолдаса ғана әлгі адам Мәскеудегі Орталық одақтар арқылы СССР Композиторлар одағының немесе Жазушылар, Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Одаққа мүше болған соң ғана әлгі адам республикамыздағы ең беделді емдеу орны – Министрлер Кеңесінің ауруханасына тіркеледі. Әйтпесе ол жүз жерден үлкен композитор, жазушы, суретші болсын, әлгі аурухананың есігінен де қарай алмайды. Сөздің ашығына келсек, егер Шәмші СССР Композиторлар одағының мүшелігіне қабылданып, Министрлер Кеңесінің ауруханасына тіркелгенде, қауіпті науқасын асқындырып алмай, осы күнге дейін ғұмыр кешуі әбден мүмкін еді. Айналып өтуіміз мүлде қисынсыз бір шындық бар. Шәмшінің сол кезгі халық арасындағы беделі мүлде таңғаларлық дәрежеде болатын. Қазіргідей қаптаған телеарналардың, сан-салалы ғаламторлардың жоқ кезі. Алыс-жақын ауылдарда, колхоз-совхоздарда, қалаларда өтетін қуанышты жиын-тойлардың, мерекелердің бәрінде орыстанбаған қазақтардың, шамамен 90-95 пайызы тек Шәмшінің әндерін шырқайтын. Туған ұлтының мұншалықты деңгейде шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Шәмшіден өзге сазгер, әлі күнге дейін қазақ топырағында болған емес. Сол тұста, Шәмші қойын дәптеріне көшіріп алған менің Еркеғали Рахмадиевке арнаған бір әзіл өлеңім болатын: «Тым құрыса, бір әнін жұрт айтпаған, Шәмшіге деген қызғанышынан қайтпаған. Қадірменді ағамыз Еркеғали, Болды екен неге сонша Келтеғали?». Тағы да мынадай жыр жолдарым бар еді: «Тауды тау деп айта алмаған адам өзін қорлайды, Неге бізде биік тұлға пенделіктен сорлайды? Қызғанышта жатқан жоқ па, ұсақтықтың мән-сыры? Рахмадиев не себепті мүшелікке алмайды, Тілендиевті, Бейсеуовті, Қалдаяқов Шәмшіні? Бұл ісі үшін арқасына осар ма еді қамшыны...». 1970 жылдардың орта шенінде, Қазақ радиосында қазақ, орыс тілдеріндегі әдеби драмалық редакциялардың бас редакторы қызметінде жүргенімде бөлмеме Еркеғали ағамыз кірді. Амандық-саулықтан соң: – Мұхтаржан, бір ән шығарып едім. Соның сөзін жаздыруға өзіңе арнайы келіп отырмын, – деді. – Жарайды, алдымен әніңізді тыңдап көрелік... Көрші бөлмеде тұрған күйсандыққа барып, ол әнін үш рет орындады. Ыңылдап та ұғындырды. Ерекең шығарған әннің табиғатында жүректі селт еткізер ештеңе жоқ, әрі мұның тым дарынсыз туынды екенін бірден аңғардым. Сосын: – Аға, әніңіз менің ыңғайыма келмейді екен. Сөзін басқа ақынға жаздырғаныңыз жөн шығар, – деп едім: – Түсінемін. Саған ішкіш Қалдаяқовтан басқа композитордың ұнай қоюы қиын шығар – деді ол ызаланған кейіпте. – Және сенің «неге Еркеғали Келтеғали болды» деп мазақтаған өлеңіңді де біреулер маған жеткізді... Сосын, республикамыздың бас ішкішіне жақын адамдардың бәрінің айтатыны «Қалдаяқовты неге Рахмадиев Композиторлар одағының мүшелігіне алмайды» деген сөз. Қалай аламыз? Ол үшін Қалдаяқов консерваторияның арнаулы факультетін бітіруі керек. Нақ соны талап ететін арнайы заң бар. – Ол заңды өзіңіз шығарып отырсыз – дедім мен де қызбаланып. – Неге ондай талап басқа республикаларда жоқ, бізде ғана бар?! Екіншіден, Қалдаяқовтың ішкіштігі туралы жиі айтасыз. Өкінішке қарай, ол солай. Егер сіз «Бақыт құшағында» немесе «Ақерке ақ Жайық» секілді бүкіл халық айтатын бір ән жазған болсаңыз, тіпті, Қалдаяқов сияқты бас ішкіш атансаңыз да, ел сізге өзгеше құрметпен қарар еді. Амал қанша, тағдырыңыз басқаша сипат алған. Осы бағытыңызды жалғастыра беретін шығарсыз... Еркеғали аға ләм-мим деместен, тұнжыраған қалпы бөлмеден шығып кетті. Шәмші о дүниелік болардан аз күн бұрын Министрлер Кеңесінің ауруханасына соғып, рухтас бауырыммен жүздесіп едім. Жағдайы тым нашарлап қалған екен. Мұхтар Әлиевтің болжамы расқа шығатын болыпты-ау деп, іштей мұңайдым. Шәкеңе Шымкенттегі әпкемнің қатты науқастанып жатқанын, соған барып қайтуымның қажеттігін жеткіздім. «Ізет әпкеме менен сәлем айт!» деді ол терең күрсініп. Бұл оның аузынан мен естіген соңғы сөз екенін және ұзақ жылдар бойына рухтас, сырлас, туысқаннан да артық болған аға-досыммен, ең соңғы рет жүздесіп тұрғанымды, сол сәтте ұғынбаппын-ау... Әпкемнің үйінде екі күн болғанымда, ертеңгілік Шәмшінің қазасы жайлы суыт хабар жетті. Алматыға ұшуға билет табылмағандықтан, көмек сұрағалы облыс басшысының қабылдау бөлмесіне кіріп едім, басшының көмекшісі республикамыздың Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиевтің мені іздеп, екі рет телефон соққанын айтты. Көмекші қолма-қол мені Рахмадиевпен жалғады. Ол асығыс түрде: – Мұхтар інім, досыңның жаны жәннатта болсын. Ертеңгі жерлеуге даярланып жатырмыз. Бар шаруаны Мәдениет министрлігі өз мойнына алды. Өзіңе айтайын дегенім, қаралы жиын үстінде ескі ренішті қоздырмаған жөн. Бір-бірімізге түсіністікпен қарағанымыз абзал. Келістік қой, – деді де телефон тұтқасын тастап жіберді. Алматыда Шәмшіге арналған қаралы басқосуға жиналған жұртта есеп болмады. Кеңсай зиратындағы Шәкеңді жерлеу рәсімін бастан-аяқ Рахмадиев жүргізіп отырды. Өзіне қарсы пікір айтып жібере ме деп қауіптенсе керек, маған сөз бермеді. Шәмшінің жақын туыстарының бірі «Шаханов Шәкеңнің бірден бір жақын адамы ғой, оған сөз бермеуіңіз қалай?» деп ескертсе де, естімеген сыңай танытты. Бірақ бір ғажабы, Еркеғали аға «Шәмші қазақтың ұлы композиторы», «Халқының дара мақтанышы» деген сөздерді бірнеше рет қайталап айтты. Жерлеу рәсімі аяқталған соң «Жұлдыз» мейрамханасында Шәмшіні еске алу жиыны өтті. Мұнда да жиын тізгінін Еркеғали Рахмадиев қолға алды. Бүкіл рухани саланың көшбасшысы, еліміздің Мәдениет министрі болғандықтан, оған кім қарсы тұрсын. Алдымен, мола басында сөйлеген сөзінен де асырып, Шәмші рухына мадақ пен мақтауды қарша боратты. Сол сәтте мен орнымнан тұрдым. Жұрт сілтідей тына қалды. Қатысып отырғандардың көпшілігі Шәмшінің де, менің де Рахмадиевпен ара-қатынасымыздың қалай болғанын жақсы білетін. – Бауырлар, – дедім мен. – Еңкейген кәрі мен еңбектеген баланың аралығын, түгел өзінің жойқын дарынымен баураған және Композиторлар Одағының мүшесі бола алмай о дүниеге аттанып кеткен ұлы композиторымыз, егер көзі тірісінде жиынды жүргізіп отырған адамның аузынан шығып жатқан өлшеусіз мадақ сөздердің кішкене бөлігін ғана естісе қандай күйде болар еді? Қазақ музыка өнерін 30-40 жылдай, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған кім? Әрі сол адамның шығармасы туралы ғылыми зерттеу мақала жазған адамның өзі одақ мүшелігіне қабылданып жатқанда, Шәмші неге оның қарапайым мүшесі бола алмай көз жұмды? Сөзі басқа, ісі басқа қазіргі замандық адами құбылыс, бүгін мола басында және дәл осы арада ерекше деңгейде бой көрсетті. Өлер Шәмші өлді. Енді бізге не қалды? Енді көзі тірілердің мойнында Шәмшінің әндерін үлкен жинақ етіп шығару, жұртқа белгісіз туындыларын теледидар, радио арқылы қалың көпшілікке тарату міндеті ғана қалды... Жұрттың бәрі жиынды басқарып тұрған адамға «осымен шаруасы біткен шығар» дегендей үдере қарады. Өйткені, олар менің кімді меңзеп тұрғанымды айна-қатесіз ұқты. Сол сәтте Еркеғали ағамыз ештеңе болмағандай, орнынан атып тұрып: – Мұхтар өте дұрыс айтады! Енді біздің мойнымызда Шәмшінің ән жинақтарын шығару және оның қанатты әндерін радио мен телеарналар арқылы үлкен ауқымда насихаттау міндеті қалады! – деді жігерлене қолын сермеп. Бірнеше жылдан кейін Астана қаласында белгілі сазгер Төлеген Мұхаметжановтың ұйымдастыруымен «Қазақ әндері шетел әншілерінің орындауында» атты халықаралық конкурс өткізілді. 15-ке жуық қазылар мүшелігіне Ақселеу Сейдімбек, Еркеғали Рахмадиев, Айман Мұсақожаевалармен қатар мені де ендіріпті. Конкурста Индонезиядан келген Дэви Марпаун деген қыз Шәмші Қалдаяқовтың менің сөзіме жазған «Өмір-өзен» атты әнін өз ана тілінде құйқылжыта орындады. Әншінің өзгеше нәзік, шуақты дауысы туындыны шынында да басқа әндерге қарағанда дара биіктен көрсетті. Әділқазы мүшелерінің бәрі дерлік Индонезия әншісін қолдады. Ешкім «солай ет» деп талап қоймаса да, ән авторының бірі болғандықтан, мен қалыс қалдым. Жалғыз-ақ адам қарсы дауыс берді. Ол, әрине, Еркеғали ағамыз еді. Әйтсе де, өзге әділқазы мүшелері «Өмір-өзенді» орындаған Индонезия қызына Гран-при ұсынылуын бірауыздан мақұлдады. Шай үстінде әділқазы мүшелерінің көзінше Еркеғали ағаға: – Ереке, Шәмші, негізінен, тек сіздің арқаңызда Композиторлар одағының мүшесі бола алмай, о дүниеге аттанып кетті. Одан өзге де жасаған кедергілеріңіз аз емес. Шәмшінің қазір сүйегі де қурап кетпеді ме? Енді оған осы жолы тиіспей-ақ қоюыңызға әбден болатын еді ғой, – дедім. – Мұхтар, маған босқа шүйлігесің, – деді сабырлы қалпын бұзбастан. – Сенің сөзіңе жазылса да, ән маған мүлде әсерсіз. Ал ана мәселеге келсек, бұрын да сан рет айтқанмын. Композиторлар одағының мүшесі болғысы келетін адам, міндетті түрде консерваторияның арнаулы факультетін бітіруі тиіс еді... – Нақ сол кезеңде, сіздер, жазу-сызудан мүлде хабары жоқ, халық ақыны Кенен Әзірбаевты да Композиторлар одағының мүшелігіне қабылдап едіңіздер ғой, – дедім қызынып. – Сонда ол кісі де консерваторияның арнаулы факультетін бітіріп пе еді? Бұған қоса, өзіңіздің және Ғазиза Жұбанованың әндері жайлы ғылыми-зерттеу еңбек жазғандарды да Композиторлар одағының мүшелігіне қабылдағандарыңыз өтірік пе? – Мәселен, мен бір ғалымсымақты білемін, музыкадан, нотадан ешқандай хабары жоқ. Бірақ Композиторлар одағының мүшесі, – деді қазылардың бірі. Еркеғали Рахмадиев ләм-мим деуге шамасы келмей, үнсіз отырып қалды. Сол кезде мен орнымнан қайта тұрып, мына өлеңді оқыдым: «Байлық құсы жиi қонды нәрсiз, сараң мүскiнге, Даңқ та ұялмай мадақтады, тұрса жойқын күш кiмде, Шындық сирек билiк құрды ұлы жердiң үстiнде. Сондықтан да Сократ та, Бетховен де, Пушкин де Мейiрiмсiз, рухсыз күштермен мәңгiлiк оппозицияда. Нанымсыздық, дарынсыздық жолыңды ылғи орай ма, Қара күштер iзгiлiктiң зейiнiне қарай ма? Теңсiздiк көп, аю, қасқыр сайран салған тоғайда. Қазақтың қос рух шыңы – Махамбет те, Абай да Сол үшiн де пенделiкпен мәңгiлiк оппозицияда. Иә, әлемде барлық шыншыл ақындар оппозицияда, Жомарттарға – дүниеқоңыз пақырлар оппозицияда. Кей тiршiлiк иелерi қызғанышсыз гүлдемес, Айыптымыз ба солармен болғанымызға iргелес? Қандай жағдайда қандендер үлкен иттердi күндемес? Мұхиттарда күллi балықтар киттерге ырза емес… Ежелден ақша мен сатқындық бiр жүрген, таңданба, Сол мiнез дөп келдi бүгiнгi кәсіпкер талғамға: Қалталы, дарынсыз қаламгер теңелiп Шиллерге, Бейәдеп, рухсыз журналист айналды киллерге... Бәрiне кiнәлi тойымсыз қарындар ғана ма? Қайшылықтар көп өмiрдiң заңдылықтарында да. Байыптап зерттеп адалды, арамды, иықтыларды, Қайткенде адамдық олардан биiк тұрады? Шындықты көксеген мақсаты, мүддесi нанымды, Өзге жұрт шықпаған биiкке шықса бiр дарынды, Кеудеге сенiм мен мейiрiм желкенiн жүздiрiп, Тек сырттай тiлектес жүрудiң өзi – зор iзгiлiк. Қиратқыш ойлар көп бiрлiкке негiзделмеген: О, тоба, кiшкене көлшiктер – теңiздерменен, Шымшықтар, қарғалар – сұңқарларменен, Есектер өзiнше тұлпарларменен Қашанғы жүре бермекшi оппозицияда? Қаншама бет-бейне жатыр орынсыз тырналып, Нағыз әдiлет оппозициясын шатастырмалық Бас қамын көздеген бейпiлсөз «шатақ-ит-цияға». Жә, бәлкiм, бұл тайталастың жолын ешкiм бөгемес. Бiрақ ұлттың даналығы, ғасырымен өрелес, Үлкен перзент туғанымен ғана емес, Майдалардан оны қорғай бiлуiмен Әрi қолдай бiлуiмен өлшенбек, Өлшенбесе, ұлтқа қарсы қатерлi ойлар белсенбек. Ерте құрбан болғандар көп, өрбiте алмай өз iсiн, Бiреу алып денесi үшiн, Бiреу заңғар өресi үшiн және алып сөзi үшiн. Алыптық өр белес шығар, Бәлкiм, бақыт емес шығар, Атышулы сол алыптың өзi үшiн. Ұғынатын кезең келдi: Тек рухы шыңның ғана сөзi – шың…». Иә, Шәмші табиғатының шыңы да, шатқалы да және шатқалға қойылған қызғаныш қақпаны да аз болмағанын уақыт сан рет әйгіледі. КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТЕДІ  «Дәуір» баспасынан Қазақстанның Халық жазушысы, «Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері, белгілі ақынымыз Мұхтар Шахановтың «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Автор бұл еңбегінде «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық жолы мен адами ғұмыры туралы сыр шертеді, халқының сүйікті сазгері Шәмшінің тағдырындағы көпшілікке белгісіз оқиғаларды көз алдымызға әкеліп, қазіргі кездегі рухани мәселелерді сараптай отырып, өзіндік ой тастайды. Кітап қалың оқырманның үлкен ілтипатына, жылы лебізіне ие болары сөзсіз. Шәмші десе, ішкен асын жерге қоятындар мен Мұхтар Шаханов шығармашылығының шынайы жанашырларына бұл кітаптың тұсаукесер рәсімі 27-ақпан күні сағат 18.30-да Алматыдағы «Қазақконцерт» залында өтетінін қуана жеткіземіз. Кеште республикамыздың белгілі әншілері Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың бірлесіп жазған жұртқа бұрыннан танымал және осы күнге дейін белгісіз болып келген әндерін орындайды. Келем деушілерге есік ашық.