Елімізде жемқорлардың аты жазылатын жаңа пән енгізлуі мүмкін

Парақорлық туралы пән! Қостанайлық шенеуніктер еліміздің барлық мектептерінде жемқорлықтың зиянын жан-жақты оқытатын сабақ енгізуді сұрап отыр.

Елімізде жемқорлардың аты жазылатын жаңа пән енгізлуі мүмкін Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Пара түбі темір тор екенін көріп-біліп жүрсе, ақша алуын қоймаған ересектерден мүлдем күдер үзсе керек, атқамінерлер енді күресті білім ұяларынан бастамақшы. Тек бұған ұстаздар үзілді-кесілді қарсы.

"Пара" дегенге балалардың бірі езу тартып күлсе, бірі тымырайып төмен қарап отыр. Ал кейбіреуі "атақты" жемқорлардың аттарын тақтада тақылдап айтуда. Мұндай мысал ретінде кейінгі тұтқындалған министрлерді келтіруде.

Тек бастауыш сыныптағы оқушылар тығырыққа тірелген. Жемқорлықтың не екенін көбі білмейді екен. Осындай түсінігі әлі кіршіксіз таза балаларға "Жемқорлық" туралы пәнді оқытуды қостанайлық шенділер ұсынып отыр. "Жемқорлықпен күресті мектеп пен балалақшалардан бастап жүргізу қажет. Балалар оны мектептен бастап біліп өссе, болашақта сыбайлас жемқорлықты түпкілікті жоюға болады. Сондықтан, біздер Білім және ғылым министрлігіне арнайы пән енгізу жөнінде ұсыныс жасадық", - дейді  Қостанай облысы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Асхат Ескендіров. Тек мұндай бастамаға ұстаздардың көбі қарсы. Өйткені олар сабаққа кісен әкеліп, қылмыскерлердің былықтарын балаларға көрсеткісі жоқ. "Біз балаларға оқыту барысында мысалдар келтіруіміз керек, ия? Қалай мысалға ақшаны алды? Ол ақшаны алу барысында  Ішкі істер министрлігінде істейтіндерге біздің қызметкерлер қалай оны ұстатады? Қолдарын қалай бұрап жатыр? Қалталарынан қалай алып шығып жатыр? Осының бәрін көрсетеміз бе?", - дейді лицей директорының орынбасары Рауза Бекболатова. Шенеуніктер "Жемқорлық" туралы пәнді балабақшадағы бүлдіршін де оқысын деп отыр. Мұндайды естіген тәрбиешілердің төбе шашы тік тұрды. "Жемқорлық" дегенді кішкентай балаға қалай түсіндірмекпіз? Қасық пен шанышқы ұстауды әрең дегенде үйреніп жүрген олар ақша алу, беру, "бармақ басты, көз қысты" дегенді қалай ұғады?", - дейді  балабақша тәрбиешісі Людмила Витренко.

"Жемқорлық" дегенді кішкентай балаға қалай түсіндірмекпіз? Қасық пен шанышқы ұстауды әрең дегенде үйретіп жүрміз.

Ұстаздарды тек Білім министрлігіндегілер жауабы сабасына түсіргендей. Жемқорлыққа бөлек пән арнау әзірге олардың жоспарында жоқ екен. Тек кейбір сабақтарға қосымша ретінде енгізілуі мүмкін. "Адам және қоғам", "Құқық" пәндеріне белгілі бір бөлімдер және белгілі бір тақырыптарды қамту мәселесі қазір Білім және ғылым министрлігінде қарастырылуда. Ал балабақшаларда түрлі журналдар таратылады. Онда жемқорлық суретпен сипатталмақ. Тек қылмыскердің рөлінде ақша жеп ұсталған "атышулы атқамінерлер" емес, бейнелі түрде аң-құспен сипатталуы мүмкін", - дейді Білім және ғылым министрлігі департамент директоры орынбасарының міндетін атқарушы Жаңабай Әбуов.

Источник: КТК арнасы