Екпеден құлаған оқушылар қорқынышты жайды еске алды

0
1334

Жаңаөзенде қызылшаға қарсы екпеден тағы 4 бала құлады. Сөйтіп, кешеден бері әлсіреп ауруханаға түскендер саны 34-ке жетіп отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Екпеден құлаған оқушылар қорқынышты жайды еске алды
Жаңаөзен қалалық ауруханасына бүгін жеткізілген оқушылардың біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал кеше Ақтауға алып келген екі қыз баланың жағдайы қазір тұрақталды. Енді оларды Астанадан барған дәрігерлер қарап жатыр.

11-сынып оқушысы Жадыра Қожаниязованың 3 күннен бергі халі нашар болған.  Қазір беті бері қараған. Оны кеше Жаңаөзен ауруханасының жансақтау бөлімінен Ақтауға алып келген. Қызылшаға қарсы екпені салған күнгі оқиғаны ол қорқынышпен еске алады.

«Класстың бәрі құлады. 16 оқушы түсті, сол вакцина салған күні. Ауруханада система алып, жақсы болған соң, шығарды. Ертеңіне кешке қайта судоргы ұстады. Аяқ қолдарым тартылып қалды», – дейді Жадыра.

Осы әңгімеден кейін 2 сағат өткенде Жадыра есінен танып неврология бөлімінен жансақтау бөліміне ауыстырылды. Қазір жағдайы орташа дейді дәрігерлер. Тап осы бөлімде кешеден бері тағы бір қыз жатыр. Есі кіресілі-шығасылы дейді ата-анасы.

Екеуінің де диагнозын қазір анықтау мүмкін болмай тұр. Жеткіншектердің жұлынынан сынама алынып, сараптамаға жіберілді.

Класстың бәрі құлады. 16 оқушы түсті, сол вакцина салған күні. Ауруханада система алып, жақсы болған соң, шығарды.

«Сіздің қызыңыздың хәлі ауыр деді басқаларға қарағанда. Жұлынынан су алу үшін рұқсат алды. Баламыз үшін не істемейміз?», – дейді  оқушының анасы Зоя Тұрмағамбетова.

Ал бұл уақытта Жаңаөзенде тағы 4 оқушы ауруханаға түсті. Ал бүгін кешке қарай тағы бір оқушыны Ақтауға әкеліп, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызды. Бұлар үшін Астанадан екі дәрігер алдыртқан.

«Өсуі де мүмкін. Себебі бұл литератураға сүйенетін болсақ, аурудың реакцияларының кейбіреулері 5 күн дегенде беруі мүмкін, кейбір адамдарға 10 күнде беруі мүмкін. Бірең – сараң балаларда әлде де болуы мүмкін. Дәрігерлерге үйлерінде, мектептерде қадағалап отыруға тапсырма берілді», – дейді  Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмабек Бисен.

Вакцинаның балаларға кері әсер етуіне байланысты қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан комиссия құрылды. Олар екпенің дұрыс сақталып, егу техникасының бұзылмағанын айтады. Ал оның неге кері әсер еткені дәріге жасалған сараптамадан соң белгілі болмақ.

Инъекциядан кейінгі реакция Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласында да бірен-саран балалардан анықталып отыр. Ал бұған дейін Теміртауда 20 студент естерінен танып қалған еді.

Осыған қарамастан ақ халаттылар қызылшаға қарсы екпені егу керек дейді. Сондықтан ата-аналар мен жасөспірімдерді қорықпай екпе салдыруға шақырып отыр.

Источник: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз