ГОЛОВКИН ШАПАНЫН АУЫСТЫРА МА?
2015 ж. 18 ақпан
7892
6
ГЕНАҒА АРНАП ҚАЗАҚЫ ШАПАН ТІГІЛДІ
Головкиннің кезекті жекпе-жегіне жанкүйер болуға аттанғалы тұрған Әбдімәжит Саттарұлы: «Қолымда Генаға сыйым ретінде алып бара жатқан арнайы тіктірген ұлттық шапаным бар, бұдан былай осы шапанды киіп шықса екен» дейді.
Осы мәселе кейінгі кездері баспасөз беттерінде де, әлеуметтік желілерде де оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Шапан киген жақсы-ау, бірақ, сол шапанның Өзін қазақпын деп атаған Гена батырдың ұлттық төл ою-өрнегімен әдіптелмеуі, Қазақ Елінің атынан сынға түсіп жүргендіктен, Қазақстанның мемлекеттік нышандарымен әрленбеуі біздің де көңілімізді күпті етіп жүргені жасырын емес. Әрине, бұл үшін Головкинді кінәлаудан аулақпыз, оның әу бастағы ниеті дұрыс қой. Ол қазақтың түбін зерттеп жүрген этнограф немесе этнолог па екен?.. Оған жүктелген міндет мүлде басқа. Батырымыз өзіне жүктелген міндетті толық атқарып жүр. Осыдан бірер жыл бұрын берекелі күздің мерекелі қыркүйегінде «Ұлылар Отаны» аталған Отырар ауданының Шәмші аулында салтанатты шара болып өткен еді. Аталмыш ауылдың тумасы Әбдімәжит Сыздықбеков деген азамат азаматтық танытып, алыстан көз тартатын алып кешен салғанын сүйіншілеп, радионың республикалық эфирінен хабарлаған болатынбыз. «Кіре берістің кемпірқосақ сынды маңдайшасында «Алаш аллеясы» деген жазу, аллеяда бүкіл алашордашылар мен қазақтың маңдайына біткен спорт саңлақтарының портреттері және сөздері тасқа қашалған. Ал сол аллеямен жүре берсеңіз, сізді «Алпамыс батыр спорт кешені» деген жазуы бар биік маңдайша күтіп алады. Оған кіре берісте арғымақ атқа шірене мініп, шауып келе жатқан кейіптегі батырдың бейнесі. Оның астында Алпамыс батыр жырынан үзінді келтірілген». Жерінің соры шығып жатқан, ауданның орталығынан шалғай ауылда салынып, алаңы табиғи жасыл майсамен жайнаған стадионды сол кезде осылай таныстырған тұғынбыз. Енді міне, Әбдімәжит ағамыз тағы да тың жобасын телефоныма жіберіпті. Артынша хабарластым, әуежайда Головкиннің кезекті жекпе-жегіне жанкүйер болуға аттанғалы тұр екен. «Қолымда Генаға сыйым ретінде алып бара жатқан арнайы тіктірген шапаным, бұдан былай осы шапанды киіп шықса екен» дейді Әбдімәжит Саттарұлы. Көбейсін деген ниетпен қуанышты хабарды Сіздермен де бөліскенді жөн санадым, ардақты ағайын!Серік СЕЙІТМАН, ақын,
«Шалқар» радиосының Бас редакторы
qazaquni.kz