“Жұлдызды кандидаттардың” сайлауға қатысқысы келмей қалды

\"Жұлдызды кандидаттардың\" сайлауға қатысқысы келмей қалды Бұған дейін бірнеше саяси доданың көрігін қыздырған үміткерлер ел назарынан шаршадық деп отыр деп хабарлайды КТК арнасы.Әзірше, президент сайлауының уақыты белгіленбесе де, оған кандидат ретінде қазіргі мемлекет басшысы ұсынылуда. Мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ең ірі саяси ұйым саналатын «Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы» да бірауыздан қолдады.«Демократиялық күштердің коалициясы» сайлаудың биылдан қалмағаны жөн деп отыр. Құрамына 6 саяси партия мен 18 қоғамдық бірлестік кіретін ұйым басшыларының ортақ ойы осы.«Патиоттар партиясының» төрағасы болса, Қазақстан халқы Ассамблеясының айтқанын қолдап қана қоймай «Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы» да тың ұсыныс жасау керек дейді. Сондықтан, Ғани Қасымов саяси додаға қатысуға лайықты кандидатураны атауды ұмытқан жоқ.«Коалицияның атынан президенттікке бірінші кандидат елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болады деген ұсыныс жасайық. Бүгін коалиция қабылдайтын үндеуде бұл туралы жазылмаған. Сондықтан мұны да ескерген дұрыс», — дейді Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов. Бірақ, Қасымовтың бұл идеясын коалиция мүшелері қолдай қоймады. Әзірге кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты ғана талқылап жатқандарын ескертті. Сөйтіп, жиналғандар бірауыздан сайлау өтсін деген үндеу жариялады. «Бұл — еліміз үшін тарихи сәт. Күрделі халықаралық жағдай мен әлемдік экономикадағы ахуалға байланысты аталған мәселелер өткен жылдан қоғамды толғандырып келеді. Көпшілік сайлауды дәл 2015 жылы өткізуді тұрақтылық пен тыныштықтың факторы деп есептейді», — деді Қазақстанның Азаматтық Альянсының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов. Ал, саяси партия төрағаларының өздері сайлауға үміткер ретінде мүлдем қатысқылары келмейді екен. «Ақ жолдың» төрағасы Азат Перуашев өзін президент болуға лайық емеспін десе, екі рет сайлауға түскен Ғани Қасымов үнемі журналистердің назарында болудан шаршапты. Сондықтан таққа таласудан бас тартқан. Ал коммунист Жамбыл Ахметбеков әлі екі ойлы болып отыр. Осыған қарағанда бұл сайлауда бұрын аты аталмаған, жұртқа бейтаныс жаңа тұлғалардың кандидатурасы пайда болатын сынды. Ал президент сайлауын өткізуді әріқарай парламент талқыламақ. Саяси науқанды құжат жүзінде бекіту қажет болмаса да, бұл тақырып 19-шы ақпанда сенатта қаралады. Жоғарғы палата, Ассамблеяны қолдаса, соңғы сөз Ақорданың еншісінде. Яғни, мерзімінен бұрын сайлау өткізу-өткізбеуді Нұрсұлтан Назарбаев шешетін болады. Nur.kz