Бір сәтте"есеңгіретерлік" девальвацияға жол берілмейді
2015 ж. 12 ақпан
2110
1
Қазақстанның ұлттық банкі теңге бағамының АҚШ долларына қатысты ауытқу дәлізін сақтайды, капиталдың сыртқы нарығындағы өзгерістер болған жағдайда бір сәттік девальвацияға жол бермейді.
Бұл туралы Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов журналистерге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысынан кейін мәлімдеді деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары.
Үкімет отырысында елбасы Ұлттық банктің алдына бірқатар міндеттер қойды, олардың ішінде ұлттық валюта бағамының күрт ауытқуына жол бермеуді тапсырды.
"Біз ағымдағы валюталық дәліз саясатын жалғастырамыз. Қолданыстағы макроэкономикалық жағдай оған сай келеді. Егер капиталдың сыртқы нарығында өзгерістер орын алса, онда сәйкесінше біз бір сәтте "есеңгіретерлік" девальвацияға жол бермейміз. Бірқалыпты әрі икемді айырбас курсы аясында жұмыс істейтін боламыз", - деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық банкінің төрағасы жақында үкімет пен Ұлттық банк Қазақстан экономикасын долларсыздану жоспарын бекітетінін айтты деп хабарлайды Қазақпарат.
"Сәйкесінше жоспар қабылдау болжануда. Онда ең алдымен нормативтік-құқықтық базаға, төлемдер туралы, валюталық реттеу туралы заңдарға өзгертулер енгізілетін болады. Банкаралық айырбас пунктерінің қызметі қатаңдатылады, сонымен қатар валюталық заңнама реттеледі", - деді ол.
Сондай-ақ Келімбетовтің атап өтуінше, Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор компанияларымен бірлесіп, депозиттердің қандай да бір валютадағы мақсаттылығы туралы мәселені қарастыру үстінде.