Бірғаным Әйтімова жастарды несиеге өмір сүруге шақырды

Қазақстан Президентінің қолжетімді баспанаға қатысты тамаша ұсынысын жастар тиімді пайдалануы тиіс. Бұл туралы бүгін  Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Бірғаным Әйтімова жастарды несиеге өмір сүруге шақырды "Естеріңізде болса, президент қолжетімді баспана бойынша тамаша ұсыныс жасаған болатын. Енді бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы қажет. Негізі жалдамалы баспана, несиеге төменгі пайыздық ставка көзделген мұндай норманы кез келген елден көрмейсіздер. Мұның барлығы жастардың жұмыс істей алулары үшін жасалып отыр", - деді Бірғаным Әйтімова БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Осы ретте сенатор қазақстандықтарға шетелдік құрдастарын мысалға келтіріп өтті. "Біле білсеңіздер, шетелде жастар осылай істейді. Олар өздерінің мүмкіндігінше өмір сүреді. Олар несие алып, өмір сүреді. Колледжде білімді де несиемен алады. Содан кейін қалай болғанда да жұмыс табуға тырысады. Олар студенттік жылдарында сабаққа дейін не кейін даяшы немесе қызмет көрсетудің басқа да салаларында жұмыс істейді. Осылайша несиелерін ақырындап өтейді. Ал одан кейін баспана қажет болғанда жалдамалы үй алады", - деді сенатор. Бірғаным Әйтімова мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға міндетті еместігін де айтқан деп жазады ҚазТАГ. "Жастарға қатысты мемлекет саясатын дұрыс қалыптастыру керек – заңды түрде жұмыс табуға мүмкіндік береді. Мемлекет барлығын жұмысқа орналастыруға міндетті емес, осыны шатастырмайық. Біз бүгінде әлемдік экономика жағдайында өмір сүріп жатырмыз, яғни мемлекет пен мемлекеттік органдардың міндеті – сол мүмкіндікті беру, білім беру, дайындау, қайта оқыту, елді дамыту жолдарын қарастыру", - деді сенатор Әйтімова.

Источник: NUR.KZ