Қасақана адамды ат! «Аффект» – сенің қорғаның...

билік «Әлем күйресе күйресін, бірақ, әділдік салтанат құратын болсын!» Ежелгі римдіктер мақалы   Журналистің алдына жұрт жәрдем сұрап әдетте қай уақытта келеді? Әділдік іздеп шарқ ұрған шағында, соңғы сөзін айтатын соттан үмітін үзген кезде. Сондай адамның бірі – түркістандық азамат Шаяхмет Жүнісбеков те бізге былтыр мамыр айында 27 жасар ұлы Шоқанды қасақана атып өлтірген Жандарбек Меңдібаевты 1 (бір) жыл бас бостандығынан айыруға үкім еткен судьяның ісіне наразылығын айтып келген еді. Оңтүстік Қазақстан облысының қыл­мыстық істер жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық сотының судьясы Ә.Ә.Шахидинов 2014 жылдың 14-желтоқсанындағы үкімінде не анықтады екен, алдымен соған тоқталайық. «...Сотталушы Ж.М.Меңдібаев, 2014 ж. 12 мамыры күні сағат 16.30 шама­сында «Түркістан-Қызылорда» тасжолының «Қарашық» өзені маңындағы көпір аумағынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен қырық метр болатын қашықтықтағы жазық жерде, өз басқаруындағы Х070 WTN «ВАЗ-21214» автокөлігінің салонында, танысы Ш.Ш.Құдас мойын тұсынан бұрағышпен (отвертка) бірнеше рет тіліп жіберіп, ар-намысына және қадыр-қасиетіне тиетін әдепсіз ауыр сөздермен балағаттауына байланысты соңғының осы заңға қайшы және моральға жат іс-әрекеттері салдарынан кенеттен пайда болған жан күйзелісі (аффект) жағдайында, аталған автокөлік салонында болған «Стражник» белгісіндегі нөмірі 0446111016 санды ұңғысыз өзіндік қорғаныс тапаншасынан оның сол жақ бас аймағына бағыттап бір рет атып, оған қаза келтірген». Ж.Меңдібаевтың сөзін қысқаша берсек, оны сол күні сағат 11.00 шамасында танысы Ш.Құдас ұялы телефонмен кездесуге шақырады. Ж.Меңдібаев өз жұмысын бітірген соң, 15.30 шамасында Түркістан қаласындағы Асылбеков көшесі бойындағы шағын дүкенге жоғарыдағы өз автокөлігімен барады. Оны Ш.Құдас пен аты-жөні алдын ала тергеу барысында белгілі болған Е.Оразбеков күтіп алады. Дүкенге кіріп отырып, бір шөлмек араққа тапсырыс береді. Оны Ш.Құдас пен Е.Оразбеков ішеді, ал, Ж.Меңдібаев ішпейді. Ішпегені үшін оған, 40 жасар жігіт ағасына 28 жасар Ш.Құдас тиісіпті-міс. Ерегісте Ш.Құдас оны ұрып құлатады. Дүкен сатушысы мен бейтаныс жігіт ажыратып алады. Бұл кетпекші болып сыртқа шыққан жерінен Ш.Құдас пен Е.Оразбеков екеуі жабылып ұрып-соғады, құлатып, тепкілеп тастайды. Бұл жерде де оны дүкен сатушысы мен бейтаныс әйел арашалап алады. Кетейін деп көлігіне мінген кезде Ш.Құдас алдыңғы орындыққа отырып алады. Әртүрлі балағат сөз айтып, «арақ әпересің» деп түспей қояды. Бұл «үйге апарып, сонда берейін арақты» деп келе жатқанында Ш.Құдас оның мойнын автокөлік ішінде жатқан бұрағышпен екі-үш рет тіліп жібереді-міс. Машинаны кілт тоқтатқан бұған әлдеқайдан тапанша суырып алған Ш.Құдас тапаншасын екі орындықтың арасына қойып қояды (?) да, балағаттауын одан әрмен жалғастырады. «Сенің өзіңді, әйеліңді, балаларыңды, тоңқайтып қойып, арттарыңнан зорлаймын» дейді. «...Соңғының осы сөздерінен кейін оның көздері қарауытып кеткендігін, ал өзіне-өзі келген сәтте Ш.Құдастың жерде құлап жатқандығын, оны қасақана өлтіру пиғылы өзінде мүлде болмағандығын, бұл күні ешқандай спирттік ішімдік ішпегендігін көрсетті». Содан кейін қылмыс орнынан қашып кеткен Ж.Меңдібаев «тауда жүріп», қалаға 3 күннен кейін ғана оралады. Ал, куәгер Е.Оразбеков не дейді? Ш.Құдас, Р.Төлемісов үшеуі түсте Қызылорда-Түркістан жолы бойындағы асханадан тамақтанып шыққанда Ш.Құдас «Жука (Ж.Меңдібаевтың лақап аты) шақырып жатыр» деп, Ж.Меңдібаевтың ұялы теле­фонының нөмірін көрсетеді. Олар енді алдында өздері отырып кеткен, Асылбеков көшесінде орналасқан шағын дүкенге қайта келген, бұл жерде оларды Ж.Меңдібаев күтіп алған. Осы жерде Р.Төлемісов кетіп қалады, ал Ж.Меңдібаев жабық тұрған дүкен есігін ашқызады және ақ түсті «Нива» автокөлігінен бір шөлмек «Нона» арағын алып келеді. Олар арақты дүкен иесі Аманкелді деген жігітпен бірге ішіп отырғанда оның әйелі жұмыстан келеді де, бұларды дүкеннен шығарып жібереді. Бұл үшеуі Ж.Меңдібаевтың көлігімен сол көше бойындағы басқа бір дүкенге барып, сол жерде сатушы әйелге арақ, сусын мен тұздалған қиярға тапсырыс береді. «...Бара жатқанда Жандарбек-Жука мен Шоқан ойнап ерегісті, сол кезде Жука жанында тұрған ерлер ұстайтын «барсетка» сөмкесінде «пистолетім» бар деп айтып жатты». Бір кезде Шоқан мен Жандарбек арасында ерегіс туып, Жандарбек үстел үстіндегі шанышқыны алып Шоқанның тамағына тақайды. Шоқан тұрады да бір ұрып Жандарбекті құлатады. Мұрны қанап қалған Жандарбек көлігінен барып, қара түсті екі ұңғылы тапанша алып келеді де, Шоқанның басына тақап тұрып: «Атып тастаймын!» дейді. Е.Оразбеков пен сол кезде кездейсоқ келіп қалған, көрші тұратын С.Жүнісбеков оларды ажыратып жібереді. Ж.Меңдібаев машинасына мініп кетіп қалады. Оның машинасына мінбек болған Ш.Құдасты «қайда барасың?» деп ұстап қалған Ж.Меңдібаевқа «жөнелсей тезірек» деген С.Жүнісбеков те кетеді. Жарты сағаттай уақыт өткенде бұлар да қайтайын деп далаға шығып шыққанда Е.Оразбеков дүкеннің артындағы суға қолын жуып тұрғанда қайтып келген Ж.Меңлібаев Ш.Құдасты есігінің әйнегі күңгірттелен «Нива» көлігіне отырғызып әкетіп қалады. Дәл осындай куәлік берген С.Жүнісбеков: «Мен КамАЗ машинаммен Түркістаннан Бірлік ауылындағы тас шығаратын КНМ бара жатқан кезімде сағат 16.30 шамасында «Жайна» тойха­насының тұсында Ж.Меңдібаев «Нива» көлігімен маған қарама-қарсы өткенін көрдім» дейді (Ж.Меңдібаев оны мойындамайды). Ол және 2014 ж. 19-қыркүйектегі сот тергеуінде «Сотталушыны ауылда «Жука» деп атайды, ол үнемі алкогольдік ішімдік ішіп жүреді» деп көрсетеді. Куәгер Руслан Төлемісов: «Біз, Шоқан, Ерділдә үшеуміз Қызылор­да-Түркістан тасжолы бойындағы «Қызылорда» кафесінен сағат 14.00-дің шамасында шығып, көлікке отыр­ғанымызда телефонына қоңырау шалынған Шоқан: «О, Жука, братан, қалайсың? 5 минуттан соң барамын» деп сөйлесті. Содан Амангелдінің үйіне бардық. Магазин алдында Х070... «Нивасымен» Жука күтіп алды. Олар ішке кіріп кетті. Мен таксист Кенжекеңмен сөйлесіп тұрғанда Жука шығып, машинасынан 1 шиша «Нона» арағын алып, магазинге кіріп кетті. Содан мен таксистпен кетіп қалдым». Шоқанға алдымен Жандарбектің телефон шалғаны «Актив» желісінің провайдерінен көрініп тұр... Куәгер Аманкелді Тағаев: «...Мен мас болып, қайта ұйықтап қалдым, кейін әйелімнен сұрағанда ол дүкенде Шоқан, лақап аты «Жука» Жандарбек Мендібаев, тағы бір бала отырды, олар 1 бөтелке арақ ішіп, қайтып кетті деді». Ш.Құдастың анасының інісі Қалдыбек Тұрлыбайдың куәлігі: «Мен Түркістан қ., Асылбеков көшесінде тұратын әпкем Күләйім үйінен келе жатқанымда осы көшедегі аты жоқ дүкен иесі Гүлнәр Ибрагимова тоқтатып: «Жука мен Шоқан төбелесіп, Жуканың қолында пистолет бар, екеуі Жуканың машинасына отырып кетіп қалды, соны іздеп тап» деді. Мен өз ұялы телефоным болмағандықтан сол жерде Гүлнәрдің телефонынан Шоқанға хабарласқанымда ол алмады. Үйге келе әйелім Динаның телефонынан қайта-қайта хабарластым, көтерген жоқ. Бір кезде полиция қызметкерімін деп тұтқаны алған адам Шоқанның №1 ауруханаға түскенін айтты, мен барғанымда реанимациядағы Шоқанды көрсетті, мен оны танып, Шоқанның әкесіне хабарластым». Қалдыбек Тұрлыбайдың әйелі Дина Байдәулетованың куәлігі: «... Мен жағдайды білу үшін сатушы Гүлнәрға барғанымда ол туылған күнге кеткен екен, анасы Зәуреш апай маған «Жука мен Шоқан және бір жігіт үшеуі төбелесті, Жуканың қолында пистолет бар, Шоқанды машинасына, ақ «Ниваға», отырғызып алып кетті» деді». Оқиға болған күні осындай шын жанашырлық танытқан аналы-балалы Зәуреш пен Гүлнәр Ибрагимовалар көп ұзамай-ақ осы айтқан сөздерінің бәрінен танып, Ж.Меңдібаевтың қолынан ешқандай да тапанша көрмеген болып шыға келеді (оның себебі кімге де болса түсінікті шығар...) Г.Ибрагимова «... Ж.Меңдібаевты Ш.Құдас пен Е.Оразбеков жабылып ұрып-соғып, жерге құлатқандарын, аяқтарымен тепкілеп, олардың соққыларынан Ж.Меңдібаевтың бет-ауызы қанап, үстіндегі киімі қан болды» деп жалған куәлік береді. Шын мәнінде екі жігіт тепкілеген болса, қалайша Ж.Меңдібаевтың денесінде тепкінің ешқандай белгісі болмайды? Алдыңғы жауаптарында «Ж.Меңді­баев ішпеді» деп жүрген Г.Ибрагимова тергеушіге 2014 ж. 7-маусымында берген жауабында «Шоқан мен Жандарбек екеуі де мас болатын» деп көрсетеді. Шындықты байқамай айтып қалса керек. Айтпақшы, медициналық сараптама Ш.Құдастың «қанындағы этил спиртінің адам ағзасына әсер ету дәрежесі – мардымсыз» деп көрсеткен. Көкте – Құдай, жерде – судья... Біз бұл куәлік сөздің бәрін не үшін беріп отырмыз? Судья Ә.Шахи­диновтың әрекетін түсінуге тырысу үшін. Себебі, прокурор Ш.Аршабаев: «Ж.Меңдібаевқа ҚР ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, яғни қасақан кісі өлтірген деген айып тағылған. ...Сотталушы Ж.Меңдібаевтың тапаншамен жәбірленушінің бас тұсына атуы, одан кейін оқиға болған жерден белсенді түрде қашып кетіп, жасырынып жатқандығы, жәбірленушіге медициналық көмек көрсетпеуі – бұның бәрі сотталушының қасақана кісі өлтіруге бағытталған іс-әекеттері деп бағалануға жатады» десе, судья Ә.Шахидинов оған үзілді-кесілді қарсы: «...Сотталушы Ж.М.Меңдібаевтың жәбірленуші Ш.Ш.Құдасты өз араларында туындаған бас араздық салдарынан қасақана өлтірген әрекетттерін қуаттайтын қандай да бір нақты және объективті дәлелдемелер басты сот талқылауында зерттелген деректер жиынтығынан немесе қылмыстық іс құжаттарынан туындамайды, ал алдын-ала тергеу органының бұл жөніндегі тұжырымдарын сот тек болжам­дарға негізделген деп санайды». Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы! Прокурор Ш.Аршабаев Ж.Меңдібаевтың «жазасын ауырлататын мән-жай деп қылмысты мас халде жасауын тануды» сұрайды, ал, судья Ә.Шахидинов оны құлағына да ілмейді, керісінше, «сотта зерттелген деректер жиынтығынан және қылмыстық іс құжаттарынан сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар туындамайды» деп шорт кеседі. Бұл – бір. Екіншіден, Ж.Меңдібаевтың «атып тастаймын» деп Ш.Құдастың маңдайына тапанша тақағанын, яғни, адамның өміріне қатер төндіргенін өз көзімен көрген куәлер көп бола тұра, оны да есепке алмайды. Оны айтасыз, прокурор Ш.Аршабаев: «Сотталушының уәждерімен және сараптаманың физиологиялық аффект жағдайында болды деген қорытындысымен келісуге болмайды. Себебі, іс бойынша сұралған куәлер шындығында сотталушы мен жәбірленуші арасында төбелестің болғанын, аталған тұлғалардың екеуі де мас халде болғанын көрсеткен (медицинада мас адамға аффект ұғымы жүрмейді – авт.). Дәлелемелерді зерделеу барысында сарапшының берген қорытындысы басқа да дәлелдемелермен қатар зерделеніп, оған салыстырмалы түрде баға берілуге жатады. Сондықтан, іс бойынша жинақталған дәлелдемелер сотталушының қасақана кісі өлтіруге бағытталған іс-әрекетін айқындап отыр» дейді. Прокурор үкімнің әділ болуы үшін қолынан келетіннің бәрін жасап-ақ бағып жатыр... Судья болса «...сот өз басты талқылауында зерттелген алдын ала тергеу органының Ж.Меңдібаевты айыптауға негіз етіп алған іс жүзінде жоғарыда көрсетілген және өзге де нақты деректер жиынтығына жан-жақты баға бере келе, оның кенеттен пайда болған жан күйзелісі (физиологиялық аффект) жағдайында жәбірленуші Ш.Құдасқа қаза келтірген әрекеттері толық дәлелденген деп табады». Біріншіден, қылмыскер өзі өлтірген адамға жауып отырған сөздерді Ш.Құдастың айтқандығына үлкен күмән бар, себебі Ж.Меңдібаевтың нағыз өтірікші екені жоғарыдағы жауаптарынан көрініп тұр. Ендеше, бір ғана оқиғаға байланысты бір емес бірнеше куәмен беттестірген кезде де жалған айтқанын мойындамай отырған суайт адамның бір де бір куә жоқ сөзіне қалай сенуге болады? Қалай жалғыз сол сөзге сүйеніп «ойбай, ол аффектіге ұшырап қалған» деп, бүкіл тергеушілердің, прокурордың пікірін бұрысқа шығарып, тек өзінікін дұрыс санаған, қылмыскерді іс жүзінде ақтаған қорытынды жасауға болады? Судья Ә.Шахидинов сенгісі келсе («Ш.Құдас тапаншасын екеуміздің арамызға қойып қойды» деген ертегісіне де сенгісі келсе), оның біз білмейтін бір себептері бар шығар, бірақ бұл сөзге бесінші сыныптың баласын да сенбейді. Екіншіден, Ш.Құдас пен Ж.Меңдібаевтың арасындағы аталған сөз қақтығысы шын мәнінде орын алған күнде де, кімді болсын аффектке ұшырататын, басқа адамды ойланбастан атып тастауға дейін апаратын өте ауыр қорлау сөз болып табыла ма? Сарапшылар «физиологиялық аффект жағдайында болған» деп қорытынды беріпті (айтпақшы, судья сарапшылардың пікірін ескермеуге құқылы). Оның қаншалықты шындыққа сай келетіндігін сарапшылардың ар-ұятына қалдырдық. Дегенмен, ар-ұяттың өзі нағыз қат (дефицит) дүниеге айналған заман ғой бүгін... Оның үстіне қылмыскердің бір ағасы аудандық ішкі істер басқармасында басшылық қызметте, бір ағасы бизнесмен болса. Үшіншіден, Ш.Құдастың Ж.Меңдібаевтың мойнын бұрағышпен тілгеніне, оған қарата балағаттау сөз айтқанына ешқандай куә жоқ болса, Ж.Меңдібаевтың Ш.Құдасқа айтқан «мен сені атып тастаймын» деген сөзіне, сөзіне ғана емес, оның маңдайына тапанша тақаған, яғни, өміріне тікелей қатер төндірген әрекетіне бірнеше куә бар. Ешбір дені дұрыс адамның аузынан басқаны өлтіру, атып тастау туралы сөз шықпайды. Тіпті ондай ой тумайды ол адамда. Бұзық адам ғана солай айта алады. Кез келген жақсы да жаман қимыл, іс-әрекеттің бастауында ой тұрады, сөз түрінде ниетін аңғартып сыртқа шығады, ең соңында нәтиже түрінде көрініс береді. Ендеше ешқандай аффектіге ұшырамай тұрып-ақ, ерегіс үстінде қарсы адамның тамағына шанышқы тықпақшы болып қорқытуы, бір соққы жеген бойда жүгіріп барып тапаншасын суырып әкелуі бұл адамның қылмыс жасауға бейім екендігін, психологиялық тұрғыдан ауыр қылмысқа дайын екендігін, демек, әлеуетті қылмыскер (потенциальный преступник) екенін анық көрсетіп тұрған жоқ па? Біздің елімізде судьялар қазақты ұйғыр ұрып өлтірсе немесе шешен автоматтан атып тастаса, оның бәрін әдетте «бұл жерде ұлтаралық араздық емес, тұрмыстық жанжал ғана орын алып отыр» деп тыныштандыруға тырысады. Олар бұлай еткеннен халықтың тыныштанбайтынын, тыныштандырудың жалғыз жолы – шешімнің, үкімнің қара қылды қақ жарған әділ болуы екендігін түсінбейді. Дәлірегі, түсінгілері келмейді. Енді ондай оқиғалар аздай, Тәуелсіздігіне екі жүз жыл дегенде қолы қайтадан әрең жеткен ат төбеліндей ғана қазақтың арасына осындай көрінеу әділетсіз шешімдер арқылы от тастау, оларды бітістірудің орнына жау етіп қою кімге керек? Кімге тиімді? Шешім әділ, уәжді болса екі тараптың ешқайсысы да дау айта алмайды. Елбасымыз Н.Назарбаев судья­ларға шексіз сенім артып, олардың бәрін жеке-жеке өзі тағайындап, оларға барлық жағдайды жасап отыр. Не үшін? Елдің тыныштығы мен ынтымағы сақталуы үшін. Ал, біздің судьялар осындай қамқорлыққа лайықты жауап беріп отыр деп айта аламыз ба? Жоғары сотқа дейін толассыз ағылып жататын шағымдар толқынына, соның ішінде, бүгінгі іске қарап олай дей қою қиын. Ендеше, көзге ұрып тұрған әділетсіз үкім шығаратын судьялардың көздегендері не? Ел мен Елбасыны бір-біріне қарсы қою ма?.. Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ Р.S. Ежелгі римдіктер жоға­рыдағы сөзді әділеттік жоқ әлем ертелі-кеш бәрібір құлайтынын білген, білгеннен кейін айтқан.