Ең соңғы сөзін де қазағына арнаған "Ең соңғы қазақ" ешқашан ұмытылмайды!..

belger Дарынды  жазушы, көрнекті көсемсөзші, аудармашы, эссеші   Герольд  Бельгер 81 жасында 6-шы рет ұстаған жүрек талмасынан қайтыс болды. Герольд Бельгер неміс, қазақ, орыс тілдерінде 60 кітап жазған, 2000-ға жуық мақалалары жарияланған дарынды қаламгер еді. Ол қазақ халқының ұлттық ерекшелігін насихаттап, ұлттық мүддесін қорғап жүруімен "ең соңғы қазақ" атанған нағыз қазақ болатын. Ел есінде қалған ерен істерінің бірін ғана айтсақ, 1987 жылы Мұхтар Әуезовтың 90 жылдығында Семейде барлық қазақ жазушылары бірі қалмай түгел Ресей тілінде сөйлеп жатқанда тек неміс Герольд Бельгер ғана:  "Ұлы Әуезовтың 90 жылдығында Әуезовтың тілінде сөйлейтін бір де бір жазушы қалмапты. Ең соңғы қазақ мен екенмін"-деп, қазақ қаламгерлерінің  масқарасын шығарып, қазақ тілінде қатырып тұрып сөйлеген еді... Герағамыз  2014 жылы, ең соңғы шыққан "Казахское слово" деген қазағына арнаған кітабында да: "Жаратушы еш халыққа дәл   қазақтардай дарын сыйлаған жоқ. Өкініштісі, қазақтардың өзі мүны  нашар түсінеді және сол дарынын болмашыға шашып, рәсуа етеді", - деген екен. Герағамыздың "Қазақ үні" газетінде талай мақала-сқхбаттары жарық көрді. Кезінде "Дат" газеті біраз уақыт жабылып қалғанда, әйгілі "Плетенье чепухи" жазбаларын біздің газетте жариялап тұрды. Ең соңғы қазақ Герағаңның  ең соңғы мақаласы да  қазақтарға арналды. Қазақ тілінің ауыр  тағдырына арналған  "Тіл туралы тезистерін"  ("Ана тілі" сайты қосымшасы)  "Чего не хватает современным казахам?" деген тақырыппен  орыс тілінде 3 ақпанда жариялаған біздің "Қазақ үні" газеті Герағамыздың көзі тірісіндегі ең соңғы басылған жарияланымы болып қалды... Бүгін, нағыз нартұлға қазақ, қадірлі Герағамызды қайтпас сапарға шығарып салғалы тұрғанда,  ең соңғы қазақтың әруағын тербете отырып, ең соңғы сөзін тағы бір еске алайық. Қазақтардың ең болмаса, қаза үстінде сөз тыңдайтынынан үміт етіп, тағы бір қайталап өтсем деймін.  Ал, бүгінгі қазақ тілін таптап, орыс тілінде сарнап жүрген  заманауи қазақтар тыңдаңыздар: "Тіл өлсе, демек, халық өледі. Аз халықтың тағдыры осы. Тіл тек қатынас құралы емес. Ол – халықтың жүрегі, жаны, ділі, діні, мақсат-мүддесі, ой-арманы, болмыс-тірлігі.  Көптен бері ұлттық идея іздеп келеміз. Бабаларымыз  өсиет етіп қалдырған қазақ тілін  -қазіргі мемлекеттік тілді сақтау мен дамыту біздің  жалпыұлттық идеямыз  болуы керек. Қазақты біріктіретін бірден-бір қасиетті күш ана тілі болуы керек. Қазақ тілі – жаралы тіл. Оған күн сайын жара салатын өзіміз. Сөйтіп жүріп, атадан қалған рухани байлықты,  жалғыз байлығымыз – тілді құртамыз. Бүгінгі қазақтарға не жетпейді?  Ұлттық жетістік сезімі жоғалып барады. Намыс, жауапкершілік  жетпейді. Өзінің тілі мен халқына  құрмет жетпейді. Баяғы қазақшылық: «Әй, қойшы! Өзіміздің тіліміз ғой. Қайда қашар дейсің? Министр, депутаттарды, Президенттің маңайындағы "білгіш-белсенділерді" қазақша сөйлету керек. Сөйлей алмайды екен, кеуделеріне үлкендігі таба нандай «Мылқау» орденін тағу керек.  Тілді зорлап үйрету мүмкін емес. Иә, қажеттілікте үйренеміз (мәселен, бізден Алманияға көшкен немістер қазіргі немістің тілін амалсыздан үйренді, өйткені онсыз күні жоқ). Ана тіліңе зәру болмасаң, қалай үйренесің!?" Ендеше, ең соңғы қазақтың ең соңғы өсиетін  қаперге алайық, қазақ халқы!.. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, қадірлі Гераға!  "Ең соңғы қазақ"  ең соңғы қазақ қалғанша ұмытылмайды... Қазыбек ИСА qazaquni.kz