Кәсіподақтар кімге керек?

0
5393

КӨПТЕГЕН ЖҰМЫСШЫЛАР ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН КІМДЕР ҚОРҒАЙТЫНЫН БІЛМЕЙДІ

«Кәсіподақ деген не?» десек, көпшілік оны «Театрға билет, мейрам өткізу, санаторийге жолдама, қат тауарларды бөлетін кеңсе» ретінде ғана біледі. Бұл – кәсіподақ құдіретті компартияның айтқанын істеп, қолбаласы болған Кеңес Одағы кезінен қалған таптаурын түсінік. Ал шын мәнінде кәсіподақ еңбекшілердің құқығын, мүддесін жан-жақты қарастырып, керек болса сотта да қорғайтын ұйым. Кәсіподақтар үкіметтің заңнамалық және қаржылық саясатына ықпал етіп, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) кеңесін қолдана, пайдалана білетін жұмыскерлердің өкілетті органы болуы керек.

Бұл – қатыгез, кешірім, жана­шырлық дегенді білмейтін нарық­тық қатынастар үстемдік ететін ка­питалистік қоғамға әлі дендеп кіріп болмаған, тіпті оған дейінгі «жабайы нарық» заманынан да толықтай өтіп болмаған біздің еліміз үшін өте-мөте өткір мәселе дер едік.Тарихқа көз салсақ, мемлекеттің де, кәсіпкерлердің де алғашында кәсіподаққа қырын қарағанын көреміз. Тіпті «жұмысшылар ода­ғына» мүше болған жандарды қыл­мыскер деп таныған, бұндай ұйымдар құруға тыйым салған арнайы заңдар қабылданған. Өзін «демократия атасы» деп атайтын Англияда 1799-1800 жылдары жұмысшылардың жиналысын заң­сыз деп таныған, шеру өткізуге тыйым салған заңнамалық ережелер де болды. Әрине, оның бәрі де қоғамның дамуын тоқтата алмады, керісінше, жұмысшыларды өз құқығын қорғау жолында біріктіре түсті. Соның арқасында 1824 жылы Англияда жұмысшыларға қарсы заңнамалар күшін жойып, іс жүзінде кәсіподақ­тар өмірге жолдама алды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘСІПОДАҚ ҚАЛЫПТАСТЫ МА?

Қазақстанда шын мәніндегі кәсіподақтар қалыптасты ма деген сұрақтың туындауы заңды. Олар жұмысшылардың еңбек және өзге де құқықтарын жет­кілікті деңгейде қорғап жүр ме? Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын. Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіподақ екі түрлі жолмен дамығанын байқауға болады. Біріншісі – Батыстағы индустрияландыру дәуіріндегі секілді кәсіподақтың классикалық міндеттерін атқаруға бағытталған, КСРО-ның соңғы жылдарында мемлекеттікке балама бейнеде пайда болған жаңа түрдегі кәсіп одақтар ұйымы. Екіншісі – дәстүрлі кәсіподақтар. Олар бұрынғы кеңестік одақтың мұрагерлері, жұмыс берушілерге жұмыскерлермен қарым-қатынас жасауына көмектесіп отырғандар.
Балама түрде өсіп-өніп шық­қан кәсіподақтардың кеңестік қалыптағы бұрынғы әріптестерінен айырмашылығы – олардың беймем­лекеттік сипаты, кәсіпорын бас­шылығынан тәуелсіздігі. Бұл кәсіп­одақ­­тардың құрамына кәсіпорын басшылығы кірмейді.
Қазіргі таңда Қазақстанда республикалық деңгейде үш ірі кәсіподақ ұйымы бар. Олар: ҚР Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ), төрағасы – Әбілғазы Құсайынов; Қазақстан еңбек конфедерациясы (КЕК), бас хатшысы – Мұрат Мәшкенов; Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары, төрайымы – Лариса Харькова.
Бүгінгі күні кейбір мәліметке қарағанда 800-ден астам, ҚРКФ-ның айтуынша 686 кәсіподақ ұйымдары бар екен. Оларға 2 миллионнан астам адам мүше болып кірген. 90-жылдары бұл көрсеткіш 7 миллионнан астам болғанын еске сала кетейік. Бізде де бүкіл әлемдегідей кәсіподақ мүшелері санының азаюы байқалады.
Кәсіподақ ұйымының жұмыс берушілермен келіссөз жүргізген кезінде әдетте ең басты назар аударатын мәселелері мыналар:
– еңбек жалақысы;
– жұмыс уақытының мөлшері;
– жыл сайынғы еңбек демалысы;
– денсаулығының жарамсыз­дығына немесе басқа да себеппен жұмысқа шықпай қалуы;
– жұмыстан босатылуы;
– әлеуметтік қамсыздандыру;
– еңбек шарттары (қауіпсіздік және т.б.).
Ұзақ жылдар бойына жұмыс­керлердің өз құқығын қорғау жолындағы ең қуатты да ең тиімді қаруы ереуіл болып келді. Ол алғашқы кезеңде кәсіподақтардың ұйымдастыруынсыз, ойламаған жерден, ашу-ыза салдарынан туындап отырды. Тек Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң ғана жағдай өзгерді. Кәсіподақтардың басын қосқан ол енді еңбекшілердің басты қаруына айналды. Оның дәл солай екеніне 1926 жылы май айында Ұлыбританияны түгел қамтыған жалпыұлттық ереуілден соң күллі әлемнің көзі жетті.
Қазақстанда ереуілдің үлкен толқыны 2009 жылы болып өтті, сол жылы жұмысшылар 50 рет наразылық акциясына шықты. Қазір ереуіл саны азайды, дегенмен, бұл еңбек құқығының қорғалуы түзу жолға қойыла қалды дегенді білдірмейді.
2011 жылы елімізде ең ұзақ мерзімге созылған Жаңаөзен ереуілі болып өтті. Бірақ, оның ақыры қазақ тарихында халқымыздың сүйегіне түскен таңба болып қалды. «Екінші Желтоқсан» деген атауға ие болған бұл шеру ресми мәлімет бойынша 17 ереуілші атып өлтірілген қанды қырғынмен аяқталды.
Бұл қырғыннан соң қыл­мыстық кодекске егер еңбек қақтығысы наразылық акциясына ұласса, онда кәсіподақ серкелері мен жұмыс берушілер темірторға түсуі мүмкін деген өзгеріс енгізілді.
Былтыр, 2014 жылы шілдеде «Кәсіподақтар туралы» жаңа заң қабылданды. Ол жасалып, қабыл­данғанша үш Еңбек министрі қызметтен кетіп үлгерді. Заңды жасауды Гүлшара Әбдіхалықова қолға алды, оны сол кездегі ең жас әрі тәжірибесіз, ел аузында «потому что» деген атқа ие болған Серік Әбденов жалғастырып, Тамара Дүйсенова аяқтап шықты. Шенеуніктер мен депутаттар шетелдік азаматтарды кәсіподақ құру құқығынан айырды, сонымен қатар, бір ұйымның – ҚРКФ-ның монополиясын күшейтетін заң жасап шығарды.
Бұл заң халықаралық құқық қағи­даттарына қайшы. Онда ха­лықаралық еңбек ұйымының «Кәсіподаққа бірігу құқығын қорғау мен бірлестіктер бостандығы туралы» №87 Конвенциясының қалыптары бұзылды. Атап айтқанда, конвенцияға сәйкес жұмыскерлер алдын-ала рұқсат алмай-ақ өз ұйымдарын құруға құқылы болуы тиіс, ал мемлекет бұл құқықтың іске асуына кедергі келтіретін немесе шектейтін кез-келген килігуден аулақ болуы тиіс.
Кәсіподақ көсемдерінің пікірі бойынша, қабылданған жаңа заң бұл күйінде тағы да жаңаөзендік оқиғалардың қайталануына әкеліп соқтыруы мүмкін. Кәсіподақтар қатыспаған ондай қақтығыстар бастапқы кезеңде ұзаққа созылған еңбек дауына, ал мемлекеттік ұйымдар мен «ресми кәсіподақтар» елемеген жағдайда олардың бақылаудан шығып кетуіне алып баруы мүмкін.
Заң қазірдің өзінде-ақ жаңа ғана емес, бұрыннан жұмыс істеп жатқан кәсіподақ бірлестіктерінің де жұмысын қиындатуда. Олар мемлекеттік органдарда қайта тіркеуден өтіп жатыр. Тіркеле алмаған, соның салдарынан заңды түрдегі іс-қимылдардан сырт қалған кәсіподақтар есепшот аша алмайды, келіссөз жүргізе алмайды, жаңа мүшелерді өзіне тарта алмайды және олардың құқығын жұмыс берушілер алдында қорғай да алмайды.
Іс жүзінде, біздің қай-қайсымыз болсақ та, жұмысқа алғашқы шыққан күннен бастап, жұмыс берушілермен екі арадағы қарым-қатынасқа енеміз. Сол себепті Еңбек кодексі біздің ең басты заңымыздың бірі болуы тиіс. Әйтсе де, оны оқуға, түсінуге, қолдануға екінің бірінің құлқы бола бермейді, құлқы болған күнде түсіне бермейді. Сондықтан еңбекші адамның құқығын кәсіби түрде қорғаумен шынайы түрде айналысатын, жұмыс берушілерге табынбайтын, олардың қолбаласына айналмайтын, табанды да білгір кәсіподақ ұйымы кез-келген еңбек ұжымына ауадай қажет нәрсе. Жұмыс берушілер болса, керісінше, өзінің айтқанын шықпайтын кәсіподақ құруға, екіншіден, өз құқығын жөнді білмейтін, білсе де батылы жетіп қорғауға қабілетсіз жандарды жұмысқа алғанды дұрыс көреді.
Мысалы, жүргізілген сауалнамалар бойынша жауап берген адамдардың 56,25 пайызында еңбек келісімшарты бар екен, ал, оларға қолдау көрсететін, керек болса, қорғайтын БАҚ-ның 3,13 пайызында ғана ұжымдық келісімшарт бар болып шықты. «Жалақыңыз уақтылы беріле ме?» деген сұраққа 65,63 пайызы «иә» деп жауап берген. «Еңбек демалысыңыз 24 күн бе?» деген сұраққа оң жауап бергендердің үлесі 59,38 пайыз болған. Әйелдердің 26,13 пайызы ғана жүктілігіне байланысты жәрдемақы алатын болып шығыпты.

КЕҢЕС НЕНІ КӨРСЕТТІ?

Өткен аптада Үкіметтің вице-премьері Б.Сапарбаевтың басшылығымен онлайн тәртібімен Республикалық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбектік қатынас бойынша үшжақты комиссияның кезекті кеңесі болып өтті. Онда негізінен еңбек қарым-қатынасы қаралды. Олай болатындай себебі бар екен. Өйткені, кеңесте баяндама жасаған Денсаулық және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова атап өткендей, 2003-2013 жылдар арасында бар-жоғы 23 еңбек қақтығысы орын алған болса, былтыр бір жылдың ішінде ғана олардың саны 15-ке шығыпты. Соңғы екі жылда ғана 13 қақтығыс болып өткен Маңғыстау облысында жағдайдың бүгін де мәз еместігі аталды. Бұл облыс еңбек қатынасын зерттеуге, сол арқылы оны реттеуге негіз болатын «Еңбек қақтығыстарының картасындағы» барлық 14 көрсеткіш бойынша да елдің алдында көрінеді. «Әлеуметтік шиеленісушілік бәсеңдейтін емес, ол қайта басқа кезеңге көшіп жатқан сыңайы бар» деді министр.
Еңбек қатынасы сөз болған жерде міндетті түрде кәсіподақтар туралы, олардың бүгінгі таңда атқарып отырған рөлі жайлы сөз қозғалмауы мүмкін емес. Кеңесте де солай болды. Кәсіподақтардың республикалық федерациясының басшылары өздерінің үшжақты комиссия жұмысына белсене араласа алмай жүргенін, кемшіліктер жіберіп жатқанын мойындауына мәжбүр болды. Сонымен қатар, қай кәсіпорында кәсіподақ бар, сол жерде ұжымдық келісімшарт бар, ұжымдық келісімшарт бар жерде, ең болмағанда, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің арасында диалогқа деген негіз бар. Сол аталған Маңғыстау облысында барлық кәсіпорындардың бар болғаны 19,3 пайызында ғана ұжымдық келісімшарт жасалған екен. Ал, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында ұжымдық келісімшарт үлесі 16 пайыздан 93 пайызға дейін көрінеді.
Министр Т.Дүйсенованың айтуы бойынша ірі кәсіпорындардың 95 пайызында, орта кәсіпорын­дардың 91 пайызында жұмыс­керлермен ұжымдық келісімшарт түзіліпті. Ал, елдегі барлық кәсіпорындарды есепке алсақ, бұл көрсеткіш бар болғаны 34,5 пайыз болып шықты. «Бірақ, ұжымдық келісімшарт ірі және орта кәсіпорындарда түгелге жуық бар болғанынмен, бұл оларды еңбектік қақтығыстан қорғап қала алмады» деді министр. Бірақ, оның сыры неде екенін ашып айтпады. Айтуға тиіс еді, айтылу керек еді.
Біздіңше, барлық мәселе дәп осы жерде жатқан секілді. Дәлірегі, кәсіпорындардағы кәсіподақтардың рөлінде. Қазіргі таңда олар кей жерде бар, көп жерде жоқ. Барының өзі азусыз. Неге? Оның сыры біздің өткен жолымызда. Кеңес дәуірінде бұл ұйым компартияның қолбаласы ғана болғанын жоғарыда атап өттік. Енді жаңа дәуірде өкіметіміз шамасы келген жерде ол кәсіподақтың орнын бұл кәсіподақпен, Кәсіподақтар Федерациясымен алмастыруға тырысып бағуда. Көп жерде солай жасалып та қойылды. Бірақ, олар шын мәнінде жұмыскерлердің мүддесін жанын сала қорғап, бүгінгі кәсіпкерлермен, қалайда тезірек баюды, баюды және тек қана баюды көздеген кәсіпкерлермен күреске түсе ала ма? Жоқ! Неге? Оларды ондай күреске ешқашан ешкім үйретпеген, баулымаған, тіпті олардың алдына ондай міндетті ешкім қоймаған да. Сөз жүзінде бар да болуы мүмкін, ал, іс жүзінде одан алшақ жатыр. Оның басты себебі жоғарыдан құры­луын­да. Ал, шын мәнінде ол, тарихтан бай­қа­ғанымыздай төменнен, қалың халық арасынан қайнап шығуы тиіс еді.
Неге Польшада 1989 жылы құрыл­ған кәсіподақтың «Солидарность» атаулы ұйымы бүкіл елді аяғынан тік тұрғызды? Қалайша сол кәсіподақ ақыры айналып келгенде Польшада тек үкіметтің ғана орнынан кетуіне емес, қоғамдық формацияның құлауына, өзгеруіне, ал, бұл оқиға түптің түбінде бүкіл Шығыс Еуропадағы коммунистік қоғамның құлауына себепкер бола алды? Өйткені, «Солидарность» шынайылыққа арқа сүйеді. Оны орта білімді, жай ғана электрик басқарды. Ақырында сол электрик ел президенті болып сайланды!
Бұл жерде біз кәсіподақтар өзінің мүшелеріне ғана тәуелді болған кезде күреске шыға алады дегенді айтпақпыз. Ұйым да жеке адам секілді күреске шыққанда ғана тәжірибе жинайды, бірде жеңеді, бірде жеңіледі, сөйтіп-сөйтіп күресу әдістерін меңгереді. Біздің мемлекет сондай, төменнен құрылған кәсіподақтарға жол ашуы тиіс еді. Өкінішке орай, олай болмады. Соның салдарынан, кәсіподақтар жұмыскерлер мен кәсіпкерлер арасындағы дәнекер бола алмағандықтан еңбек қақтығыстары ушығып отыр. Кеңесте сөйлеген ҚР Бас прокурорының орынбасары «еңбек дауы кәсіпорын ауласынан сыртқа шықпай, тек қана сол жерде шешілуі тиіс, прокуратураны бұған араластырған мүлдем дұрыс емес, біз жалақы мәселесін де қараудамыз, ал, бізге бұны ешкім оқытпайды!» деді. Ал, ондай дау қай кезде сыртқа шықпайды? Ол екеуінің арасында мәмілегерлік рөлді атқаратын, екінші жағынан еңбекшілердің мүддесін табан тіреп сауатты түрде, біліммен, біліктілікпен қорғай алатын кәсіподақ ұйымдары болған кезде ғана. Әзірге көріп отырғанымыз жоғарыдағыдай жағдай. «Тиісті шешімдерді тез арада қабылдамасақ, бұндай даулар, қақтығыстар шағын бизнес арасында тарауы мүмкін» – деді Т.Дүйсенова.
Б.Сапарбаев та «Бізді алдымызда ауыр жағдай күтіп тұр» деп ескертті. Соны алдын-алуға, әкімшіліктердің басшыларын халықпен диалог жасауға шақырды. Нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді. Бірақ, шынайы кәсіподақ дамымаған жерде жағдайдың ойдағыдай болмайтыны анық, оған кедергі қоятын билік басындағылар осыны естен шығармағаны жөн.

Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз