Эрнест ТӨРЕХАНОВ, жазушы:Біз алдымен өз түп-тамырымыздан нәр алуымыз керек...
2015 ж. 04 ақпан
2543
0
– Сіз журналист, жазушы ретінде ұзақ жылдар республикалық беделді басылымдарда жемісті еңбек еттіңіз. «Баспасөз – өмір айнасы» деген қалыптасқан ұғымның мәні мен маңызын жақсы білесіз. Халықтың тыныс-тіршілігін көрсетіп, мұң-мұқтажын білдіріп келген баспасөзіміз бүгінгі күні бұқара алдындағы сол мақсаты мен міндетін өз деңгейінде атқарып отыр ма?
– Рас, бұл әрбір қаламгердің санасынан берік орын алуға тиісті қағида. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның тыныс-тіршілігін айна-қатесіз, қалың оқырманға бүкпесіз жеткізу әрбір журналистің кәсіби ғана емес, азаматтық та борышы. Баспасөз құдіретті күш, оған мыңдаған, миллиондаған адам көз тігіп, құлақ түреді, сенеді. Ал, оқырманды алдауға, қоғамды адастыруға болмайды, ешқандай қаламгердің өйтуге қақысы жоқ, ол заңмен де бекітілген. Алдымен осыны есте ұстауымыз керек. Бұл сұраққа иә немесе жоқ деп, бір ғана сөзбен үзілді-кесілді жауап беруге болмас. Мысалы, кеше ғана өткен кеңестік кезеңді алайық. Бір партиялық жүйе болғандықтан, бүкіл БАҚ сол басқарушы партияның идеологиясын насихаттауға жұмыс істеді, баспасөз атаулы қатаң бақылауда болды. Тәуелсіздік кезеңімізді онымен мүлдем салыстыруға келмейді. Біріншіден, еркін ой пайда болды, рас демократияның жөні осы екен деп даурыққан кездеріміз де болды. Дегенмен, қазақ қоғамы дүр сілкініп, өзінің ұлттық болмысын көрсетті. Әрине, барлық газетті бірдей деп айтуға болмайды. Бірі үкімет саясатын насихаттаса, енді бірі оған қарсы пікірлер айтты, айтып та келеді. Яғни, оппозициялық бағыт ұстады. Егемендік алған алғашқы жылдар, елдегі сол кездегі әлеуметтік, экономикалық жағдайға байланысты мемлекеттің баспасөзбен тікелей айналысуға шамасы мен уақыты да жетпеді деуге болады. Оларға алдымен белгілі бір жүйені қалыптастырып, өтпелі кезеңде мемлекеттің негізін қалау керек болды.
– Осы орайда, біздегі оппозицияға өз тарапыңыздан анықтама бере кетсеңіз.
– Билік те, оппозиция да өз еліміздің құрылымдары, өз адамдарымыз, ешкім шеттен келіп партия ұйымдастырып жатқан жоқ. Менің түсінігімше, олар бір-біріне бітіспес жау болмауы керек. Керісінше қоғамды бірігіп гүлдендіру бағытында жақсы мағынасындағы бәсекелестікпен, жарыса жұмыс істеуі қажет. Бірінің жіберген кемшілігін екіншісі көрсетіп, түзетіп отырғаны ләзім, демократияның басты талаптарының бірі осы емес пе? Өкінішке орай, бізде бәрі керісінше, сын айтылса, ішегі үзіліп кетердей болған билік жаңағы партияны жау көріп алады, оның айтқан құнды да болса ескертулерін құлағына ілмейді. Өйткені беделі түсіп, халық алдында абыройсыз болып қаламыз деп қорқады. Ол дұрыс емес. Тіпті сол айтқан ұсыныстарды он жыл өткен соң өздерінің атынан қолданысқа кіргізетінін де көріп жүрміз. Бұл жерде біз бәріміз уақыттан ұтыламыз. Ашығын айтсақ, осы тектес жалған намыс жарға жығады деуге болады. «Келісіп тігілген тон келте болмас» демекші, ақылдасып, келісіммен атқарылған жұмыс жемісті болары хақ. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз аталарымыздан қалған. Олар еріккеннен жиын жасаған жоқ. Елдің қамын ойлап, болашағына барлау жасап, кеңескен. Біріміздің сөзімізге екіншіміз құлақ түргеннен кем болмаймыз. Сонда ғана бүгінгідей бір заңды қабылдап, сосын үш рет түзетіп жатпайтын боламыз. Ал, оппозиция қандай болу керек деген сұраққа бір ғана жауап бар. Ол бетімен байбаламдап, кемшіліктерді бетке басып қана қоймай, сол жағдайдан қалай шығу керектігін, оның нақты жолдарын ұсынуға міндетті. Сонда ғана ол оппозиция бола алады, сонда ғана халықтың сеніміне енеді. Ертең олардың да партиясы билікке келуі мүмкін, сол кезде кімге сын айтуы керек екенін, кімге ақыл айтып жол көрсететінін ұмытпаған жөн. Бізде көпшілікке қажеті шамалы, өз ортақ пікірлері бар топтар немесе рулық, жүздік, аймақтық кландар бой көрсетіп жүр. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді естеріне алғысы келмейді ондайлар. Басты мақсаттары – билікке келіп жеке-дара билесем, халықтың байлығына емін-еркін қол сұқсам деген пиғыл бар. Ал ондай пасық пиғыл жақсылыққа жеткізбейді. Өздерін оппозиционерміз деп санап жүргендердің озық ұсыныстары болмаса босқа даурығып, қоғамды дүрліктірудің қажеті қанша. Халықтың әл-ауқатын арттыра алатындай айтарлықтай бағдарламасы мен нақты жоспарлары, соған деген таза ниеттері болмаса, олар билік басында не жоғалтыпты? Бұл ой-пікіріміз бүгінгі билік басындағы партияларға да қатысты, олар да осы жағын ешқашан естен шығармауға тиіс.
Енді өзімізге етене жақын баспасөзден бастаған ойымды жалғастырсам, бізде ресми және тәуелсіз басылымдар бар екенін айттық. Тәуелсіз баспасөздің де екі түрі бар сияқты көрінеді. Бірі – ащы шындықты ашық айта алатындар, екіншісі – саясатты айналып өтіп, мәдениетімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді, тарихымызды, тағы да сол сияқты құндылықтарымызды насихаттайды. Бұлардың бәрі де керек, әрқайсысы өз міндеттерін атқаруда. Бізде жақсы журналистер жетерлік, мүмкіндік берсе олар да шындықты шырылдатып жазып бере алады. Ол алдымен газеттің ұстанған бағыты мен қаржылық мүмкіндігіне байланысты. Мысалы, бір даулы мәселеге байланысты соттасу керек болса, басқасын айтпағанда, адвокат жалдау үшін де қаржы қажет екені белгілі. Ақшаң болмаса кіммен айқасып абырой табасың? Ұтылған жағдайда миллиондаған айыппұл төлеу керек, содан барып газеттердің жабылуы басталады. Бүгінгі нарық заңы қалам ұстаған қауымға да өз әсерін тигізіп отырғаны анық. Сондықтан әр басылымға көрпесіне қарай көсілуге тура келеді. Қалай десек те, алдында айтқанымыздай жекелеген ықпалды адам мен белгілі бір топтың мүддесі үшін ғана бүкіл қоғамды арандатпай, ақиқаттан айнымау ауадай қажет. Бұл біздер үшін басты бағыт болу керек.
– Кезінде елімізде «Қазақ тілі» қоғамын құрудың бастауында болып, көп жылдар ана тіліміздің аясын кеңейтуге өз үлесіңізді қостыңыз. Кез келген ұлт өзінің тілімен ерекшеленеді. Тілі болмаса, оны ұлт деп айту да қиын. Біздің қазақ тілінің бүгінгі қолданысына көңіліңіз тола ма?
– Әрбір журналист қаламы арқылы қоғамдық ой тудырып, сол қоғамға аз да болса пайдасын тигізуге тырысады. Ол қажет те, жауапты жұмыс. Ал осы бағытта нақты іспен айналысудың жөні бөлек екен. Жаңа заманның бастауы болған Желтоқсан көтерілісінен кейін біздің ұлттық санамызда жаңа бір ағын, өмірімізде жаңа бір леп пайда болғаны белгілі. Әсіресе, тілімізге байланысты. Кеңестік кезеңде кемшін қалған қазақ тілі мәселесі алдымен көтерілді. Оның да өзіндік себебі бар еді. Елімізде қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар күрт азайып, тілімізге тікелей қатер төнген-ді. Қазіргі жастар сол кездегі астанамыз Алматы қаласында екі-үш ақ қазақ мектебі болды дегенге сене қоймас. Содан болар алғашқы кезекте «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті белгілі ғалымдар Әбдуәли Қайдаров, бірінші вице-президенті Өмірзақ Айтбаев болды. Кейін вице-президенттікке мені сайлады. Осындай қазақтың белгілі азаматтарымен қызметтес болып, жауапты, қажетті жұмыс атқарған кездерімді өмірімнің ең бақытты жылдары деп санаймын. Әсіресе Әбдуәли ағамыздың мына бір ерлігі үнемі есімде жүреді. Қазақстанды басқаруға орталықтан жіберген Колбин Қайдаровты қабылдап, қазақ тілі туралы да әңгіме болады. Пікірлері бір жерге тоғыспаған кезде Колбин: «Сіз Тіл ғылымы институтының директоры ғана емес, партия мүшесі екеніңізді де ұмытпаңыз» деп сес көрсетеді. Сонда қаймықпай, қарсы жауап берген Әбдуәли ағамыз: «Ана тілі үшін қажет болса партиялық билетімді тап қазір тапсырып кете беремін» деген екен. Қызыл коммунизмнің қылышынан қан тамып тұрған заманда бұндай батылдыққа бару тіпті де оңай емес-ті. Партиялық билеттен айырылу ол кезде қызметтен қуылып, болашағыңнан күдер үзу деген сөз болатын. Осы бір ерлігі үшін ол кісіге ескерткіш тұрғызса да артық етпейді.
Тіл үшін талай күрес болған, әлі де тоқтаған жоқ, тоқтамауы да керек, сол біз еске алып отырған алғашқы жылдарда үлкен қарқынмен жүрген-ді. Жер-жерлерде «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, аудандық, үлкен мекемелерде бөлімшелері жаппай ашылып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қоғамға еліміз бойынша 1 млн. 200 мыңнан астам адам мүше болды. Осыдан-ақ ұлтымыздың өз тіліне деген сүйіспеншілігін көруге болады ғой. Бірақ бұл бәріне бірдей ұнай қойған жоқ, оған қарсылық көрсеткендер де көп еді. Алматыдағы ірі зауыттарда «Единство» атты қоғам құрылып, қазақ тіліне қарсы ашықтан-ашық насихат жүргізе бастады. Батыс аймақта казачество ұйымдары да ойран салғысы келді. Солтүстік өңірлерде елдімекен, жер-су аттарын қазақшаландыруға кәдімгідей қарсылық көрсетілді. Соның бәрін бастан өткізіп, ана тіліміз үшін аянбай күресуге бардық. Ең бастысы, бізді халық қолдады. Әрине, қазақ тілінің бүгінгі жағдайын ол кездермен салыстыруға болмайды. Шүкір, жыл сайын ондаған қазақ мектептері мен балабақшалары ашылып жатыр. Өткенге салауат айтып, барды қанағат тұтып, ертеңгі күннен үміт үзбеген жөн. Дегенмен тіліміздің қолданыс аясы әлі де барынша кеңейе түскенін қалаймыз. Ол заңды. Әлі де ана тіліміздің өз деңгейінде қолданылмауы көңілге қаяу түсіреді. Бірақ, өз басым қазақ тілінің болашағына сенемін.Тәуелсіздігіміз тұғырлы болса тіліміз де өз деңгейіне көтеріледі. Ол үшін алдымен өзіміз тұрақты күресіп, қолдау көрсетуіміз қажет. Қазақ тілі деп бос айқайламай, биліктен бастап қатардағы әрбір қазақ күнделікті тұрмысында нақты жұмыстар жүргізуге міндетті. Әрине, тіліміздің дамуына көптеген алғышарттар қажет, қазақтың саны өсуі қажет. Санымызды іштей өсірумен қатар шетелдегі қандастарымызды атажұртына көптеп қайтарғанымыз абзал. Бұл мәселе де толық шешімін таппай жатқаны жасырын емес. Ол үшін халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру керек. Қарап отырсақ, бұл өмірде бәрі де бір-бірімен тікелей және тығыз байланысты, сондықтан оған кешенді түрде қарау керек болады.
– Жаһандану деген жарапазан айтылғалы ондаған жылдар болды. Осы бір жақсылықтың артында өзгенің мәдениетін, өзгенің тілін, өзгенің салт-дәстүрін санамызға сыналап қағу бар сияқты. Жаһандану тілімізден, дінімізден, ұлттық болмысымыздан бізді жырақтатып бара жатыр. Бірінші сыныптан, тіпті балабақшадан ағылшын тілін оқыту сияқты шаш ал десе, бас алатын бастамалар бой көтерді. Оның соңы немен аяқталар екен?
– Бұл бір бүгін басталып отырған жаңалық емес. Кезінде ағылшын тілі сияқты араб тілін бастауыш сыныптан бастап оқытуды мектеп бағдарламасына кіргізуді талап еткендер болған. Араб тілі, педагог, психолог мамандармен әңгіме өткізіп, қоғамдық пікірді қалыптастырып тосқауыл қойған болатынбыз. Бүлдіршіндеріміздің басы резеңке емес қой, оның жүйкесіне қандай салмақ түсерін ешкім ойламайды. Өз қазақ тілімізді толық меңгерте алмай жатқанда шет тілді жөн-жосықсыз тықпалау дұрыс емес. Әр баланың қабілеті әртүрлі. Бүлдіршіндерді ана тілінің уызына қандырмай, өзге тілге телуден соң біз қалай ертеңгі азаматтарымызды қазақ тілін білмейді деп кінәлай аламыз? Бұлай кете берсек, ертең-ақ әкесі мен баласы аударма сөздік арқылы сөйлесуіне тура келеді. Ол бір жағы, екіншіден сол тіл арқылы өзге ұлттың жағымды да жағымсыз жаңалықтары мен дәстүрлері бірге еріп келетін болады. Тіпті, оны саналы түрде сыналап енгізуі де ғажап емес. Бір кездегі орыстардан арақ ішуді үйренген сияқты, бүгінгі экраннан тыр-жалаңаштарды «тамашалап» жатқанымыздай. Әрине, жаһанданудан шет қалмауымыз керек, жақсы жаңалықтар мен пайдалы ғылым жетістіктерін қабылдауымыз құптарлық құбылыс. Бірақ, соның бәрін екшелеп, бізге сай келе ме, жоқ па деп електен өткізу жоқ бізде. Жоғарыдан айтылса болды, төмендегі атқамінерлер атойлап шыға келеді. Тіпті берілген бағдарламаны, тапсырманы өздері де толық түсінбей жатып іске кіріседі. Мысалы, Елбасы үш тілділікті меңгеру керек дегенде бірінші сыныптан бастаңдар деді ме? Жоқ. Оны екі жылда бір басшысы ауысатын Білім және ғылым министрлігіндегі «білгіштер» былықтырып отыр. Жалпы осы сала босқа сынға ұшырап жүрген жоқ. Шетелден бірдеңе көрсе соны кіргізіп, көзге көрініп қалуға тырысатын шенеуніктер отандық білім мен ғылымға жаны шын ашиды деп айта алмаймын. Баяғы сол қызметі мен қарабасының қамы ойлайтындары. Олар дамыған шетелден оқып келген білімдар болса да, «Тәрбиесіз білім мың мәрте нәубет әкеледі» деп ғұлама бабамыз Әл-Фараби айтқандай халыққа пайдасынан бұрын зиянын тигізіп жатыр. Он жерден Еуропа озық болсын, біз өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып, ұлттық құндылықтарымызды алдыңғы қатарға қойғанымыз жөн. Алдымен біз өзіміздің түп-тамырымыздан нәр алуымыз керек.
– Түп-тамыр дегеннен шығады, біз тарихымызды таразылауда да озып кете қоймаған секілдіміз. Қазақ жерінде мемлекеттілік болмаған деген саясаткерлердің сандырағы да содан шыққан болар?
– Иә, осы тектес сиымсыз сөздер арандатушылар тарапынан айтылып қалып жүр. Алпауыт мемлекетті басқарып отырған Путиннің аузынан мұндай сауатсыз сөз шықпау керек еді. Жалпы орыстар империялық пиғылдарын қашан да көрсетіп келген. Қоластындағы ұлттардың тарихын бұрмалап, жоққа шығарумен болғанын да білеміз. Біз тәуелсіз елміз, біздің тереңге кеткен түпсіз тарихымыз бар. Ол әлі де тыңғылықты зерттелу керек. Биыл қазақ хандығының 550 жылдығын тойламақпыз. Алып территорияны қорғап, миллиондаған халықты басқарған хандықты мемлекет емес деп кім айтты? Одан қалды, бұл тарихымыздың бергі жағы ғана. Ал, жаңағыдай жаңсақ пікір айтатындар қазақ халқының өткені мен бүгінгісін көре алмайтындар мен жарқын болашағын көргісі келмейтіндердің жаласы, саяси сандырағы. Айтыңыздаршы қай алпауыт мемлекеттің бізге емешегі үзіліп, жаны күйзеліп отыр? Бәрінің де көздеген өз мүддесі бар, біздің бай жерімізден пайда көруді ойлайды. Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды. Сондықтан біз сауатты саясат жүргізіп, дәулетімізді асырып, Тәуелсіздігімізге болаттай берік болуымыз керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Зейнолла АБАЖАН