Полицейлер тұрғындарға малына GPS тағып қоюға кеңес берді

Шығыс Қазақстан облысында барымташылар қолға түсті. Елуден асқан екі азамат жайылымдағы жылқылар мен ірі қараны айдап әкетіп отырған деп хабарлайды КТК арнасы.

ШҚО-да полицейлер тұрғындарға малына GPS тағып қоюға кеңес берді Ал қолды болған малды бірден Қарағанды облысындағы сыбайласына өткізіп келіпті. Олар аз уақыт ішінде 20-дан аса сиырмен жылқыдан 5 млн теңге пайда тапқан. Қазір олар қамауға алынып, іс тергелуде. Ал полицейлер мал иелеріне ерекше кеңес беріп отыр. Себебі жоғалған сиыр-жылқылар көбіне еркін жайылымда жүреді. Сондықтан малға GPS -навигатор тағып, үйден шықпай-ақ төрт түлігін бақылап отырса болады дейді тәртіп сақшылары. "Шаруалардың көбі бақташы ұстамайды. Солай үнемдегісі келеді. Ал GPS-ті қолдану арзан болмаса да, тиімділігі жоғары. Малының нақты қай жерде жүргенін біліп отырады", - дейді Семей қалалық ІІБ жедел уәкілі Асхат Тықанов. Сондай-ақ полицейлер егер сақтық шараларын танытпаса, барымташылық тыйылмайтынын атап өтті.

Источник: КТК