БАС БАНКИР ТАҒЫ ДА БАСУ АЙТТЫ

kelimbetov Бас банкирдің айтуынша биыл теңге жыл бойы тұрақты болады. Қаржы саласына бірден тұтастай бір жылға болжам жасаған Қайрат Келімбетов өзіне де, сөзіне де сенімді. Әлемдегі экономикалық жағдайдың шиеленісуіне қарамастан Ұлттық банктің мәліметтері оптимизмге толы. Ол Ұлттық қорға жиналған 100 миллиард долларға сеніп отырған сияқты. Яғни теңге бағамын тұрақты ұстап тұруға бұл қаржы жеткілікті екен. Ал дүниежүзілік дағдарыстың қанша жылға созылатынын ол біле ме екен? Келімбетов негізсіз таратылған өсекке сене бермей, тыныш ұйықтаған жөн деп кеңес беріп отыр. «Аузыңа – май, астыңа – тай» дейін десек, былтыр оңбай күйген ауыз жібермейді. – 2015 жылы теңге бағамының өзгеруіне жол бермейміз. Бірақ, ұлттық валютаның жағдайы Ресей рублінен гөрі, мұнай бағасына байланысты. Десек те, қара алтын құны қатты түскеннің өзінде де, кез келген тосын жәйтке әзірміз. Барлығын есептеп қойдық, – деді былтыр дәп осындай есептен «екі» деген баға алған бас банкир.   Зейнолла АБАЖАН