Жазушы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: Қазақы қалпымыздан айнып бара жатқанымыз алаңдатады

1 – Өзіңіз білетіндей, қойдан қоңыр қазақтың кеңдігі, кешірім­ділігі басқа жұртқа баяғыдан мәлім. «Қағынан жеріген қазақ­тар-ақ түбімізге жететін шығар» деп ашынуыңызға не себеп болды? – Қазақы қалыбымыздан жеріп, ар-ұятын долларға айырбастап жіберген дәлдүріштер бар. Ашық та құпия миллионер, миллиардер болып жатқандар. Маңдай терімен емес, алпауыт әке-көкелерінің «әләуләйімен» байығандар. Олардың көкейіндегі «ұран» – «мен!.. менікі!.. маған!.. өзім!.. өзімдікі!.. өзіме!..». Қазаққа қайырым жасауды ұмытқан. Шетелшіл. Онда пәленбай миллион долларға сатып алған виллалары, сарайлары бар екені тәуелсіз газеттерде нақты дәлелмен жазылды да. Қайырымсыздық дегенде, мысалы, халықаралық ресми тізімдегі: Б.Өтемұратов, Б.Бәйсейітов, Н.Сұбханбердин, Н.Смағұловтар көз алдарында пәленбай жыл бойы үйсіз-күйсіз арып-ашып жүрген, немесе ауыр сырқатынан арылу үшін шетелдік айтулы дәрігерлерге барып емделуге ақша таба алмай, жұртшылықтан баспасөз арқылы көмек сұрауға мәжбүр болған қазақтардың қайсысына олар қол ұшын берді? Өйтіп шарапатын тигізгенін естіген емеспін. Бұлардың, айталық, әрқайсысы миллиардтаған долларының 1 миллион долларына қалада немесе ауылда тұрғын үйлер салдырып берсе, қаншама адамның өзінен де, ұрпағынан да алғыс алар еді?!. Ресми дерек бүгінде біздің мыңға жуық ауыл ауызсусыз отырғанын, жүздеген ауылда электр тапшылығын айтады. Миллиардерлердің одан хабар-ошары жоқ емес, бірақ бұлар және бұларға ілескен байшыкештер өздерінің ежелгі түп-тамырынан – ауылдан жеріп кетті. Сондай-ақ, қазағының әсем әнін, әдемі биін, құдіретті күйін батыстық айқайға, даңғаза дабылға, арсыл-күрсілге айырбастап, домбырасын, немесе гитарасын сабалап бажылдайтын, қиралаңдайтын, секектейтін қазақ жігіттері мен қыздары көбейіп барады десем, «эстрада жұлдызы» деген арзан атағы бар қыз-келіншектердің көбі бет-ауызын баттастыра бояп, шашын жайып, омырауын ашып тастап тасыраңдағандарында: «Е, байғұстардың қанында қазақы түйіршіктер қалмаған екен-ау?!» деп еріксіз налимын. Оның үстіне электрлі сан-сапалақ көрініссымақ сайтан ойындай албастылана ауысып тұратын сахна жақтан таңқылдап тарайтын даңғаза «музыка» залда отырғандардың зықысын шығарады. Медицина соңғы жылдары құлағы шала еститін, жүрек соғуы жиілейтін (аритмия) мазасыздыққа ұшыраған жасөспірімдердің көбеюі сондай «концерттерге» барғыштаудың кесірі екенін ескертуде. Міне, қағынан жерігендерді өнер әлемімізде тойтаңдатып қоюдың рухани «пайдасы»! Мен сахнамыз бен көгілдір экранымызды ұлттық өнерден түйсігі жоқ сазгерсымақтардың, әншісымақ-би­шісымақтардың, ақынсымақтардың жайлауына айналдыруға болмайды, оларды сұрыптайтын арнаулы ресми алқалы топ (комиссия) құрылуы керек деген ұсыныс айтып, бұдан бір жарым ай бұрын Мәдениет министрлігіне хат жаздым. Әзірше жауап жоқ. – Кеңес үкіметінің тұсында қазақ сатирасы нағыз сынның садағы еді. Ел егемендігін алғаннан кейін сатирамыз дамудың орнына керісінше құлдырап кеткендей... Сонда бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өткір сын жазылмай жүр ме, жоқ әлде оған құлақ асар билік жоқ па? – Иә, кеңес дәуірінде «Сын түзелмей, мін түзелмейді!» деген жақсы қағида болды және ол сөз жүзінде қалмады, қоғамға пайдасы тиді. Ал сынның ауыр жүгін сатира, оның фельетон саласы арқалады. Журналшылық жолымды бастаған «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар», Шығыс Қазақстан облысы) газетінің «Алтай арасы» атты сатира бұрышы болды. Оның аямай шағуы – нақты дерек бойынша уытты тілмен жазылған фельетоны қандай дөйді болсын сілейтетін, сұлататын. «Ара» журналы бар еді. Жазушылар одағының құзырындағы Әдеби қордың директоры болып жүргенімде, 1983-жылғы мамыр айында, партияның Орталық комитеті шақырып алып, «партияның солдаты» екенімді қатаң ескертіп, сатиралық «Ара-Шмель» журналының Бас редакторы қызметіне жіберді. Партияның «сенімін» ақтауға кірістім. Штатты «тісі жоқ жазғыштардан» тазартып, қазақ жағына: Қажытай Ілиясов, Тоқтархан Шәріпжанов, Көпен Әмірбеков, Марат Нұрқалиев, ал орыс жағына: Станислав Малоземов, Владислав Карака, Валерий Поляков сияқты азулыларды жинап алып, фельетон «базарын» қыздырдық. Омақасқан арамзалар партияның Орталық комитетіне хат жазып: «Жазықсызбын! Арашалаңыз!» деп безектеді. Ондайда біз мақаламызды өзіміз сүйенген құжаттармен бірге: «кейіпкерлеріміз» есепте тұрған жергілікті партия, комсомол ұйымдарына, егер олар қиқаңдай бастаса не «Халықтық бақылау», не «Партиялық бақылау» комитеттеріне не «Партиялық комиссияға» жіберетінбіз. Дерегіміз бұлтартпас дәлелді болған соң, олар бізді қолдайтын. Сондай жағдайда сатира, сатириктер беделді болды. Қазір ше? «Тәуелсіздік» тәтті сөз ғой, бірақ бізде тәуелсіздік мына аталған комитеттер мен комиссияларды келмеске кетірді де, бар билікті әкімдерге берді. Бүгінде барлық мәселені іс жүзінде әкімдер шешеді. Олардың сын атаулыны дұрыс қабылдағанын естіген де, көрген де емеспін, керісінше, сынның да, сыншының да үнін өшіруге дайын отырады. Сын мақалалары сатирамен көмкерілетін тәуелсіз газет-журналдың басына үйірілген қара бұлт қоюланып, зорайып бара жатыр емес пе? Ең соңғы мысал «Адам бол» журналының сотпен жабылып, «Аңыз адам» журналының сотты болып жатқанына тоғыз ай болғаны ғой? Осындай жағдайға ұшырап, жұмыстан қуылып, соттала бастаған соң фельетоншылар бір өзі би-қожа әкімдерге көз алартудан еріксіз тиылды, сатира «зейнетке шығуға» мәжбүр болды. Биліктің тарысын тосқыш газет-журналдар деректі сатирадан ғана емес, емеурінді сықақ өлең-әңгімеден де шошиды: – «Б» дегені Бәкең ғой, «Т» дегені Тәкең ғой?! - деп безінеді. Бұдан: «Бүгін сатира жоқ» деген тұжырым жасауға болмайды. Сатиралық өлең-әңгіме жинақтар жыл сайын жеке кітап болып шығып жатыр. Ал Оспанхан Әубәкіровтің шәкірті Мұхтар Шерімнің 4 томдығы күлкіні құрметтейтін көпшілікке тарту етілді! Кейбір газеттерде әзіл-сықақ бұрыштары, беттері бар. Апта сайын шығып тұрады. Өкініштісі, оларда деректі сатиралық дүние жоқтың қасы. – Қалай ойлайсыз аға, бүгінгі «Ара» бұрынғыдай шаға алып жүр ме? – Экономикалық қиыншы­лық­пен жабылған «Ара» журналын қайтадан ашудың өзі оңайға соққан жоқ. 2001 жылы Иманғали Тасмағамбетов Вице-премьер болып тұрған кезiнде «Ара» журналын қайта ашу мәселесін қозғап хат жолдадым. Содан көп ұзамай, сол кездегi Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтен хат келдi. Яғни, осы тұста Иманғали Тасмағамбетовтің бүгінгі «Ара» журналының қайта ашылуына мұрындық болғанын айта кеткенім жөн. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының көмегіне сүйенуге тиіс болған «Ара» әзірше «Айқын» газетінің апталық қосымшасы ретінде айына екі мәрте шығып жүргенін білесің. Көп ұзамай жеке отау тігуі мүмкін. Дегенмен, бірнеше министрді креслосынан ұшырып түсірген, басқа да талай «мықтыны» бұғалықтаған баяғы «Ара» қайтып оралмайды. Негізгі бұқаралық ақпарат құралдарымыз биліктің жалбақай жаршысы болып, қолына құлшына су құйып, ертең түшкіреріне «жәрәкімалланы» бүгін айтып, сыпыра мақтауды мал­данып, жағымпаздықтың туын желбіретіп жүргенде ендігі «Ара» өз төтесінен өзгеше жол таба алмас. – Аға, осы Олжас (Сүлей­менов) аға­мыздың Семей полигоны, еліміздің Тәуел­сіздігі мен мемлекеттік тілі, 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы, т.б. мәсе­лелерге қатысты пікірлеріне қалай қарайсыз? – Мен Олжаспен дос та, жүз көріспес қас та емеспін. Жазушылар одағының құзырында қызметтес болдық. Былтыр одақтың және «Қазақ әдебиеті» газетінің 80 жылдығы атап өтілді ғой, мен Алматыдан тыс жерде жүрдім де, қатыса алмадым. Сонда Олжас, естуімше, одақта отыз жыл істегенін айтыпты, онысы бекер. Меніңше, он жеті жыл. Әнуар Әлімжанов 1971-жылы одағымыздың 1-хатшысы болып келісімен штатты кеңейтіп: «Жас әдебиетшілермен жұмыс жөніндегі хатшы» деп, «Шет елдер әдебиетімен байланыс жөніндегі хатшы» деп екі орын қостырып, соңғысына Олжасты шақырып алған-ды. Қазекемнің: «Ерікті ауызға бөрікті бас сыяды» дегені осыларға қарата айтылғандай. Осы жақында ғана ол: «Толық тәуелсіздік – Қазақстанға қатер» депті. «Сөз-ақ»! Оның алдында қазақ айларының «мамыр», «желтоқсан» аттарын ұнатпай тулады. Сонысын естігенде: «Мұның баяғыда президент болмақ ойы іске аспай қалғаны, бір есептен, дұрыс екен-ау! Егер бола қалса ғой, ең әуелі қазақтың: жыл, ай, апта аттарын өзгертемін деп қиғылық салады екен, құдайдың сақтағаны-ай!» деп күлдім. Мемлекеттік тіл десек, бұл атақты ақын ағаң әлі күнге «орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру керегімен» жүр. Алматы қаласы әкімдігінің іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу жөніндегі шешіміне бірінші болып қарсы шыққаны, «Алматыны» қайтадан «Алма-Ата» деуді қолдағаны есіңде шығар. Ал 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысы, кейін өзі де, жандайшаптары да айтып жүргендей, «Уа, бәрекелді!» емес. Сұрапыл екі күннің біріншісінде сол кезде партияның Орталық комитетінде Мәдениет секторын басқарған жазушы Софы Сматаевтың кабинетінде тырп етпей отырған, жастардың алдына шығып сөйлеуіне мүмкіндік беруді табандап талап етпеген. Ол дерек Софының бертінде «Жас алаш» газетінде шыққан мақаласында бар. Ақынның одан кейінгі күндері жасаған «ерліктерінің» бірін «Трибуна» газетінің былтырғы бір санындағы «Исповедь декабристки» деген материалдан кездейсоқ білдім. Семей полигонын жабуды М.Горбачевке ресми жеделхат жазумен алғаш талап еткен адам Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаев болғанын жазғаныма ақынымыз қатты шамдана қарсы шығып: «Иә, ол партия комитетінің бірінші хатшысы болды, алайда ешкім оның полигонға қарсы күрестің алдыңғы сапында болғанын көрген жоқ!» деп, марқұм Кешекеңнің аруағынан аттап кетті. Мұсылманға жат сол астамшылдығын, басқа да ағаттықтарын айтқаныма ақын шіркініміз: «Менің баяндамаларымда аты аталмағанына қитығып жүрген болар» дегені ғой. Ол Жазушылар одағын басқарған жылдары, менің сықақ әңгімелерімді оқи алмағаны былай тұрсын, қазақша сөйлей де алмайтын. Маған таққан «кінәсін» марқұм Лев Гумилевке таққаны да бар. «Тарихқа ақынның көзімен қарау» бос әурешілік екенін ескерткен ғұлама жиеніміз (оның шешесі Анна Ахматова – түрік қызы) атышулы «АЗ и Я» кітабының әдеби-ғылыми салмағы тым жеңіл екенін айтқан. Соны, сірә, алдыңғы жылы ғой деймін, дос-жолдастарының бірі есіне салғанда Олжас: «Мен оны сол кітабымда атаған ғалымдар­мен қатар атамаған соң ренжіге­ні де» депті. Түрік тарихының бірегей шежірешісі Лев Гумилев олжастардың пікіріне зәру болған емес. Енді ақынның «адвокаттарына» келсек, оларды екі топқа бөлуге болар. Бірінші топтағылар – «Невада-Семей» акционерлік қоғамы Қорының Семей полигонынан зардап шеккендерге береміз деп жинап алып, бі­рақ семейліктерге бір тиын да бұйыртпай, Шодиев, Машкевич, Ибрагимов, тағы басқасы бар, бәрі өзара бөліске салған мил­лиардтаған доллардан «шотан» алғандар. Екінші топтағылар – Лев Гумилев: «Сколько страниц – столько ляпсусов» деп тұжыр­ған «АЗ и Я-ны» қасиетті, киелі кітап деп құшақтап жүрген мылқаулар. Меніңше, жалпы сол жантықтарға көңіл бөлудің керегі жоқ. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан, Гүлмира САДЫҚ